Accessibility links

Оралда тарифтің қымбаттауына байланысты тағы пикет өтті


Тарифтің қымбаттауына қарсылық білдіріп, плакат ұстап тұрған Анаргүл Әбенова. Орал, 30 қыркүйек 2020 жыл.
Тарифтің қымбаттауына қарсылық білдіріп, плакат ұстап тұрған Анаргүл Әбенова. Орал, 30 қыркүйек 2020 жыл.

30 қыркүйекте Оралда коммуналдық қызмет құнының қымбаттауына байланысты тағы бір пикет өтті. Бұл жолы оны жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі Анаргүл Әбенова өткізді. Оның қолында "Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бағасының қымбаттауына қарсымыз!" деген жазуы бар плакат болды.

— Жарықтың бағасын өсіріп жіберді. Келесі аптада жылу бағасын қымбаттату бойынша тыңдау өтеді. Коммуналдық қызмет тарифі өссе, тауарлар да қымбаттайды, — деді Әбенова.

Оның сөзіне қарағанда электр энергиясының құнын өсіру туралы қоғамдық тыңдау 17 тамызда өткен, оған қатысқандар қымбаттатуға қарсы болған. Алайда билік энергия компанияларының қызмет құнын өсіру туралы шешім қабылдаған кезде тұрғындар пікірін ескермеген.

— Қоғамдық тыңдаулар талқылау үшін емес, тек халықты құлақтандыру үшін ғана өтеді. Пікірімізді мүлде ескермейді. Электр энергиясының тарифін өсіру туралы шешім қабылданғаннан кейін біз әкімдікке барғанбыз. Олар монополияны реттеу комитетіне сілтеді, — дейді Анаргүл Әбенова. Ол монополияны реттеу комитеті мен әкімдікке сауал жібергенмен әзірге жауап алмағанын айтады.

Бұл — Оралда жалпыұлттық социал-демократиялық партия мүшелері өткізіп отырған екінші пикет. Партия мүшелері осылайша "тариф құнын арзандатқымыз келеді" дейді. Бір апта бұрын алғашқы пикетті партияның аймақтағы бөлімшесінің жетекшісі Қадиша Мұқанова өткізген. Билік пикет өткізгендерге партия белгілерін қолдануға тыйым салған.

1 қыркүйектен бастап аймақта электр энергиясы 5,5 пайызға қымбаттаған (киловаты сағатына 11,91 теңге тұрады).

Қазақстанда алдағы бірнеше айда мәжіліс сайлауы өтуі тиіс. Азаттық тілшісі партия мүшелерінен "бұл сайлауға дайындық емес пе?" деп сұраған кезде "сайлауалды үгіт-насихатты бастамадық" деді. Олардың сөзіне қарағанда партия мүшелері пикет арқылы "аймаққа маңызды мәселелерді қозғағысы келеді".

— Бірақ сайлауға қатысамыз — мұны екі жылдан бері айтып келеміз, — деді партияның аймақтағы бөлімшесінің мүшесі Арман Бектенов.

ЖСДП өздерін Қазақстанның саяси кеңістігінде қалған "жалғыз оппозициялық партия" деп атайды. Саяси ұйым қажетті дәрежеде дауыс алмағандықтан және сайлауға бойкот жариялағандықтан парламентке өткен жоқ.

Мәжіліс сайлауының нақты мерзімі хабарланған жоқ. Заң бойынша, мәжіліс сайлауы 2021 жылдың қаңтар айына дейін өтуі тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG