Accessibility links

Нұр-Сұлтанда "Нұр-Отан" праймеризінің әділетсіздігіне шағымданғандар партияға барды


Праймериздегі әділетсіздікке шағымданып келген Адэма Есембаева "Нұр Отан" ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 2 қазан 2020 жыл
Праймериздегі әділетсіздікке шағымданып келген Адэма Есембаева "Нұр Отан" ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 2 қазан 2020 жыл

2 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясының праймеризіне қатысып жатқан бірнеше адам әділетсіздікке шағымданып, қалалық партия филиалына барды.

Солардың бірі – мүгедек балалар проблемасын жиі көтеріп жүрген белсенді Ботагөз Сұлтанованың Азаттыққа айтуынша, 1 қазанда праймериз сайтының күні бойы жұмыс істемегеніне қарамастан кейбір кандидаттар жүзден мыңға дейін дауыс жинаған.

- Егер кеше түнімен сайт жұмыс істемесе олар қалай дауыс жинаған? Әлде оларға бөлек "жасыл дәліз" бөлінген бе? Олай болса бұл цирктің не керегі бар? – дейді ол.

Ботагөз Сұлтановаға қоса "Нұр Отан" мүшелері Пернеш Әбдукәрімова мен Адэма Есембаева да праймериздегі әділетсіздікке шағымданып партия филиалына барды. Ботагөз Сұлтанова сол жерден өзінің Facebook желісіндегі парақшасында тікелей эфир жүргізді. Онда белсенділермен "Нұр-Отан" партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Қаналимовтің кездескені көрінеді. Ол жиналғандарға арыз жазуды ұсынып, оған екі сағат ішінде жауап беретіндерін айтты.

- Біз бәріміз білімді адамдармыз. Бос сөзбен кез келгенді кінәлауға болады. Дауыс беріп жатқан тұрғындар емес, тек партия мүшелері. Бұл - олардың құқығы. Шағым жазыңыздар, екі сағат ішінде жауап береміз, - деді ол шағымданғандарға.

Азаттық тілшісі "Нұр-Отан" қалалық партиясының баспасөз қызметіне хабарласқан еді. Ол жердегілер даудан хабарсыз болып шықты. "Анықтаймыз" дегенмен, жауап болмады.

Ал шағымданғандарға "екі сағат ішінде жауап береміз" деген "Нұр-Отан" партиясының қалалық филиалы басшылығы да кешке дейін жауап бермеді.

Биліктегі "Нұр-Отан" партиясы 1-3 қазан аралығында ішкі партиялық сайлау – праймериз аясында дауыс беру өткізіп жатыр. Праймеризде тек партия мүшелері дауыс бере алады. Партия көп дауыс иеленгендерді 2021 жылы өтетін Парламент мәжіліс пен жергілікті мәслихат сайлауына үміткерлер тізіміне енгізуге уәде берген.

Кейбір сарапшылар "Нұр Отанның" бұл науқанын "құрдымға кеткен партияны құтқару амалы" және "2021 жылғы сайлауға жасырын үгіт-насихат" деп санайды.

Праймериз кезінде бірнеше мұғалім Азаттыққа өздерін праймеризде дауыс беру үшін тіркелуге мәжбүрлегенін айтқан. Партия өкілі мұны жоққа шығарған.

1999 жылы құрылған "Нұр Отан" өзін халықтық, демократиялық партия ретінде дәріптейді, заң үстемдігі, орта таптың ұлғаюы және әділдік принциптерін ұстанады. Алғашында "Отан" партиясы деп аталған ол 2006 жылы Назарбаевтың есімінің алғашқы буынын қосып, "Нұр Отан" атанды.

Қазақстанды отыз жылға жуық билеп, 2019 жылы 19 наурызда республика президенттігінен кеткен 80 жастағы Назарбаев елдегі барлық деңгейдегі өкілдік органдарда басым көпшілік орынды иеленіп отырған партияның төрағасы қызметін әлі атқарып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат пен мәжіліс төрағалары, үкімет мүшелерінің басым көпшілігі және жергілікті әкімдерінің барлығы дерлік "Нұр Отан" партиясының мүшесі. Халықаралық сарапшылар "Нұр Отанды" қолында бар әкімшілік, ақпараттық ресурстарды пайдаланып, сайлауларда әділетсіз жеңіске жетеді деп жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG