Accessibility links

Азаттық видеосынан кейін жұрт көмектескен ата-анасы жоқ қызылордалық балалар жаңа баспанаға көшіп жатыр


Жаңа үйге көшіп жатқан Евгения Базаркина. Қызылорда қаласы, 4 қазан 2020 жыл.
Жаңа үйге көшіп жатқан Евгения Базаркина. Қызылорда қаласы, 4 қазан 2020 жыл.

Азаттық видео жариялағаннан кейін жұрт ақша жинап берген Қазақстанның оңтүстігіндегі Қызылорда қаласында апатты үйде тұрып келген ата-анасы жоқ үш бала жақында сатып алған үйлеріне көше бастады. Үш баланың үлкені 18 жастағы Евгения Базаркина Азаттық тілшісіне 15 қазанда жылу қосылған соң үйге толығымен кіріп алатынын, әзірге жиһаздар мен заттарын көшіріп жатқанын хабарлады.

- Халықтан жиналған ақшаға "Шұғыла" ықшам ауданынан көпқабатты үйдің бірінші қабатынан үш бөлмелі пәтер сатып алдық. Үйді 2,5 жасар інімнің атына жаздырдық. Бұл жаққа бәрі жақын. Айналада қажетті мекемелердің бәрі бар. Көмектескен халыққа рахмет! - деді Евгения Базаркина.

Тамыз айының соңында Азаттықта апатты жағдайдағы үйде тұрып жатқан, қарызға байланысты үйлерін банк бұғаттаған ата-анасы жоқ қызылордалық үш бала (біреуі ғана кәмелет жасына толған) туралы видео жарияланған еді. Видеоны көрген жұрт оларға ақша жинап берген. Соның арқасында балалардың қарыздарынан құтылып, жаңа үй сатып алуына мүмкіндіктері пайда болған еді.

Евгения Базаркинаның сөзіне қарағанда тамыз айының соңында олар қайтыс болған анасының банк алдындағы қарызын (шамамен жарты миллион теңге) өтеген. Енді қараша айында апатты үйдегі пәтері оның атына өтіп, жергілікті әкімдік оны баспана кезегіне тұрғандар тізіміне қосады.

Тамыз айында Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жетекшісі Индира Ақжігітова Азаттық тілшісіне "ата-анасы жоқ балаларға баспана бірінші кезекте берілетінін" айтқан еді. 5 қазанда хабарласқан кезде бөлім жетекшісі телефон тұтқасын көтермеді.

Евгения Базаркинаның сөзіне қарағанда жақында сіңлісі колледжін ауыстырып, стипендия ала бастаған.

- 2,5 жасар інім келесі жылы үшке толғаннан кейін балабақшаға беруге мүмкіндік пайда болады. Сол кезде өзім де жоғары оқу орнына тапсырамын, - дейді Евгения.

Видео: Жетім қалған үшеу апатты үйлерінің құжатын қайтара алмай жүр (20 тамыз 2020 жыл).

Жетім қалған үшеу апатты үйлерінің құжатын қайтара алмай жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:07 0:00

Әкесі жоқ үш баланың шешелері төрт ай бұрын жүрек талмасынан көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG