Accessibility links

Таулы Қарабақ: Тараптар бір-бірін "келісімді бұзды" деп айыптады


Шабуылдан кейінгі Гянджа қаласы. 11 қазан 2020 жылы.
Шабуылдан кейінгі Гянджа қаласы. 11 қазан 2020 жылы.

Жексенбі күні Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісімді бұзды деп бір-бірін айыптады. Бір күн бұрын Армения, Әзербайжан және Ресей сыртқы істер министрлері Мәскеуде кездесіп, Таулы Қарабақтағы атысты тоқтата тұру туралы келісім жасаған болатын.

11 қазанда Әзербайжан Арменияны Гянджа қаласын зымыранмен атқылады деп айыптады. Әзербайжан билігінің мәліметінше, 9 бейбіт тұрғын қаза болған, 30 адам жарақаттанған. Халықаралық БАҚ қалада адам шығыны болғанын растап, ғимараттардың бүлінгенін хабарлады. Бірақ нақты қанша адам өлгенін анықтай алмаған.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Армения аумағынан соққы жасалғанын айтып, оны әскери қылмыс деп атады, Ереванды "Ресей араласуымен қол қойылған келіссөзді құрметтемеді" деп кінәлады.

Ал Армения СІМ және қорғаныс министрлігі әзербайжан тарабының айтқанын жоққа шығарып, Әзербайжанды Степанакерт және Таулы Қарабақтағы армян күштері бақылауындағы елді мекендерге шабуыл жасады деп айыптады. Армян билігінің мәліметінше, кемінде бес бейбіт тұрғын қаза болған.

Еуроодақтың сыртқы істер кеңесінің төрағасы Жозеп Боррель тараптарды атысты тоқтату туралы келісім шарттарын сақтауға шақырды. Түркия сыртқы істер министрі Мевлет Чавушоглу Ресей сыртқы істер министрімен телефон арқылы сөйлесіп, келісім шарттарын орындату мәселесінде Ереванға ықпал етуге шақырған. Ал Армения Әзербайжанды қолдап отырған Түркияның өзін келісімді бұзды деп айыптаған. Армения сыртқы істер министрі дүйсенбі күні Мәскеуге барады.

Екі елдің сыртқы істер министрлері арасында қабылданған шешім тұтқындар мен қайтыс болғандардың мәйітімен алмасу үшін гуманитарлық мақсатта қабылданған. Бұл іске қатысуға Халықаралық Қызыл Крест комитеті де шақырылған.

Бұған қоса, тараптар ЕҚЫҰ жанындағы Минск тобының араласуымен қақтығысты реттеу бойынша келіссөзді жалғастыруға келіскен. Алайда оның қашан өтетіні белгісіз.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс 27 қыркүйекте басталған. Армения мен Әзербайжан шиеленісті бірінші болып бастады деп айыптайды.

Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ дауы Совет Одағы кезінен жалғасып келеді. 1988 жылы басталып, 1994 жылы аяқталған соғыс кезінде 30 мыңға жуық адам қаза тапты, жүздеген мың адам босқынға айналды. Негізінен армяндар тұратын аймақ 1991 жылы Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеді, бірақ әлемнің ешқандай елі оны мойындамады. Халықаралық құқыққа сәйкес, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG