83 жастағы оралдық Ысқақ Әзбергенов Батыс Қазақстан облыстық прокуратура ғимаратының алдында жалғыз кісілік пикет өткізді. Зейнеткер облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтің, прокурор Қанәбіл Төремұратовтың және судья Әлібек Ахметовтің отставкасын талап етті.
Ақсақал «бұл қадамға биліктегі заңсыздық мәжбүр етті» дейді. Айтуынша, зейнеткер он жылдан бері түрлі мекемеге барып, әділдікке қол жеткізе алмай жүр екен. «Барлық жерде жай хат жібереді не бос уәде береді» дейді ол.
– 2009 жылдан бері әділдік орната алмай келемін. Түрлі инстанцияларға қайырылдым, облыстық прокуратураға жаздым, бірнеше сот болды, Көлгіновтің (Алтай Көлгінов 2016-2019 жылдар аралығында БҚО әкімі болған – Ред.), Есқалиевтің (2019 жылғы маусымнан БҚО әкімі – Ред.) қабылдауына бардым. Барлығы «көмектесеміз, мәселеңізді шешеміз» деп уәде береді, бірақ ештеңе өзгермейді, – дейді Ысқақ Әзбергенов.
Оның айтуынша, 2009 жылы Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданындағы қызы тұрған үйдің жер телімінің бір бөлігін басқа кісі заңсыз алып алған. Жергілікті кәсіпкер ол жерде кафе тұрғызды дейді ақсақал. Құрылыс кезінде заттар мен тауар тұрған қоражай құлатылған. Оның ішінде болған заттың бәрі қирап, бүлінді дейді Әзбергенов.
– Мүлкін қорғауға ұмтылған қызымды ұрып тастады. Ол содан бері мүгедек болып қалды. Ал келтірілген шығынның орнын өтеген ешкім жоқ. Заттардың бүлінгенін барлығы мойындаған, бұл жөнінде сот шешімі де шыққан, – дейді Ысқақ Әзбергенов.
Келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңге деп бағаланған. Кафе қожайыны Оралда тұрмайды, ал кафесі бос қалған дейді зейнеткер. Ол шығын өтемін қайтару үшін биліктен көмек сұрады.
– Прокуратураға көп жаздым, әр хатыма сырғытпа жауап келеді. 12 қазанда бас прокуратураға жаздым. Сол жақтан жауап күтіп отырмын. Жоғарыдағылар маған көмектеседі деп үміттенемін, – дейді зейнеткер.
Билікке ешқандай ескерту жіберілмеген пикет прокуратура ғимаратының маңында өтті. Пикет басталғаннан 10 минут өткен соң зейнеткерге қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің екі қызметкері келді. Бірі шараны ұялы телефонға түсірсе, екіншісі рұқсат етілмеген пикет үшін жазаға тартылуы мүмкін екенін ескертті. Ол Әзбергеновті плакатын жинап, шараны тоқтатуға шақырды.
Арада он минут өткенде Ысқақ Әзбергенов пикетті аяқтап, ол жерден кетіп қалды. Прокуратураның кезекші қызметкері ақсақалдың плакатындағы жазуды оқығанымен, ол ғимараттан сыртқа ешкім шыққан жоқ.
Былтыр желтоқсанда Ысқақ Әзбергенов жұбайымен бірге Оралдың орталық алаңында, қалалық әкімшілік алдында пикет өткізген. Ол кезде ерлі-зайыптылар «жерді тартып алу туралы істі» «объективті түрде тергеуді» талап еткен. Онда да олар Әзбергеновтер әулетінің ауылдағы үйінің аумағына құрылыс салғандарды жазалауды, судьяларды отставкаға жіберуді сұраған. Наразылық шарасынан кейін ерлі-зайыптылардың екеуіне де заңды бұзғаны туралы әкімшілік жолмен ескерту жасалған.
Зейнеткерлер Ысқақ және Баян Әзбергеновтер 2012 жылғы мамыр және маусым айларында да Оралдың орталық алаңында осы мәселе бойынша наразылық өткізіп, әкімшілік сотқа тартылған.
ПІКІРЛЕР