Accessibility links

Изоляторда аштық жариялаған белсенді Закирова өзін карцерге жапқанына шағымданды


Белсенді Санавар Закирова.
Белсенді Санавар Закирова.

Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отырған белсенді Санавар Закирова заңсыз жазаға тартылғанын айтып, прокуратурадан өзін ақтауды сұрады. 17 қыркүйекте тергеу изоляторының әкімшілігі оны "камерада бірге отырған үш әйелді ұрып-соқты" (тергеу изоляторының версиясы) деп айыптап, бес күнге карцерге қамаған болатын. Белсендінің прокуратураға өтініш түсіргенін Азаттыққа қызы әрі қоғамдық қорғаушысы Малика Закирова хабарлады.

"Тергеу изоляторын қадағалайтын прокурор Д.Сәлімовке арналған өтініште анам оған 15 қыркүйекте болған оқиғаның куәгері ретінде К.П. есімді тұтқыннан жауап алғанын және өзіне жасалған шабуыл жөнінде бар шындықты білетінін еске салады" дейді Малика Закирова.

Оның сөзіне қарағанда әзірге прокурор "Санавар Закированы реабилитациялау және кінәлілерді жауапқа тарту бойынша шара қолданбаған".

— Анам прокурордан өзін ақтау процесін жеделтуді сұрап отыр, себебі аштықты жалғастырып жатқандықтан оның денсаулығы нашарлаған, – деді Малика Закирова.

Ол Азаттық тілшісіне 25 қыркүйекте Санавар Закированың жазған өтінішінің көшірмесін де көрсетті.

Азаттық тілшісі прокуратураға хабарласқанмен жауап ала алмады. Алайда тергеу изолятор қызметкерлері изоляторға прокурор келіп, Закировамен кездескенін хабарлады.

22 қыркүйекте карцерден шыққан Санавар Закирова бірден бірадамдық камераға қамалған болатын. Бұған дейін өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан белсенді түрме әкімшілігінен өзін бірадамдық камераға қамауды сұраған. Бірақ ол 17 қыркүйекте бастаған аштық акциясын тоқтатпайтынын мәлімдеген. Ол өзін заңсыз карцерге қамағаны үшін қарсылық ретінде аштық жариялаған. Малика Закированың сөзіне қарағанда анасы өзіне тап берген үш әйелге тойтарыс берген.

Бұған дейін адвокат Жанар Балғабаева Азаттыққа осы жанжалға байланысты Санавар Закированың үстінен қылмыстық іс қозғау талпынысы болғанын айтқан еді. Алғашында ол істе үш жәбірленуші болған. Алайда кейінірек Балғабаеваның сөзінше, қылмыстық іс әкімшілік іске ауысып, онда тек бір ғана "жәбірленуші" қалған. Қалған екеуі куәгер ретінде өткен. Балғабаеваның сөзінше, Закирова бұл әкімшілік іс бойынша жауапкер ретінде танылған.

15 шілдеде сот Закированы биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматтың 39 жастағы қызы Д.Ш.-ның "денсаулығына орта дәрежеде қасақана зиян келтірді" (Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-бөлімі, 7-тармағы) деп тауып, оны 12 айға бас бостандығынан айырған еді. Айыптауға негіз болған оқиға 8 тамызда Т.Ш.-ның үйінің маңында болған. Сол оқиғадан соң екі жақ "дене жарақатын салды" деп бір-бірін айыптаған.​

Санавар Закированың апелляциялық шағымы алдағы күндері Алматы қалалық сотында қаралуы тиіс.

Жақтастары Санавар Закированы саяси себеппен қудалап жатыр және бұған былтырғы сот ісінің қатысы бар деп санайды. Былтыр шыққан сот шешім бойынша, Закирова мен оның жақтастары "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне өтемақы төлеуге міндеттелген. Ал өзге тарап мұны жоққа шығарады.

Осы айдың басында қазақстандық құқық қорғаушылар Санавар Закированы "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG