Accessibility links

Қырғызстанда парламент сайлауы 20 желтоқсанда өтеді


Парламент сайлауы. 4 қазан 2020 жыл.
Парламент сайлауы. 4 қазан 2020 жыл.

Қырғызстанда жаңа парламент сайлауы 20 желтоқсанда өтеді. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 21 қазанда Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысында осындай шешім қабылданған.

Осыған дейін ОСК сайлауды 20 желтоқсанда өткізген дұрыс, нәтижесін келесі жылы қорытындылауға мүмкіндік пайда болады деп мәлімдеген еді.

Орталық сайлау комиссиясы парламентте түрлі саяси күштер болуы қажет деген идеяны қолдап, Жогорку кеңештен заңнамаға тиісті өзгертулер енегізу мәселесін қарастыруды өтінген.

Мәселе саяси партиялардың парламентке өтуі үшін қажет пайыздық межені азайту, кандидат құюы тиіс жарна көлемін қысқарту және өзге де өзгерістер жайлы болып отыр.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін елде саяси дағдарыс орнаған. Сайлау нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акциясының соңы тәртіпсіздікке ұласты. 6 қазанға қараған түні демонстрантта президент аппараты мен парламнет отырған "Ақ үйді" басып алды. Ізінше Бішкекте түрлі саяси күштер арасында тартыс күшейді. Соның нәтижесінде орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесін жойды, президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті. Үкімет жетекшісі ретінде таңдалған саясаткер Садыр Жапаровқа президент міндетін атқару да жүктелді.

Парламент депутаттары парламентке өту үшін партияларға қажет пайыздық межені 7-ден 3 пайызға түсіруді, кандидат құюы тиіс жарнаны 5 млн сомнан 1 млн сомға дейін азайтуды, сонымен бірге тұрақты тіркелген орыннан басқа жақта дауыс беруге мүмкіндік беретін №2 формаға тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр.

Осыған дейін 12 партия орталық сайлау комиссиясынан "Биримдик", "Мекеним Кыргызстан" және "Кыргызстан" партиясының "жасаған" заңбұзушылықтарына құқықтық баға беруді өтінген. Алайда сайлау комиссиясы өтінішті бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне жіберген. Шағым берушілер өтініште әкімшілік ресурсты асыра пайдалану, дауыс сатып алу, дауыс құпиялылығының бұзылуы, қорқыту, қоқан-лоқы сияқты заңбұзушылықтар болғанын атап көрсеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG