Accessibility links

СҚО-да коронавирусқа байланысты тағы бір қала мен ауыл карантинге жабылды


Мамлют қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы. 12 қазан 2020 жыл.
Мамлют қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы. 12 қазан 2020 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютка қаласы және Есіл ауданының орталығы Явленка ауылы 12 қазанда карантинге жабылды. Соңғы екі аптада аталған елді мекендердің әрқайсысында 16 адамнан коронавирус анықталған.

Дүйсенбі күні карантиндік аймақтарда блокбекеттер орнатылды. Тұрғындардың кешкі сағат 22.00 мен таңертеңгі сағат 6.00 аралығында үйлерінен шығуына шектеу қойылды. Мамлютка қаласының Ресеймен шекарада орналасуына байланысты 100 орынға шақталған карантиндік стационар ашылған. Қазіргі таңда 58 адам тест нәтижесін күтіп жатыр.

– Қала 14 күнге карантинге жабылады. Өңірде коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне байланысты осындай шешім қабылданды. Бизнес нысандары, дүкендер түнгі сағат 11-ге дейін істеуші еді. Қазір қаулыға сәйкес 9-ға дейін жұмыс істейді. Алайда қатаң шектеу жоқ. Қоғамдық көлік жүрмейді. Таксимен жүруге болады. Аудан орталығында үш мектеп бар. Олар – онлайн режимде, ал бастауыш сыныптар штаттық режимде жұмыс істейді. Мектептер бұрыңғыдай оқуларын жалғастыра береді, – деді Мамлютка қаласы әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанова.

9 қазан күні СҚО-да Булаев қаласы карантинге жабылған еді. Екі апта ішінде мұнда 24 адам вирус жұқтырған.

Қазір Булаев қаласы, Жұмабаев атындағы аудан мен Петропавл қаласы арасында жолаушылар тасымалы тұтас тоқтаған. Булаев қаласы тұрғындарына түнде сыртқа шығуына шектеу қойылған. Тұрғындар күндіз жұмысқа, дүкенге, дәріханаға еркін бара алады. 65 жастан асқан адамдарға мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берілген. Кәмелет жасқа толмағандарға кешкі сағат 19-дан кейін ересектерсіз жүруге шектеу қойылған. Қонақ шақыруға тыйым салынған. Жерлеу рәсіміне 30-дан артық адам қатыспауы тиіс.

Мамлютка мен Булаев қалалары Ресеймен шекарада орналасқан.

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы тәулікте 11 адам коронавирус жұқтырған. Наурыз айынан бері аймақта 3921 адамнан коронавирус анықталған, 22 адам қайтыс болған. Аймақ науқастар саны жағынан республикада төменгі орындарда тұрғанмен соңғы уақытта мұнда коронавирус жұқтырғандар көбейгені байқалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG