11 қазанда Қазақстанда 74 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде коронавирус ауруынан 61 адам жазылып шықты.
Денсаулық сақтау министрлігінің 12 қазан таңертең таратқан хабарламасындағы ақпарат бойынша, жексенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 11, Солтүстік Қазақстан облысында 11 науқас тіркелді. Қалған облыстар мен қалаларда анықталған науқастар оннан аспайды. Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облыстарында өткен тәулікте бірде-бір адамнан коронавирус инфекциясы анықталмаған.
Қазақстанда барлығы 108 831 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны Covid тестімен расталған: 104 041-і жазылған, 1765-і қайтыс болған. Коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бұл статистикаға кірмей қалған.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының дерегі де қосылмай келеді. Қазақстанда 1 тамыздан 10 қазанға дейін пневмонияның бұл түріне 34 875 адам шалдыққан, 27 676-ы жазылған, 367-і қайтыс болған.
Коронавирустың әлем елдері арасында тарауын тіркеп отырған институттар мен ұйымдар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек ПТР тестімен расталған науқастар санын көрсетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid статистикасына коронавирус пневмониясы дерегін де қосып отыр. Екеуін қосқанда Қазақстанда вирусты жұқтырғандар 143 мыңнан асады.
ПІКІРЛЕР