Қырғызстан ұлттық банкі қаржы ұйымдарына 8 қазаннан бастап кеңселерін ашуға кеңес берді. Бірақ жұмыс кестесін таңертеңгі сағат 9 бен 15 аралығында шектеу қажеттігін ескертті.
Ұлттық банк тұрғындарды жалақы, зейнетақы, жәрдемақы, қағаз ақшамен уақытылы қамтамасыз ету үшін банктердің ашық тұрғаны дұрыс дейді. Ақша аудару операциясы әзірге тоқтап тұр.
6-7 қазанда ұлттық банк қаржы мекемелеріне қауіпсіздікті күшейтіп, жұмысты уақытша тоқтатуға кеңес берген еді.
Бішкек ішкі істер бас басқармасының мәліметінше, 8 қазанға қараған түн тыныш өткен. Түнде қоғамдық тәртіпті сақтауға мыңнан астам ерікті көмектескен. Олар қонақ үй, супермаркет, мемлекеттік мекемелер мен ірі нысандарды қоршап күзеткен. Кезекшілер милиция қызметкерлерімен бірігіп, әрекет еткен.
Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс туындаған. Бішкекте парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акциясының соңы жанжалға ұласқан еді. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент әкімшілігі ғимаратын басып алды.
Президент Сооронбай Жээнбеков "саяси күштер билікті басып алуға әрекеттенді" деп мәлімдеп, елдің заңды президенті болып қалғанын ескертті. Бірақ ол дүйсенбіден бері көпшілік алдына шықпаған. Бішкекте түрлі саяси күштер арасында билікке талас қызған.
ПІКІРЛЕР