Accessibility links

Трамптан кейін республикашыл сенаторлар да Covid-пен ауыра бастады


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

Коронавирус жұқтырғаны расталған АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтондағы Уолтер Рид атындағы ұлттық әскери-медициналық орталыққа жатты. Оның жұқпалы ауруға шалдыққаны 2 тамыз күні белгілі болды. Бүгін, 3 қазан күні Ақ басшысымен бірге Республикалық партияның өзге де мүшелерінің инфекция жұқтырғаны хабарланды. Бұл жағдай Жоғарғы сот судьясын тағайындау мәселесіне әсер етуі ықтимал. Республикалықтар судья Гинзбургтың өлімінен кейін пайда болған бос орынды сайлауға дейін толтыруға асығып отыр.

Дональд Трамп ауруханаға Ақ үйден тікұшақпен барды. Ол ауырғаны белгілі болғалы алғаш рет жұрт алдына шықты, бірақ журналистермен сөйлесуден бас тартты.

АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үйден ауруханаға бара жатқан сәті. 2 қазан 2020 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үйден ауруханаға бара жатқан сәті. 2 қазан 2020 жыл.

Трамппен республикашыл сенаторлар да ауыра бастады. Солтүстік Каролина штатынан сайланған сенатор Том Тиллис пен Юта штатынан сайланған сенатор Майк Лидің коронавирус жұқтырғаны 2 қазан күні белгілі болды. Олар 10 күн карантинде болады.

Бұл екі сенатор 26 қыркүйек күні өткен Жоғары сот судьялығына үміткер ұсыну рәсіміне қатысқан. Ақ үйде өткен рәсім кезінде Дональд Трамп судьялыққа Эми Кони Барретті ұсынатынын айтқан. Вирус жұқтырды деген сенаторлар содан бері көптеген адаммен, соның ішінде Барреттпен де, кездесіп үлгерген. Олар инфекцияны өзгелерге жұқтырған болуы мүмкін деген алаңдаушылық пайда болды.

Судьялыққа үміткер ұсыну рәсіміне қатысқан Республикалық партияның ұлттық комитетіне жетекшілік ететін Ронна МакДэниелдің, Нотр-Дам университетінің президенті Джон Дженкинстің және АҚШ президентінің бұрынғы кеңесшісі Келлиэнн Конуэйдің ПТР тесті де оң шыққан.

Үміткерді ұсыну рәсіміне қатысқандар арасында вирус жұқтырғандардың артып бара жатқаны вирустың тарауына осы рәсім себепкер болды деген пайымның пайда болуына әкелді. Рәсімге қатысқандардың көбі маска тақпай, бір-бірімен шүйіркелесіп, әлеуметтік қашықтықты ұстанбаған.

Дональд Трамптың кеңесшісі Хоуп Хикстің де ПТР тесті оң шыққан. Ол Барретті судьялыққа ұсыну рәсіміне қатыспаған, бірақ осы аптада Трамптың сапарларына президентпен бірге барған.

Вице-президент Майк Пенс, бас прокурор Уильям Барр, қаржы министрі Стивен Мнучин, президент әкімшілігінің жетекшісі Марк Медоуз және мемлекеттік хатшысы Майк Помпео вирус жұқтырмаған.

Дональд Трамптың сайлауалды науқанына жетекшілік етіп отырған Билл Степьеннің де тесті оң шыққан. Politico басылымының хабарлауынша, 42 жасар Степьен карантинде болып, сайлауалды науқанды қашықтан жүргізуді жоспарлап отыр. Ал сайлаудың өтуіне дәл бір ай қалды. Америкалықтар президентін 3 қараша күні сайлайды.

Вирустың АҚШ билігінің жоғары эшелонында бұлай тарауы сайлауалды науқанға күтпеген өзгеріс әкелуі мүмкін. Трамп осы күнге дейін коронавирус пандемиясының салдарын азайтып көрсетуге тырысып келді. Індет басталғалы АҚШ-та 7 миллионнан астам адам Covid инфекциясын жұқтырып, салдарынан 200 мыңнан астам адам қайтыс болды. Бұл көрсеткіш бойынша АҚШ әлем елдерінің көшін бастап тұр.

Бұл сондай-ақ Трамптың үміткері судья Барретті Жоғарғы соттың судьялығына тағайындауды қиындатуы ықтимал. 18 қыркүйек күні 87 жастағы демократияшыл судья Рут Бейдер Гинзбург қайтыс болып, Жоғары сотта бір орын босаған. Республикашылдар босаған орынға судьяны 3 қарашаға дейін тағайындауға асығып отыр. АҚШ заңы бойынша, үміткерді президент ұсынады, сенат бекітеді. Қазір сенат Республикалық партияның бақылауында. Гинзбургтың өлімі Жоғары соттағы республикашыл судьялардың санын арттыруға мүмкіндік береді. Егер Барретт тағайындалатын болса, Жоғарғы соттағы 9 судьяның алтауы республикашыл болмақ. Демократ судьяны сайлаудан кейін тағайындау керек дейді. Олардың сөзінше, сайлауды күту арқылы Жоғары соттың судьясын таңдауға халықтың да атсалысуына мүмкіндік беріледі. Президент сайлауында демократ Джо Байден жеңсе, республикашылдардың діттегені жүзеге аспай қалуы мүмкін.

Вирус жұқтырған сенаторлар Том Тиллис пен Майк Ли сенаттың құқықтық комитетінде. Тағайындау алдында үміткермен әңгімелесуді осы комитет өткізеді. Әңгімелесу 12 қазанға белгіленген.

Өткен аптада Майк Лимен кездесуде болған Құқық комитетінің жетекшісі Линдси Грэмнің тесті теріс шықты. Ол Барреттпен әңгімелесу кезінде сенаторларға қашықтан қатысуға мүмкіндік беретінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG