Accessibility links

Бір күнде коронавирус пневмониясына шалдыққан 241 адам анықталды, 2 адам қайтыс болды


Рентген суретіне қарап тұрған медицина қызметкері.
Рентген суретіне қарап тұрған медицина қызметкері.

8 қазанда Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққан 241 адам анықталды, екі адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің 9 қазан күндіз таратқан хабарламасында осындай мәлімет жазылған. Бір күнде 25 адам аурудан айыққан.

Қазақстан 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына арнайы код беріп, есебін бөлек жариялап келеді. Содан бері коронавирус пневмониясына шалдыққан 34 384 адам анықталған, шамамен 80 пайызы немесе 27 597 адам жазылған. Екі айдан астам уақыт ішінде 364 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияның бұл түрін ДДСҰ мен қазақстандық медик-белсенділердің қысымынан соң коронавирустың салдарынан пайда болған ауру деп тануға мәжбүр болған. Бұл ауруға шалдыққандарда әдетте Covid белгілері байқалғанмен ПТР тесті теріс нәтиже көрсетеді.

Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 107 адам анықталған. 4 қыркүйектен бері алғаш рет бір күнде 100-ден астам адамнан коронавирус табылып отыр. Жақында билік "індеттің екінші толқынына дайындық жасау қажеттігін" айтқан. Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 108 561 адам анықталған. 103 758 адам жазылған. 1759 адам қайтыс болған.

Қазір 3 044 адам коронавирустан емделіп жатыр: 74-і - бала. 1950 адам - стационарда, 1094 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 84 адамның жағдайы ауыр, 13 адамның жағдайы өте ауыр, 11 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 36,4 миллионнан асқан. 25,3 миллион адам жазылған. 1 млн 60 мың адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG