Accessibility links

Қырғыздың жаңа билігі "Райым миллионды" үйқамаққа алды. Матраимовтың ұсталуының астарында не бар?


Райымбек Матраимовтың ұсталған сәті. Бішкек, 20 қазан 2020 жыл.
Райымбек Матраимовтың ұсталған сәті. Бішкек, 20 қазан 2020 жыл.

Жүздеген миллион доллар қаржы жымқыру күдігіне ілінген Қырғызстан кеден қызметі басшысының экс-орынбасары Райымбек Матраимов ұстап, кейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйқамаққа алды. Бірақ Матраимовты ұстау әдісі ықпалды адамға айып тағыла қоя ма екен деген сұрақтарды туындатып отыр.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекетткі комитеті (ҰҚМК) 20 қазан күні кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары, ірі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп саналса да, ұзақ уақыт бостандықта жүрген ықпалды тұлға Райымбек Матраимовты ұстағанын хабарлады.

Қызметін пайдаланып, миллиондаған доллар транзакциялар арқылы өзін және жақындарын байытқан деген күдікке ілінген Матраимов қылмыстық жауапкершіліктен сытырып кетіп жүрген.

Райымбек Матраимов пен оның бауырларының аттары Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP), Қырғызстандағы тәуелсіз "Клооп" ақпарат агенттігі және Азаттықтың Қырғыз қызметі бірлесе жүргізген зерттеулерде аталады.

Қырғызстанның 6 миллион халқын таңқалдырып, кең ауқымда жүргізілген бұл тұтқындау елдегі саяси жағдайдың бағытын өзгертуге үлкен мүмкіндік туындатса да, "Райым миллион" деген атпен әйгілі адамның ұсталуы күтпеген оқиға деуге келмейді.

Елдегі парламент сайлауынан кейін басталған саяси дағдарыс шиелініскен тұста ҰҚМК басшысы болып тағайындалған Камчыбек Ташиев 19 қазан күні Кеден қызметіндегі жемқорлыққа байланысты қырықтай адам іздеуде екенін мәлімдеген.

"[ҰҚМК офицерлеріне] Матраимовты тауып, егер кінәлі болса жауапқа тартуды тапсырамын" деген Ташиев.

Осыдан бір күннен соң ҰҚМК мәлімдеме жасап, Матраимовтың комитеттің бас кеңсесіне жеткізілгенін хабарлады. ҰҚМК мәліметінше, Матраимов пен кедендегі басқа да шенеуніктер ұйымдастырған жемқорлықтың кесірінен "2016 жылдан бері мемлекетке түсуі тиіс кіріс астыртын жылыстатылып, бюджетке үлкен көлемде шығын келгені" анықталған.

ҰҚМК Матраимовты қараша айында аталған іс бойынша тергеуге шақыртып, артынша босатып қоя берген еді.

20 қазанда қырғызстандық басылымдар ҰҚМК-ның штаттық киімдегі қызметкерлері Матраимовтың қолына кісен салып ұстап жатқан суретін жариялады.

Райымбек Матраимовтың ұсталған сәті. Бішкек, 20 қазан 2020 жыл.
Райымбек Матраимовтың ұсталған сәті. Бішкек, 20 қазан 2020 жыл.

ҰҚМК мәлімдемесі мен Матраимовтың қолына кісен салынған суреті Кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасарына айып тағылуы мүмкін екенін меңзейді.

Қырғызстандағы жағдай 4 қазанда өткен парламент сайлауының ресми нәтижелеріне қарсы туындаған наразылықтан кейін шиеленіскен. Толқу нәтижесінде үкімет ауысып, елдегі саяси дағдарыс кезінде түрмеден босатылған Садыр Жапаров көп ұзамай (екі аптадан аз уақыт ішінде) билік басына келді.

Қырғызстан халқы мен сырт елдер бұл елде не болып жатқанын түсінбей дал болды.

Бірақ оқиғалардың мұндай қарқынмен дамып-өрбуі Қырғызстан премьер-министрі және уақытша президент Садыр Жапаров бастаған биліктің түпкі ниеті не деген сұрақтарға жетелейді.

Парламент депутаттары бір аптадан астам уақыт бойы толық жинала алмаған соң Жапаров Матраимовқа қатысты айыптаулар мен Кеден қызметіндегі ықтимал жемқорлық фактісін тергеуге уәде берген. Кейін ол серігі Камчыбек Ташиевті ҰҚМК төрағасы етіп тағайындаған.

Жапаров 2013 жылдың қазанда елдің солтүстік-шығысындағы Қарақол қаласында Қырғызстанның Канадамен бірлескен Құмтөр алтын кенішін игеруге байланысты наразылық кезінде кепілге адам алды деген айыппен қамауға алынған еді. Кейін ол елден кетіп қалып, 2017 жылы қайта ұсталып, адам ұрлады деген айыппен 11 жарым жылға сотталған (апелляция соты оның жазасын 10 жылға азайтқан).

Жапаров премьер-министрлікке күтпеген жерден тағайындалды және оның биліктегі өкілеті әлі де айқын емес.

БАҚ-та Жапаровтың билікке жылдам ие бола қалуының артында қылмыстық топтар тұруы мүмкін деген нақтыланбаған болжамдар айтылған. Алайда Матраимовтар әулеті Жапаровты қолдаушы ықтимал топтардың бірі ретінде жиі аталатын. Енді Матраимовтың ұсталғанын ескерсек, бұл да күтпеген жағдай болды (бұл жерде Матраимовтың өзі туған оңтүстіктегі Ош қаласында емес, Бішкекте ұсталғанын да айта кеткен жөн).

"Райым миллионнның" ұсталуында бұдан басқа да атап өтерлік жайттар бар.

Мәселен, Матраимовтың елден қашып кеткені туралы сыбыстар да тараған. Бірақ әуелгі ақпарат бойынша, ол Бішкекте болған және ҰҚМК кеңсесі жанындағы жанармай құю бекетінде адвокатымен бірге жүргенде ұсталған. Кейбір ақпараттар бойынша, Матраимовты ұстады деген екі агент – Матраимовтың өз өкіл ұлдары.

Жапаровтың билігіне кейбір қосымша легитимді өкілет артық болмайтыны анық, ал аты шулы күдікті адамның жауапқа тартылуы оның билігін летигимді етуге біршама үлес қосқан болар еді.

Алайда Матраимовтың әзірге тек ұсталғанын, бірақ әлі айып тағылмағанын ескеру керек.

Бұған қоса, Матраимовтың тұтқындалғаны туралы ақпарат Қырғызстанның жаңа тағайындалған сыртқы істер министрі Руслан Казакбеков Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Бурианмен телефонмен сөйлесіп, Қырғызстанға қаржылай көмек сұрағанынан кейін бір күн өткенде хабарланды.

Қырғызстан үшін қаржы – үлкен проблема. Қырғыз қоғамынан қолдау табу үшін Жапаровтың үкіметі бұл мәселені тез арада шешуі керек.

Матраимовтың ұсталуы бірнеше жылдан бері елден шығарылған миллиондарды қайтару амалы ма? Матраимовтың шатқалақтаған жағдайының артында басқа қылмыстық топтар тұр ма? Бұл сұраққа жауап Қырғызстан билігінің келесі қадамынан табылмақ.

Матраимовқа ресми түрде айып тағылып, сотқа тартылмайынша, ҰҚМК-ның оны тек ұстаған әрекетіне сұрақ туындай бермек.

Блог ағылшын тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG