Accessibility links

Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан тағы 5 адам қайтыс болды


Коронавирус жұққан науқасқа жедел жәрдем көлігінен түсуіне көмектесіп жатқан медицина қызметкері. 2 қазан 2020 жыл.
Коронавирус жұққан науқасқа жедел жәрдем көлігінен түсуіне көмектесіп жатқан медицина қызметкері. 2 қазан 2020 жыл.

4 қазанда Қазақстанда тағы 37 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болды. Бір күнде 57 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 5 қазанда таратқан хабарламасында осындай мәлімет жазылған.

1 тамыздан бері 33 608 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 27 507 адам жазылған. 360 адам қайтыс болған.

Қазақстан үкіметі вирус жұқтырғаны ПТР-тестімен расталмаған коронавирус пневмониясына шалдыққан науқастар есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Оған 1 тамызға дейін коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. Министрлік оларды пневмонияның басқа түріне шалдыққандардан ажырату мүмкін болмағанын айтқан.

1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 мың адам жалпы пневмонияға шалдыққан. Бұл - былтырғы жылдың алғашқы жеті ай көрсеткішімен салыстырғанда 3,3 есе көп. Денсаулық сақтау министрлігі ол науқастардың қаншасы бактериялық, қаншасы вирустық пневмонияға шалдыққанын нақтыламады. Алайда ведомство 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан коронавирус пневмониясы анықталғанын, оның ішінде 39,7 мыңында коронавирус белгілері байқалғанын мәлімдеген.

4 қазанда коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар арасында 3 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері 1746 адам көз жұмған. Қазір 3213 адам коронавирустан емделіп жатыр. 73-і - бала. Стационарда - 1806, амбулаторлық жағдайда 1407 адам емделіп жатыр. 89 адамның жағдайы ауыр, 12 адамның жағдайы өте ауыр. 19 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына қарамастан коронавирус пневмониясы есебін Covid статистикасына қоспай отыр. Егер екі көрсеткішті қосса, коронавирус шалдыққандар саны 141 мыңнан асып кетеді.

Мамандар тек ПТР-тестіне сүйену шынайы ахуалды көрсетпейді деп санайды. Себебі, біріншіден, жұрттың бәріне ПТР-тесті жете бермейді. Екіншіден, ПТР-тестің нәтижесі қате болуы мүмкін екенін ДДСҰ-ның өзі мойындап отыр. Бұған тест сапасы және сынаманың дұрыс алынбауы секілді факторлар әсер мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG