Қырғызстан президенті міндетін атқарушы премьер-министр Садыр Жапаров ресейлік "Россия 24" арнасына берген сұхбатында егер заңнамаға тиісті өзгеріс енгізілсе, президент сайлауына қатысуға дайын екенін мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі Конституция бойынша оның президент сайлауына қатысуға құқығы жоқ.
"Конституция бойынша, президент міндетін атқарушы тұлға сайлауға қатыса алмайды. Қазір парламент депутаттар мен президент сайлауы туралы заңнамаға өзгеріс енгізуге даярлық жасап жатыр. Егер осы өзгерістердің нәтижесінде сайлауға қатысуға мүмкіндік берілсе қатысамын, бірақ бұл жөнінде айту әзірге ерте, бұл мәселе бойынша шешім қабылданбады" деді Жапаров.
Заңгерлер сөзіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Қырғызстан Конституциясының 68-бабына сәйкес, президент міндетін атқарушы тұлға Жогорку кеңешінің кезектен тыс сайлауын тағайындай алмайды, үкіметті отставкаға жібере алмайды, кезектен тыс президент сайлауына қатыса алмайды.
Қырғызстанда 4 қазан күнгі парламент сайлауынан кейін елде саяси дағдарыс туындап, соның салдарынан президент, парламент спикері және үкімет басшысы отставкаға кеткен. 16 қазанда Жогорку кеңеш депутаттары Сооронбай Жээнбековтің отставкасын қабылдады. Халық толқуынан кейін бостандыққа шыққан Садыр Жапаров Жогорку кеңеске премьер-министр болып сайланып, ізінше президент міндетін атқару да соған тапсырылды.
ПІКІРЛЕР