Accessibility links

Лукашенко қамаудағы оппозиция өкілдерімен кездескен соң екі белсенді изолятордан шықты


Луашенконың саяси тұтқындармен кездесуі.
Луашенконың саяси тұтқындармен кездесуі.

Александр Лукашенко қамаудағы оппозиция өкілдерімен кездескен соң Беларусь мемлекеттік арнасы жексенбі күні кешкісін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторынан екі белсендінің қамаудан шыққанын хабарлады.

Бұлар: президенттіктен үміткер Виктор Бабариконы қолдайтын топ өкілі Юрий Воскресенский және PandaDoc компаниясының Минскідегі кеңсесінің директоры Дмитрий Рабцевич. Олар үйқамаққа ауыстырылған деп айтылады.

Мемлекеттік арнаның хабарлуынша, кездесу соңында Воскресенскийге Конституцияға түзету енгізу және "бастапқыда қауіпті болып көрінгенмен кейінірек олай емес екені анықталған" бірқатар адамдарды босату бойынша ұсыныс әзірлеу тапсырылған.

Воскресенский пен Рабцевичтің қамаудан шыққанын туыстары да растады.

Лукашенко 10 қазанда мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында қамалған оппозиция өкілдерімен кездескен. Олардың нақты қандай мәселе жайлы сөйлескені айтылмайды. Кездесуде соңғы уақытта Лукашенко тұрақты түрде айтып жүрген Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі талқыланған болуы мүмкін.

Кездесуге 12 адам қатысқан. Олардың арасында президенттіктен үміткер, 9 тамыз сайлауға дейін ұсталған Виктор Бабарико да бар. Бұған қоса, оппозиция құрған үйлестіру кеңесінің мүшелері Максим Знак және Лидия Власова, Виталий Шкляров болған.

11 қазанда Минскіде Лукашенко билігіне қарсы тағы наразылық акциясы өтті. Милиция мен арнайы жасақ бұл жолы қатаңырақ қимылдаған: олар демонстранттарға су шашып, резеңке таяқ қолданған. 200-ден астам адам ұсталған. Зардап шеккендер бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG