Accessibility links

АҚШ әділет министрлігі Ресей арнайы қызметінің алты өкілін кибершабуыл жасады деп айыптады


Көрнекі сурет.

АҚШ әділет министрлігі дүйсенбі күні Ресей әскери барлау басқармасының алты офицеріне ірі кибершабуылдармен байланысты айып тақты. Прокуратура құжаттарында Ресей барлау басқармасы қызметкерлерінің әрекеті кесірінен миллиард доллар шығын келгені жазылған.

Прокурорлардың мәліметінше, күдіктілер 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласу операциясына қатысып, Демократиялық партия өкілдерінің электронды хаттарын ұрлаған.

Америкалық прокурорлардың айтуынша, ресейлік барлаушылар 2017 жылы Франциядағы президент сайлауын ұйымдастырушыларға, Британияда тұратын ресейлік бұрынғы барлаушы Сергей Скрипальға у беру оқиғасын зерттеген британ тергеу орындарына, 2018 жылы Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарын ұйымдастырушылар кеңсесіне шабуыл жасаған (Батыс мемлекеттері 2018 жылы Скрипаль мен оның қызының улануына Ресейдің қатысы болуы мүмкін деп, мұның соңы дипломатиялық дағдарысқа алып келген). Ресейлік хакерлер Украина парламенті, қаржы министрлігі мен сайлау жүйесін электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйесін нысанаға алған дейді америкалық прокурорлар.

Америкалық New York Times басылымының жазуынша, Мәскеуге жұмсақтық танытқаны үшін жиі сыналатын президент Дональд Трамп әкімшілігі осылайша Ресейді өзге елдердің ісіне араласқаны үшін жазалауға тырысып отыр.

АҚШ әділет министрлігінің хабарламасында Ресейдің биылғы сайлауға араласқаны жайлы айтылмаған. Осыған дейін Америка арнайы қызметі Мәскеу АҚШ-тағы президент сайлауына араласуға тырысты деп қорытынды шығарған.

Американың ресми орындары айып тағылған адамдардың аты-жөндерін де жариялады. Олар: Юрий Андриенко, Владимир Детистов, Павел Фролов, Анатолий Ковалев, Артем Очиченко және Петр Плискин. Алтауы да Ресей қарулы күштерінің сыртқы барлау қызметіндегі (ГРУ) 74455 нөмірлі әскери бөлімде істейді. Халықаралық құқық қорғау органдарының мәліметінше, шабуылдардың артында тұрған Sandworm хакерлер тобы әлемге өте зиянды әрі күшті NotPetya атты компьютерлік вирустарды таратумен де танылған. Соның кесірінен 10 млрд доллар шығын келген деп айтылады.

"Кішігірім тактикалық артықшылықтарға қол жеткізу үшін өзінің кибермүмкіндіктерін құрал ретінде жауапсыз пайдаланып, теңдессіз шығын әкелген Ресей сияқты бірде-бір мемлекет жоқ" деді АҚШ бас прокурорының көмекшісі Джон Демерс.

Күдіктілердің бірі, 29 жастағы Анатолий Ковалевке 2018 жылы АҚШ-тың сол кездегі арнайы прокуроры Роберт Мюллер АҚШ сайлау жүйесін бұзу мақсатында астыртын келісім жасады деп айып таққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG