Қырғызстан жоғарғы соты 2012 жылы "билікті күшпен басып алу ісі" бойынша айыпталып, сотталған президент міндетін атқарушы Садыр Жапаровты ақтап шықты. Қырғызстан жоғарғы соттың баспасөз қызметі ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеген.
Агенттіктің хабарлауынша, сот алқасы "қылмыс құрамын таба алмаған". Сот Жапаровпен бірге Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев пен депутат Талант Мамытовты ақтап шыққан.
Жапаров, Ташиев, Мамытовтың үстінен 2012 жылы қылмыстық іс қозғалған. Ол кезде үш саясаткердің жақтастары Бішкекте үкімет үйіне кіруге ұмтылып, бірақ күзет қызметі олардың штурм жасауына жол бермеген.
2013 жылы 17 маусымда Бішкек қалалық соты үшеуін ақтап шыққан. Оларды сот залынан босатты. Бірақ сол жылы тамыз айында жоғарғы сот қалалық сот шешімінің күшін жойып, оларға бір жыл бір ай жаза берген. Үшеуі де жаза мерзімін өтеп қойғанына байланысты сот залында босатылған, бірақ депутаттық мандаттарынан айырылған.
Қазір сот Жапаровқа байланысты тағы бір іс - "кепілдікке адам алу ісін" қарап жатыр. Тергеу органдарының мәліметінше, 2013 жылы Каракол қаласындағы митинг кезінде Жапаров жақтастарымен бірге Ыстықкөл облысы үкіметінің уәкілетті өкілін кепілдікке алған. Бұл іс бойынша саясаткер 2017 жылы 11,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ Жапаров қазан айының басындағы толқудан кейін демонстранттар талабымен босатылды.
Кейінірек премьер-министр болып тағайындалып, Сооронбай Жээнбековтің отставкасынан кейін президент міндетін уақытша атқара бастаған.
ПІКІРЛЕР