Accessibility links

Мақаншы тұрғыны полиция бөлімінде қайтыс болды. "Азаптау" бабы бойынша іс қозғалды


Полиция бөлімшесі. Көрнекі сурет.
Полиция бөлімшесі. Көрнекі сурет.

19 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылдық округіне қарасты Қаратұма ауылының тұрғыны Азамат Оразалыны туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Бұған дейін туыстары полицияның 33 жастағы Азамат Оразалыны "мал бағып жүрген жерінен ұстап, бөлімшеге апарып, өлімші етіп сабағаны" хабарланған еді. Олар Оразалыны "полиция бөлімшесінде азаптап өлтірді" деп отыр.

Жергілікті полиция "Азаптау" бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Туыстарының айтуынша, марқұмның денесінде "соққы іздеріне ұқсас" дақтар болған.

"Бірақ Үржар қаласында жүргізілген сот-медициналық сараптама мекемесінің берген анықтамасында адам өлімінің себебі белгісіз деп көрсетілді" дейді марқұмның әпкесі Салтанат Оразалы.

Оның айтуынша, 17 қазанда кешке "полиция бөлімшесінде Азамат Оразалының денесі табылған соң халық көтеріліп, ауыл жігіттері полиция бөлімшесіне барған. Кейінірек ауыл әкімдері мен ақсақалдар қосылып жатып, әрең тоқтатқан".

19 қазанда Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Мақаншы ауылының полиция бөлімшесінде 33 жастағы ер адамның қаза болғанын растады. Полицияның хабарлауынша, "ол бөлімшеге мал ұрлау бойынша күдікті ретінде жеткізілген". "Азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Барлық жайт мұқият тексеріліп жатыр. Марқұмның жақын туыстарымен бірге оқиға орны зерттелді. Қажетті сараптамалар, паталогоанатомиялық зерттеу де жүргізілді, оның нәтижесі әзірге дайын емес. Үржар ауданының әкімімен бірге қаза болған адамның отбасына бардық, туыстары мен жақындарының айтқандарын тыңдадық, олардың мәселелері қаралып жатыр" деді ШҚО полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Қазақстанда полиция бөлімшесі мен қамау орындарында азаптау оқиғалары жиі кездеседі. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау" қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG