Accessibility links

Беларусь билігі наразыларға "қару қолданатынын" ескертіп, қоқан-лоқы жасады


Минскідегі наразылық акциясы. 11 қазан 2020 жыл.
Минскідегі наразылық акциясы. 11 қазан 2020 жыл.

Еуроодаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлері Александр Лукашенконы санкция салынған шенеуніктер тізіміне қосуға келіскен шақта Беларусь билігі наразыларға қару қолдануы мүмкін екенін айтып ескертті.

Беларусь ішкі істер министрінің орынбасары Геннадий Казакевич 13 қазан күнгі видеомәлімдемеде "Біз көшеден кетпейміз және заңның орындалуына кепілдік береміз. Құқық қорғау органдары мен ішкі әскер қажет болған жағдайда арнайы құралдар мен қару қолданады" деп мәлімдеді.

Казакевичтің айтуынша, жексенбі күні (11 қазан) "суық қарумен қаруланған наразылар баррикада құрып, от жағып, полицияға тас, бөтелке лақтырған". Ол наразылардың барған сайын "радикалданып" бара жатқанын айтып, "мұның бейбіт наразылыққа еш қатысы жоқ" екенін жеткізді.

Беларусь билігі оппозиция жақтастарына қару қолданамыз деп алғаш рет ашықтан-ашық қоқан-лоқы жасап отыр.

Жексенбі, 11 қазанда оппозиция шеруі кезінде ондаған адам жарақаттанған, 500-ден астам адам ұсталған. Полиция наразыларға су шашып, бұрыш бүркіп, резеңке таяқ қолданған. Ал кейбір демонстранттар бұған жауап ретінде күштік құрылым өкілдеріне тас, бөтелке лақтырған.

9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өткеннен кейін наразылық акциясы тұтанған. Наразылар сайлауда алтыншы рет жеңді деп мәлімдеген орталық сайлау комиссиясының тұжырымымен келіспейді. Әдетте ең ірі наразылық акциялары жексенбі күндері өтіп жүр. Оған 200 мыңға дейін адам қатысады.

Билікті сайлаушылардың дауысын ұрлады деп айыптаған ааразылар Лукашенконың отставкаға кетуін және қайта сайлау өткізуді талап етеді. Наразылықты басу кезінде кемінде 4 адам қаза болған. Алты адам із-түзсіз жоғалған. Зардап шеккендер мен қамалғандардың нақты саны белгісіз. Кейбір мәлімет бойынша, олардың саны мыңға барып жығылады.

Батыс елдері Беларусьтегі президент сайлауының қорытындысын мойындаған жоқ. Ресей сайлаудың заңды өткенін айтып, "жағдай ушығып кетсе, Лукашенкоға көмектесуге" уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG