13 қазан күні Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққан 321 адам анықталды. Пневмонияның осы түрінен 3 адам қайтыс болды. 269 адам жазылды. 14 қазан таңертең денсаулық сақтау министрлігі таратқан хабарламада осындай мәлімет жазылған.
Қазақстан 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына арнайы код беріп, есебін бөлек жариялап келеді. Содан бері коронавирус пневмониясына шалдыққан 35 234 адам анықталған, 80 пайызға жуығы немесе 27 978 адам жазылған. Екі айдан астам уақыт ішінде 373 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияның бұл түрін ДДСҰ мен қазақстандық белсенділердің қысымынан соң коронавирустың салдарынан пайда болған ауру деп тануға мәжбүр болған. Бұл ауруға шалдыққандарда әдетте Covid белгілері байқалғанмен ПТР тесті теріс нәтиже көрсетеді.
Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 83 адам анықталған, 5 адам қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 108 984 адам анықталған. 104 346 адам жазылған. 1776 адам қайтыс болған.
Қазір 2 862 адам коронавирустан емделіп жатыр: 88-і - бала. 2 073 адам - стационарда, 789 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 79 адамның жағдайы ауыр, 12 адамның жағдайы өте ауыр, 12 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 38 миллионнан асқан. 26,3 миллион адам жазылған. 1 млн 84 мың адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР