Accessibility links

Сардоба қоймасының жарылуына байланысты қозғалған іс бойынша айыпталғандар 17 адамға жетті


Сардоба су қоймасының жарылуы. Мамыр айы, 2020 жыл.
Сардоба су қоймасының жарылуы. Мамыр айы, 2020 жыл.

Өзбекстанда Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты қозғалған қылмыстық істе айыпталушылар 17 адамға жетті. Өзбекстан жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметінше, 17 айыпталушының жетеуі қамауға алынған. Алтауы кепілмен босатылған, төртеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатқа қол қойған.

Айыпталушылар арасында "Сырдария сув курилиш инвест" мемлекеттік кәсіпорны мен су шаруашылығы министрлігіне қарасты бөлім қызметкерлері де бар.

Шілде айында Өзбекстан бас прокуратурасы бұл іс бойынша 9 адамның қамауға алынғанын хабарлаған. Оларға "қызмет өкілетін асыра пайдалану" және "ақша жымқыру" баптары бойынша айыптар тағылған.

1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасы жарылып, 6 адам қаза болған, шамамен 70 мың адам эвакуацияланған еді. Ондаған адам Қазақстанның Өзбекстанға жақын орналасқан Түркістан облысына көшірілді. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында да кемінде бес елді мекен зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, 900-ге жуық үй бұзылған, 7 мың гектар егістікті су шайып кеткен. Шамамен 300 ірі қара мал өлген.

Мақтарал ауданында 2 мамырда төтенше жағдай жарияланған соң экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов Ташкент Сардоба су қоймасын Қазақстан тарабымен келіспей салды деп мәлімдеді.

"Біз мұны өзбек жағына бірнеше рет ескерттік, бірақ өте жұтаң ақпарат алдық. Бүгін нота әзірлеп, сыртқы істер министрлігі арқылы жіберіледі. Онда өзбек жағынан Сырдария өзенінің шекаралас бөлігіне салынған барлық нысандардың тізімін беруді сұрадық" деді Громов.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі сол күні Ташкентке нота жіберу ойынан айнып қалғанын жеткізді.

Түркістан облысында селден зардап шеккен отбасыларға билік 100 мың теңге (шамамен 240 доллар) көлемінде қаржылай көмек беруге уәде берген. Бұған қоса, үйлері бүлінген адамдарға баспанасын жөндеуге көмектесетінін де айтқан. Дегенмен осыған дейін кейбір тұрғындар үйлерінің құжаты дұрыс болмағандықтан өтемақы ала алмай жүргеніне шағымданған.

Сардоба су қоймасы 2017 жылы қазіргі президент, сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияевтің бастамасымен салынған. Оның құрылысына бюджеттен 404,4 млн доллар бөлінген.

Сарапшылар қорытындысында бөгеттің жарылуына жобалау, салу және пайдалану кезінде кеткен қателіктер себеп болды деп жазылған. Алайда кейбір мамандар апатқа жаппай жемқорлық атап айтқанда, құрылыс барысында бетондар мен құрылыс материалдарының ұрлануы себеп болуы мүмкін деп топшылаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG