28 қыркүйекте Қазақстанда 58 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 69 адам жазылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында 21 науқас тіркелген. Нұр-Сұлтанда -– 6, Алматыда 5 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында бірде-бір науқас тіркелмеген.
Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар 107 833 адамға жетті. Басым бөлігі жазылған. Наурыз айынан бері 1725 адам қайтыс болған.
Бұл статистикаға коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. 1 тамыздан бері елде 32 490 адам коронавирус пневмониясымен ауырған. 350 адам қайтыс болған. Екі көрсеткішті қосқанда коронавируспен ауырғандар саны 140 323 адамға жетеді, 2075-і қайтыс болған. Бұған қоса, коронавирус табылған "ілеспе аурудан" қайтыс болған жүздеген адам өлімі де ресми статистикаға қосылмаған. Кейбір мамандар ресми мәліметке күмән келтіреді.
Оқи отырыңыз: "Қабірді экскаватормен қазып көмектестік". Елде маусым-шілдеде жерленгендер көбейген
ПІКІРЛЕР