Accessibility links

Петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерханның соты басталды. Ол "Әблязовты қолдады" деп айыпталған


Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан өзі жұмыс істеген Старобелка негізгі мектебінде. Петропавл қаласы Ғабит Мүсірепов ауданы Старобелка ауылы. 14 ақпан 2020 жыл.

12 қазан Петропавл қалалық сотында белсенді Нұрбол Өнерханның ісін қарау басталды. Ол Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағы (Экстремистік деп танылған ұйым жұмысына араласу) бойынша айыпталған.

Коронавирус індетіне байланысты онлайн өткен алғашқы отырысқа Өнерхан, адвокаты, прокурор және Нұр-Сұлтаннан сотқа арнайы келген бес белсенді қатысты.

Айыптау тарабы Өнерхан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "идеологиялық және заңға қарсы әрекеттерін әлеуметтік желіде қолдады" және "Көше партиясы" қызметіне араласты" деп санайды.

Белсенділердің сөзінше, алғашқы сот отырысында судья Өнерханға сұрақ қойып, "ҚДТ" және "Көше партиясы" қозғалысына мүшесіз бе?" деп сұраған. Белсенді "екі қозғалысқа да мүше емесін" айтып, тағылған айыпты жоққа шығарған.

Бұдан бөлек, судья айыпталушылан 8 тамызда Ақмола облысы Талапкер ауылында өткен марқұм белсенді Дулат Ағаділдің асына қатысқан-қатыспағанын сұраған. Өнерхан "Ағаділдің асына барғанын, ол шараны митинг деп санамайтынын" жеткізген.

Судья белсенді Өнерханның ісі бойынша екінші сот отырысын 16 қазанға белгіледі.

  • Нұр-Сұлтан Әблязов құрған ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп танып, елде қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ-ны бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған. Бұдан бөлек, Қазақстан билігі елде ресми тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысын "ҚДТ-мен қатысы бар" деп, бұл қозғалысты да экстремистік ұйым деп таныған. Франциядан саяси баспана алған Әблязов шешімнің "саяси астары бар" деп санайды.
  • Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдаған тұрғындардың үстінен іс қозғап, жиі қудалайды.
  • Петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерхан 2019 жылдың қазанынан бері Youtube желісінде канал ашып, билікті сынайтын видеолар жариялай бастаған. Ол Қазақстанда "диктаторлық жүйе орнағанын, биліктің саяси реформалар жүргізбей жатқанын" сынаған. Белсенді Конституциядағы адам құқығы туралы баптардың жұмыс істемейтінін айтып, Нұр-Сұлтанды түрмеде отырған белсенділерді босатуға шақырған. Кейін сол видеолар Өнерханның үстінен әкімшілік іс қозғауға ілік болды.
  • Бұған дейін белсенді"митингіге шақырғаны" үшін қамалып, ұстаздық жұмысынан шығарылған, кейінірек әскерге де шақыртылған.
  • Дулат Ағаділ биыл қыста Нұр-Сұлтан түрмесінде көз жұмған, билік оның өліміне жүрек талмасы себеп дейді. Белсенділер мен Ағаділдің отбасы бұл тұжырыммен келіспейді. Олар 8 тамызда оның жақтастары марқұмның Ақмола облысы Талапкер ауылында ас берген. Билік бұл асты "рұқсат етілмеген митинг" деп қабылдап, қатысушыларының біразын жазалаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG