Accessibility links

Иран армян-әзербайжан қақтығысы үлкен соғысқа ұласып кете ме деп алаңдайды


Өткен айдың соңында Таулы Қарабақ территориясында әскери қақтығыс басталғалы Иран территориясына бірнеше снаряд пен зымыран түсті деген хабар тарады. Таулы Қарабақтағы Степанакерт қаласына түскен зымыранның қаңқасы. 7 қазан 2020 жыл.
Өткен айдың соңында Таулы Қарабақ территориясында әскери қақтығыс басталғалы Иран территориясына бірнеше снаряд пен зымыран түсті деген хабар тарады. Таулы Қарабақтағы Степанакерт қаласына түскен зымыранның қаңқасы. 7 қазан 2020 жыл.

Таулы Қарабақ үшін қақтығысқа түскен Армения мен Әзербайжанның екеуімен де шекаралас Иран жанжал соғысқа ұласып, өз территориясына өтіп кете ме деп алаңдайды.

Жақында Иран территориясына бірнеше снаряд пен зымыран түсті. Оның кейбірі қақтығыс аумағына жақын елді-мекендерінің төңірегіне тиді. Бұл туралы Иранның шенеуніктері мен баспасөз құралдары хабарлады.

Иран Әзербайжанды қолдауды талап еткен халқының қысымына қарамастан ресми түрде бейтарап болуға тырысып, қақтығысты тоқтатуға және диалог орнатуға шақырып отыр.

Иран мен Әзербайжан шекарасы. Иран Армениямен де шекаралас.
Иран мен Әзербайжан шекарасы. Иран Армениямен де шекаралас.

Тегеран Әзербайжанға территориялық тұтастығын мойындайтынын (этникалық армяндар бақылауда ұстап отырған Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжан жері саналады) және Иран Арменияға көмектесіп отыр деген сөздің (Иран мен Арменияның қарым-қатынасы берік) "негізсіз өсек" екенін айтты.

"Біз екі елмен де өте жақсы қарым-қатынастамыз" деді Иран президенті Хасан Роухани 7 қазанда. Осы мәлімдемені жасаған ел басшысы Әзербайжанды бауырлас ел, Арменияны көрші деп атады. "Соғыс аяқталуы тиіс. Біз аймақта тұрақтылық орнайды деп үміттенеміз".

АЛАҢДАУШЫЛЫҚ АРТТЫ

Араағайындық жасау ниеті, алаңдаушылық білдіруі, лауазымды тұлғаларының шекаралас аумаққа сапарлауы Тегеранның қақтығыстың аймақтық соғысқа айналып кетуінен қауіптеніп отырғанын көрсетеді. Мұны 7 қазандағы мәлімдемесінде Роуханидің өзі де айтты.

Қақтығыстың соғысқа ұласуы ислам республикасына күтпеген салдарын тигізуі мүмкін. Иран өңірдегі (Таяу Шығыс) соғыстарға алыстан араласып, өз шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып отыр.

Иран президенті Хасан Роухани.
Иран президенті Хасан Роухани.

"Кейбіреулер Сириядағы террористерді [Иран] шекарасының төңірегіндегі жерлерге әкелмек" деді Роухани осы аптаның басында Түркияны меңзей отырып. Апта бұрын Түркия Сирияда соғысып жүрген жауынгерлерді Әзербайжанға жібергелі отыр деген қауесет тараған.

"Біз мұны көтере алмаймыз" деді Роухани өзін қандай да бір елдің атын атаудан аулақ ұстап.

Франция президенті Эммануэль Макрон Анкараны "Сириядағы жиһад топтарының жауынгерлерін" Таулы Қарабаққа соғысу үшін жіберіп отыр деп айыптады.

Таулы Қарабақ дауында Түркия Бакуды, Арменияда әскери базасын ұстап отырған Ресей Ереванды қолдап, екі ел бір-біріне тағы да қарсы тұра ма деген алаңдаушылық бар. Түркия мен Ресей Сирия мен Ливиядағы соғыста жауласушы тараптарға қолдау білдіріп, бір-біріне қарсылас болды. Сириядағы соғыста Иран Башар Асад режимін қолдады.

Нидерландыдағы Лейден университетінің құрметті профессоры Турадж Атабакидің сөзінше, Иран қас жауы санайтын Израильдің армян-әзербайжан шиеленісіндегі рөліне де алаңдайды.

Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) мәліметінше, Әзербайжан қаруының көбін Израильден алып отыр. Баку Таулы Қарабақтағы осы қақтығыста Израиль шығарған дрондарды (оларды "камикадзе дрондары" деп атайды) пайдаланғанын растады.

"Израильдің қатысы, мейлі ол жанама болса да, Иранды алаңдатып отыр. Біз Таулы Қарабақ соғысында [Израильдің] көлеңкесін көріп отырмыз. Сол себепті [Иран] ислам республикасы осы қақтығыстың мейлінше тез аяқталғанын қалайды" деді Атабаки Азаттыққа.

"Ислам республикасы соғыстың салдарынан қорқады. Соғыс бола қалса, оның арты прокси қақтығысқа (алпауыт елдердің біреудің қолымен соғысуы) ұласып, оған Иранның араласуы қажет болады" деді ол.

Иранның Армениядағы бұрынғы елшісі Сейед Али Сагаян Хамшахри басылымына берген сұхбатында қазіргі қақтығыстың негізгі қоздырушысы – "үшінші тарап элементтері, әсіресе Сионист режимі (Иран шенеуніктері Израильді әдетте осылай атайды)" деді.

"Аймақтық және аймақаралық үшінші тарап элементтері ықпалын арттырамын деп, шиеленістің шешілуіне жол бермеді" деді Сагаян.

Иранда 20 миллион әзербайжан, 100 мың армян тұрады. Тегеран АҚШ салған санкциялар мен үкіметтің тиімсіз басқаруынан туындаған экономикалық дағдарыс кезінде ұлтаралық және әлеуметтік араздық қозып кете ме қауіптеніп отыр.

БІРНЕШЕ ҚАЛАДА ШЕРУ ӨТТІ

Апта басында Иранның бірнеше қаласында Әзербайжанды қолдайтын шерулер өтті. Шеру өткен қалалар қатарында ел астанасы Тегеран мен елдің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Тебриз де бар.

Шерулер Иранных рухани лидері аятолла Әли Хомейнидің елдің төрт провинциясындағы өкілі Бакуды қолдайтын ортақ мәлімдеме жасағаннан кейін өтті.

Ұлты әзербайжан Хомейнидің Батыс және Шығыс Әзербайжан, Ардебиль және Зенджан провинцияларындағы өкілдері даулы аймақтың Әзербайжанға тиесілі екеніне "күмән жоқ" деді.

Ал Хомейнидің аға кеңесшісі Әли Акбар Велаяти Арменияны Таулы Қарабақты "басып алды" деп айыптап, Ереванды әскерін алып кетуге шақырды.

"Біз Арменияны Әзербайжан Республикасының басып алынған жерлерін қайтаруға шақырамыз" деді Велаяти 6 қазанда Кайхан басылымына берген сұхбатында.

"Бір миллионнан астам [әзербайжан] сол жерлердің басып алынуынан кейін көшуге мәжбүр болды. Олар үйіне тез арада оралуы тиіс" деді ол.

Бір күннен кейін Иран үкіметінің ресми өкілі Әли Рабей Арменияны Таулы Қарабақтан әскерін әкетуге шақырып, Иран шиеленісті әскери күшпен шешуге болмайды деген ұстанымда екенін қайталады.

"Біз аймақта бейбітшілік және диалог орнағанын, басып алынған жерлердің босатылуын және Әзербайжанның территориялық тұтастығын құрметтеуді қалаймыз" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG