Accessibility links

"Толеранттықтан" гөрі "адамгершілікті" ұнатамын


Виктория Райдың иллюстрациясы. Жеке мұрағаттан алынған.
Виктория Райдың иллюстрациясы. Жеке мұрағаттан алынған.

Қарашаның 20-сы – кісі қолынан қаза тапқан трансгендер адамдарды еске алу күні. Бұл күні трансфобия салдарынан опат болғандарды еске түсіреді. Бұл күннің халықаралық деңгейде аталып өтуіне трансгендер әйел Гвендолин Анн Смит мұрындық болған. Ол 1998 жылы Массачусетстегі пәтерінде өлтірілген музыкант әрі трансгендер әйел Рита Хестерді тарихта қалдырғысы келген.

Атаулы күн ресми түрде бекітілмеген, бірақ әлемдегі ЛГБТ қауымдастық үшін мәні зор. Қазақстандық трансгендерлер бастамасының өкілі Виктория Рай сұхбатымызды қарашаның 16-сы - Толеранттық күні емес, дәл осы күнге арнап шығаруымызды ұсынды.

Азаттық: "Толеранттық" сөзін неліктен ұнатпайсыз?

Виктория Рай: Толеранттық – шыдау, төзу дегенді білдіреді. Яғни, саған әлдене ұнамайды, бірақ оған шыдайсың. Оған қарағанда түсінісу, адамгершілік сөздерін ұнатамын. Адамдар әртүрлі ғой. Кейбірі тіпті бізді өлтіру керек деп есептейді. Оларға ренішім жоқ, себебі бұл олардың өз пікірі емес. Оларға басқа біреу пікірлерін таңған. Мысалы, ақпарат құралдары "хайп" үшін трансгендерлермен сұхбат жасайды. Біздің қатардағы адам екенімізді көрсететін мақалалар өте сирек. Сондықтан да "толерантты, шыдамды болу" деген сөздерді жақтырмаймын. Адамгершілік пен түсінсем деген ниет жеткілікті.

Азаттық: Жақсы, енді осы мәселелерді талдап көрсек. Терминологиядан бастайық. "Трансгендерлік" деген не?

Виктория Рай: Бұл гендерлік сәйкестіктің болмауы – туған кезде тіркеген өз жынысыңды сезінбеу. Бұл сөздің көп мағынасы бар. Бірақ қоғам арасында СХК-9, СХК-10 (СХК — Сырқаттың халықаралық классификациясы, нормативтік құжат. — Ред.) арқылы қалыптасқан ескі түсінік бар, онда "транссексуализм" терминін психикалық ауытқушылық категориясына жатқызады.

Шілде айында қабылданған СХК-11-де "гендерлік сәйкестіктен ауытқу", "транссексуализм" деген сөздер мүлдем жоқ. Енді жыныс саулығы бөлімінде "гендерлік сәйкессіздік" деген сөз қолданылады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДСҰ) мүше елдерде трансгендерлердің медициналық сақтандыру көмегімен арнайы көмек алуы үшін жасалған.

Бізде жағдайдың қашан өзгеретінін білмеймін. Бірақ 2028 жылға дейін жағдай өзгеруі тиіс (ДСҰ-ға мүше елдер СХК-ның әрбір жаңа редакциясын ратификациялап, соған сай өз процедураларын бейімдеуі керек. СХК-11 құжатын 2027 жылы ратификациялауы тиіс – ред.).

Азаттық: Яғни, қазір Қазақстанда трансгендерлікке "психикалық ауру" деп қарай ма?

Виктория Рай: Иә. Одан "айығу мүмкін емес" деп "ауруханаға барудың қажеті жоқ" деп те санайды. Анықтама алған соң өмір бойы қосымша құжат алу қажет емес дейді. Қазір Республикалық психикалық денсаулық орталығында трансгендерлер бойынша комиссия жұмыс істейді, олар диагноз қойып тексереді. Хирургиялық коррекция жасауға рұқсат береді, құжаттарды ауыстыру үшін де сондай диагноз керек.

Азаттық: Трансгендерліктің соңы үнемі жынысты ауыстыруға ұласа ма?

Виктория Рай: "Жынысты ауыстыру" деген сөздің өзі қате. "Жынысты ауыстыру" деп ер жынысты әйел жынысына ауыстыру немесе керісінше әйел жынысын ер жынысына ауыстыру деп түсінуге болады. Ол мүмкін емес, себебі биологиялық жыныстың өзіне тән өзгермейтін сипаттары болады. Мысалы, жыныстық хромосомалар.

Сондықтан мұндай кезде "хирургиялық түзету енгізу" деп айту жөн. Трансгендерлердің бәрі тұтас түзету енгізгісі келеді деу де қате. Біреуге гормоналды терапия жеткілікті, ал енді біреуге маммопластика немесе мастэктомия керек. Ал біреуге ешқандай хирургиялық операция қажет емес.

Трансгендер қауымдастықтарының символы
Трансгендер қауымдастықтарының символы

"Сорос" қорының курсы аясында ("Сорос-Қазақстан" қорының "Құқық қорғаушылардың жаңа буыны" жобасы – ред.) шағын зерттеу жүргізіп көрдім. Зерттеу нәтижесінде гениталды хирургиялық операцияларды трансгендерлердің тек 10 пайызы жоспарлағаны анықталды. Қалғандары гендер бойынша құжаттарын рәсімдеуді ғана көздейді.

Бірақ бұл Қазақстандағы ең үлкен әрі негізгі мәселе. Мемлекет бізге таңдау құқығын қалдырмайды. Заң трангендерлерді гениталды хирургиялық операция жасауға мәжбүрлейді, оның арасында стерилдеу де бар, сонда ғана құжаттарын ауыстыра алады.

Азаттық: Қай заңды айтып отырсыз?

Виктория Рай: "Отбасы және неке туралы" кодексі. 2011 жылы оған өзгеріс енгізілді. Азаматтық тіркеу актісінде аты-жөнін өзгертуге негіз болатын жайттар тізімі келтірілген. Сонда енді міндетті түрде "жынысты хирургиялық жолмен өзгерту" туралы айтылған. Бұған дейін бұл процедура ТМД елдері арасындағы ең жақсысы еді. Трансгендерлер куәландырудан өтіп, "транссексуализм" диагнозын алып, құжатын ауыстыруға бара беретін. Бір жылдан соң қайтадан комиссиядан өтіп, қаласа ғана хирургиялық түзету жасататын.

Азаттық: Енді ереже қатайды ма? Оған не себеп болды?

Виктория Рай: Көбіне ол адамдарға қатысты фактор. 2009 жылы БАҚ-та кейбір АХАЖ-дың (ЗАГС) құжаттарды ауыстырудан бас тартқаны туралы ақпарат жарияланды. Трансгендер ер адам операция жасамағандықтан оның құжатын ауыстырудан бас тартқан. Құқық қорғаушылар Алматының әділет департаментінде, Әділет министрлігінде мәселе көтерді, бірақ олар АХАЖ бөлімі қызметкерлерін қолдады.

2011 жылы кодекске өзгерту енгізілді. Денсаулық сақтау министрлігі басында қарсы болды, бірақ кейін министр ауысып, құжаттарды ауыстыруға рұқсат алу үшін гениталды операция жасауға міндеттеу туралы тармақ пайда болды.

Трансгендер қауымдастығының жалауы
Трансгендер қауымдастығының жалауы

Азаттық: Қазір құжаттарды қайта рәсімдеу жағы қалай болып жатыр?

Виктория Рай: Қазір жағдай біршама түзелді. 2013 жылы құжатымды өзгерткен кезде сұмдық болатын. Ондағы адамдарға қарап "Менің тағдырымды осы адамдар шеше ме" деп қорқып отыратынмын. Қазір комиссия (Республикалық психикалық денсаулық орталығындағы комиссия – ред.) ойдағыдай жұмыс істейді, өту тәртібі бар. Анализ тапсырып, 21 күн жабық ғимаратта болу керек, осылайша транссексуализм бар-жоғын анықтайды.

Бірақ комиссия төрағасының айтуынша, кәсіби маман 15 минуттан соң алдында отырған адамның трансгендер әлде шизофреник екенін анықтай алады. Бұдан соң операцияға рұқсат беріледі. Кейін гормоналды терапия курсынан өтеміз. Хирургиялық түзету жасалады. Күлкілі естілетін шығар, бірақ заң бойынша жоғары жағына түзету жасамаса болады, бірақ гениталды түзету – міндетті. Бұдан соң комиссия құжаттарды ауыстыруға рұқсат береді. Одан соң АХАЖ бен халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, стандартты процедуралардан өтесіз.

Азаттық: Қазақстанда трансгендерлер тағы қандай қиындықтарға тап болады?

Виктория Рай: Ешқашанда пессимист болған емеспін, бірақ елдегі трансгендерлердің жағдайы туралы айтқанда, жақсы жағын табу қиын. Айтқым келсе де, айта алмаймын. Бізде трансфобия деңгейі өте жоғары. Көшеде келе жатсаң балағат сөз айтады, тіпті қол жұмсайды. Проблеманы тізбектеп айтсақ, бірінші кезекте құжаттар мәселесі тұр. Оларды көрсететін жердің бәрінде трансфобия немесе дискриминация қаупі бар.

Біз денсаулық сақтау саласына қатысты зерттеу жүргіздік. Онда соқырішек болған трансгендер қызды "жедел жәрдем" көлігінің әкетуден бас тартқаны туралы дерек бар. Жедел жәрдем қызметіндегі дәрігер онымен бір көлікке отырғысы келмеген. Көшедегі адам емес - дәрігер. Бұл мәселенің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Ондай жағдайлар өте көп.

Азаттық: Осындай жағдайда трансгендерлер қалай өмір сүріп жатыр?

Виктория Рай: Кейбіреулер мүлдем қоғамнан алшақтап қалған. Олар үйде отырады, көшеге шықпауға тырысады. Мәселені көтеріп, көппен араласып, теледидардағы ток-шоуларға қатысып, БАҚ-қа сұхбат беретіндері де бар. Олардың саны әзірге өте аз. Мен білетіндердің арасында жартысы әлеуметтенбеген (құжаттарын ауыстырмаған - ред.).

Гендерлік құжаттары түгенделмеген азаматтарға жұмыс табу қиын. Құжаттарын ауыстырмаған немесе трансгендерлік өзгеріс жасамағандарда құжат бар. Кейбірі шағын бизнеспен айналысады, осылайша басшылық алдында түсініктеме беру сияқты қиындықтардан құтылған. Трансгендер адамдар көбіне өз жағдайын жасырады.

Азаттық: Сіздің "Соростағы" зерттеу тақырыбыңызға келсек. Білуімше, ол "Трансгендер адамдардың таңдауы бойынша еңбекпен айналысу құқығы" деп аталады.

Виктория Рай: Бұл жердегі басты мәселе – дискриминация. Ол бір үстірт белгілерден басталуы мүмкін. Жұмыс беруші жұмысшының гендерлік ерекшелігі туралы білмейді, кейін білгенде оны жұмыстан шығарып жібереді. Мысалы, мен жұмыс берушіммен жарты жылдай таныс болдым. Онымен көрші кеңседе жұмыс істедім. Ол маған қызмет ұсынды. Үш рет сұхбаттан өттім, соның ішінде жұмыс берушімен де сөйлестім. Құжаттарымды әкелгенде жұмыс беруден бас тартты.

Қарағандылық қыздың басынан өткен жағдайды айтайын. Оның жағдайын білген кезде улатып-шулатып, "мораль оқып" жұмыстан қуған. Оның жаңа құжаттары болған, бірақ ортақ таныстары "көмектесіпті". Мәселе трансфобияда емес, бірақ ол да рөл ойнайды. Трансгендерлер қорғансыз адамдар. Әлгі қыз сотқа барса дискриминация болғанын дәлелдей алмас еді, себебі еңбек туралы заңда ол туралы айтылмаған.

Азаттық: Гендерлік ерекшелік бойынша дискриминация жасауды айтасыз ба?

Виктория Рай: Иә. Біздің еңбек кодексі Конституцияға қайшы келеді. Онда адамның нәсілі, жынысы, сыртқы келбетіне қатысты дискриминация жасауға болмайтыны туралы айтылады... Онда "басқалар" деген сөз бар. "Басқалар" деп кез-келген нәрсе айтылуы мүмкін. Ал еңбек кодексінде мұндай ешнәрсе айтылмайды. Ешқандай тізім жоқ, Демек, бұл аталмаған белгілер бойынша кемсітуге болады дегенді білдіре ме?

Азаттық: Трансгендер адамдардың құқығын қорғау үшін күрескен кездері болды ма?

Виктория Рай: Болды. Мысалы БАҚ-та бұған дейін трансгендер полиция қызметкері туралы ақпарат шықты. Оны Алматы ІІД жұмыстан қуып жіберген. Басшылық оның трансгендер екенін біліп, жұмыстан кету туралы өтініш жазуын сұраған. Ол жазған, бірақ құқығын қорғауға тырысқан. Іс жоғарғы сотқа дейін жетті, бірақ әділ шешім қабылданбады.

Өз басымдағы жағдайды айтсам, маған банкте есепшот ашып, қызмет көрсетуден бас тартты. "Құжатында еркек деп көрсетілген әйелге қызмет көрсетпейміз" деді. Полицияға азаматтардың тең құқығын бұзу туралы шағым түсірдік. Оны қабылдамады. Құқық қорғау мекемесінің қарым-қатынасы осындай. Сондықтан адамды өтініш, шағым жазуға үгіттеу өте қиын. Бірінші кезеңнен бастап теріс көзқарас туындайды.

Азаттық: Заңнаманы өзгертудің қандай көмегі тиеді?

Виктория Рай: Кейбір жағдайды трансгендер адамдар қалыпты жағдай деп қабылдайды. Мысалы, адамды оқу орнынан шығарып жіберсе, ол "не бопты, мен трансгендер емеспін бе" дейді. Адамдардың заңсыздықтарға көз жұма қарап, "қалыпты жағдай" деп санауы қорқынышты. Егер дискриминацияға қарсы заңнама қалыптастырса, дереу нәтижесі болмаса да, адамдар тым құрығанда өздерін қорғауға тырысар еді деп ойлаймын.

Азаттық: Бұл тұрғыда шетелдік тәжірибені айтып өтсеңіз.

Виктория Рай: Батыс Еуропа, АҚШ-ты айтпай-ақ қояйын. Қасымыздағы ел Украинаны алайық. Ол жақта 2015 жылы еңбек туралы заңнамаға "гендерлік сәйкестік пен жыныстық ориентация бойынша дискриминация жасау түсінігін" енгізді. Заңның күшіне енгеніне бірнеше жыл болды. Статистика бойынша, оны қабылдағанға дейін ешкім хабарласпаған. Қазір сот алты шағымды қарап жатыр. Адамдар құқығын қорғауға тырысып, жұмыс берушінің әрекеті заңсыз екенін дәлелдемек. Бұл да бір жетістік. Ал біздің елде ондай жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG