Accessibility links

"Ешкім куәгер болғысы келмейді". Трансгендер Джамшуд Хатамжоновтың өлімі


Белсенділердің айтуынша, трансгендерлер Ресейде әлеуметтік тұрғыдан ең аз қорғалған топқа жатады. Көрнекі сурет.
Белсенділердің айтуынша, трансгендерлер Ресейде әлеуметтік тұрғыдан ең аз қорғалған топқа жатады. Көрнекі сурет.

Санкт-Петербургте Өзбекстаннан келген секс қызмет көрсетуші трансгендерді қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген ер адам тұтқындалды. Басы кесілген, денесі бөлшектелген мәйіт маусым айында табылған еді. Белсенділер Орталық Азиядағы қысымнан қашып Ресейге келген трансгендерлердің өмірі қауіпті-қатерге толы екенін айтады.

Маусымда Санкт-Петербургке жақын жердегі Мга өзенінің ағысы баяу аумағында шомылып жүрген жоғары сынып оқушысы басы жоқ, бөлшектенген адам денесін тауып алған. Полиция құрбанның аты-жөнін кеудеге салынатын ирландиялық имплантаттың сериялық номеріне қарап анықтаған.

Театр продюсері Юрий Яновский трансгендерді өлтіру ісі бойынша күдікті ретінде тұтқындалған. Ол Хатамжоновтың соңғы клиенті болған.
Театр продюсері Юрий Яновский трансгендерді өлтіру ісі бойынша күдікті ретінде тұтқындалған. Ол Хатамжоновтың соңғы клиенті болған.

Марқұм Өзбекстаннан келген 23 жастағы секс қызмет көрсетуші трансгендер Джамшуд Хатамжонов болып шыққан. Өзін Тамара деп атайтын трансгендер бес ай бұрын, 13 қаңтарға қараған түні Санкт-Петербургте жоғалып кеткен.

Өткен аптада сот трансгендерді өлтіру ісі бойынша күдікті деп танылған 53 жастағы актер және театр продюсері Юрий Яновскийді тұтқындады. Тергеушілердің пікірінше, Яновский Хатамжоновтың соңғы клиенті болған және ол трансгендерді Санкт-Петербургтегі қонақ үйде пышақ пен араны пайдаланып өлтірген.

РЕСЕЙДЕ БАСҚА ЕЛДЕН КЕЛГЕН ТРАНСГЕНДЕРЛЕР ГОМОФОБИЯ МЕН КСЕНОФОБИЯНЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛАДЫ

Белсенділердің айтуынша, жергілікті ақпарат құралдары назардан тыс қалдырған бұл оқиға елдегі трансгендерлердің, әсіресе өз еліндегі қудалаудан қашып, Ресейді паналаған азаматтардың қандай қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқанын анық көрсетеді.

— Марқұм трансгендер коммерциялық секстің көмегімен күнелтіп жүрген адам болған. Бұл – жақын шетелден, әсіресе Орталық Азиядан келген трансгендерлер арасында жиі кездесетін оқиға. Өзбекстанда трансгендер адамдардың құжатын ауыстыру процедурасы жоқ, — деді Санкт-Петербургтегі "Выход" ЛГБТ-тобының трансгендер адамдарды қолдау жөніндегі жетекшісі Джонни Джибладзе.

Көп трансгендер туған жерінде гомофобияға, "масқара болдық" деп ашуланған туыстарының ауыр сөзі мен зорлығына тап болады.

— Кейде оның құпиясы қоғамға жария болса, туыстары оны өлтіріп кетуі де мүмкін, — дейді Джибладзе.

Бірақ Ресейде өзге елден келген трансгендерлер көбіне гомофобияның ғана емес, ксенофобияның да құрбанына айналады.

— [Ресейдің көші-қон заңнамасына сәйкес] олар 90 күн сайын үйлеріне қайтуы керек. Бірақ біріншіден, бұған ақша керек, екіншіден, олар шекарада кеден қызметкерлерінен қорлық көруі мүмкін... Ер адамның төлқұжатын алған әйелдер екі бап бойынша, яғни көші-қон заңнамасын бұзғаны және жыныстық қызмет көрсеткені үшін қудалауға ұшырайды. Өзбекстанға депортацияланса, бес жылға дейін Ресейге қайта кіре алмайды, — дейді Джибладзе.

Ресейдегі трансгендерлердің көбі өздеріне қарсы жасалған қылмыс туралы полицияға хабар беруге қорқатынын айтады.
Ресейдегі трансгендерлердің көбі өздеріне қарсы жасалған қылмыс туралы полицияға хабар беруге қорқатынын айтады.

Бұл трансгендер адамдардың өміріне қауіп төнген кезде де полицияға барғысы келмейтінін білдіреді.

— Олар үшін мемлекет — ессіз клиенттен де үлкен қауіп… Біз кісі қолынан қаза болған трансгендердің таныстарын, бірге тұрған, мүмкін бірге жұмыс істеген адамдарын білеміз… Қазір оның ешбір танысы сотта куәгер болуы былай тұрсын, аты-жөнін атап, марқұмды танитынын айтуға да дайын емес, — дейді Джибладзе.

— Марқұм трансгендер мен клиенттің арасында не болғанын ешкім білмейді. Бірақ маңыздысы, ол трансгендерге қоқан-лоқы көрсеткен күннің өзінде, оның полицияға баруға мүмкіндігі болмаған. Өйткені ол агрессивті клиентке қарағанда, полициядан көбірек қорыққан, — дейді Джибладзе.

ТРАНСГЕНДЕРЛЕР ПОЛИЦИЯҒА АРЫЗДАНБАЙДЫ

"Выход" тобының Санкт-Петербургтегі ЛГБТ-қауымдастықтың жағдайы туралы 2019 жылғы баяндамасында сауалнамаға қатысқан 342 адамның көбі өздерінің басынан өткен дискриминация фактілері туралы полицияға хабарламағанын айтқан. Респонденттердің 54 пайызы полиция жұмысының тиімділігіне сенбейтінін, 37 пайызы әртүрлі себеп бойынша полициямен байланысқысы келмейтінін, 18 пайызы полициямен сексуалды ориентациясы мен трансгендерлігін талқылауды қаламайтынын, 9 пайызы құқық бұзушы оның полицияға барғанын білсе, жағдай ушығып кетуі мүмкін деп қауіптенетінін айтқан.

Психолог Дмитрий Исаевтың айтуынша, секс қызмет көрсетуші трансгендерлер клиенттердің ашу-ызасына жиі қалады. Клиенттер трансгендермен араласқанына кейде намыстанады.

— [Клиентке] бұл ұнамайды, қабылдай алмайды. Өзі ынтызар болған адамның көзін жою арқылы негативті ойларын да жояды. Мұны "транспаника" деп атайды. Мұндай механизм трансгендерлерді агрессия нысанына айналдырады. Ресейде қанша трансгендер қайтыс болатынын білмейміз. Жылына екі-үш жағдай ғана тіркеледі. Мұндай қылмыстардың әлдеқайда көп болатыны белгілі, тек олар адамдардың ұлты мен сексуалды ориентациясы көрсетілмейтін кісі өлтірудің жалпы статистикасына кіріп кетеді, — дейді ол.

ТРАНСГЕНДЕРЛЕРГЕ ЛГБТ-ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ІШІНДЕ ДЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙТЫНДАР КӨП

— Көп трансгендер секс қызметке барады, өйткені басқа жұмыс табу қиын. Ал бұл сала қауіп пен зорлыққа толы, бұған трансфобия мотивін қосыңыз. Өзім транспаника мен одан туған агрессияға куә болғанмын, — дейді Санкт-Петербургтегі трансгендер Екатерина Мессорош.

Гетеросексуалдар мен ЛГБТ теңдігі үшін альянсының жетекшісі Алексей Сергеев трансгендер адамдарға ЛГБТ-қауымдастық ішінде де қырын қарайтындар көп екенін айтады.

— Жақында Қырғызстаннан келген адаммен кездестім. Өзі гей, бірақ трансгендерлерді қабылдамайды. "Оларды өз қолыммен өлтіруге берер едім" дейді. Ер адам ретінде осылай тәрбиеленген. Сондықтан трансфобия ЛГБТ-қауымдастық ішінде де кең тараған, — дейді Сергеев.

Белсенді Джибладзенің пікірінше, трансгендерлер, әсіресе құжатын ауыстыруға мүмкіндігі болмаған азаматтар, Ресейдегі әлеуметтік тұрғыдан ең аз қорғалған топқа жатады.

— Олар жылдар бойы ресми қызметке орналаса алмайды. Өйткені олардың түрі төлқұжатына сәйкес келмейді. Сондықтан оларға коммерциялық секс сияқты қауіпті салаға барудан басқа ештеңе қалмайды, — дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG