Accessibility links

Науқас аз тіркелген аймақтарда карантин күшейтілді. Министр бұған "саясаттың қатысы жоқ" дейді


Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой науқас аз тіркелген аймақтарда карантин шараларын күшейту себебін түсіндірді.

- Кез келген шешімді қабылдар кезде қажетті шараларға жүгінеміз. Әрбір аймақта жергілікті бас санитар дәрігер жабу-жаппау туралы шешім шығарады. Ақтау, Маңғыстау облыстарына келсек (соңғы уақытта мұнда науқас аз тіркелсе де, карантин шаралары күшейтілген - ред.), мұнда жалпы 3 362 адамға коронавирус жұққан. Аймақтың R көрсеткіші жоғары - 1,4. Сондықтан қосымша шаралар күшейтілген. Бұған саясаттың еш қатысы жоқ. Мәселе тек коронавирус жұқтырғандар мен науқастар санының арту ықтималдығы жайлы болып отыр, сол себепті шектеу шаралары енгізіліп жатыр, - деп мәлімдеді Алексей Цой 14 қазан күнгі брифинг кезінде.

Қазақстанда үш облыс: Маңғыстау, Атырау және Солтүстік Қазақстан облысында (бірнеше елді мекен жабылған) 13 қазаннан бастап карантин шаралары күшейтілген.

Шенеуніктер аймақта коронавирус жұқтырғандар күрт көбейді дейді. Өткен тәулікте Атырау облысында - 9, Солтүстік Қазақстан облысында 12 адамнан коронавирус табылған. Ал Маңғыстау облысында бір науқас тіркелген. Карантинді күшейтер кезде Маңғыстауда мүлде науқас тіркелмеген.

Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев алдыңғы аймен салыстырғанда қазан айында жағдай алаңдарлық дейді.

14 қазаннан бастап Нұр-Сұлтанда да карантин күшейтілді. Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысымен мемлекеттік орган қызметкерлерінің кемінде 60 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшуі тиіс. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеу уақыты қысқарды. Қоғамдық көлік жұмысы шектеледі.

Қазақстан індеттің екінші толқынына дайындалып жатыр. Билік коронавирус жұқтырғандар санының көбеюіне негізінен әуе рейстерінің қалпына келуі және адамдардың маска тақпауы себеп болуы мүмкін дейді.

14 қазанда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жағдай ушығып кетсе, желтоқсан мен қаңтар айларында қатаң карантин енгізілуі мүмкін дейді.

Қазақстанда өткен тәулікте 83 адамнан коронавирус анықталған, 5 адам қайтыс болған. Елде коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталған адамдар саны 108 мыңнан асты. Наурыз айынан бері 1776 адам қайтыс болған. Қазақстан билігі коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid статистикасына қосқан жоқ. 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққан 35 234 адам анықталған, 27 978 адам жазылған, 373 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG