Accessibility links

Армения мен Әзербайжан Қарабақтағы атысты тоқтата тұруға келісті


Ресей, Армения және Әзербайжан сыртқы істер министрлерінің Мәскеудегі келіссөзі. 9 қазан 2020 жыл.
Ресей, Армения және Әзербайжан сыртқы істер министрлерінің Мәскеудегі келіссөзі. 9 қазан 2020 жыл.

Армения мен Әзербайжан Мәскеудегі келіссөздерден кейін Таулы Қарабақта атысты тоқтата тұруға келісті. Келісім 10 қазан күні жергілікті уақыт бойынша күндізгі 12.00-ден бастап күшіне енеді. Шешім тұтқындар мен қайтыс болғандардың мәйітімен алмасу үшін гуманитарлық мақсатта қабылданды. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров хабарлады.

Лавровтың сөзінше, «тыныштық тәртібінің» нақты ережелері қосымша келісіледі деді.

Армения да, Әзербайжанды бұл мәлімдемені әлі растамады.

Мәскеудегі келіссөз басталғанда Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Арменияға шиеленіс бейбіт жолмен шешу үшін "соңғы мүмкіндік" беретінін мәлімдеген.

"Шиеленіс қазір әскери жолмен шешіліп жатыр, саяси жолға содан кейін жүгінеміз" деді ол осыған дейінгі келіссөздердің нәтижесіз аяқталғанын атап өтіп. "Отыз жылға жуық келіссөз жүргізіп келеміз. Өзгеріс болды ма? Бізге жеріміздің сантиметрін болса да қайтарды ма?".

Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжанның жері саналады. Бірақ ол 1990-жылдардан бері этникалық армяндардың бақылауында. Совет Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзербайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты. Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Бірақ бейбітшілік толық орнаған жоқ, ара-арасында қақтығыстар болып тұрды. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың қолында. Соғыс салдарынан жүздеген мың әзербайжан босқынға айналды.

"Халықаралық дағдарыс тобы" ұйымының (ICG) Оңтүстік Кавказ жөніндегі сарапшысы Заур Шириев Әзербайжан халқы бейбітшілік жөніндегі келіссөздерге оралуға құлықты емес дейді.

Twitter желісіндегі жазбасында Шириев әзербайжандардың Әлиевтен "пайдасыз келіссөзге оралмауды талап етіп отырғанын" жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG