Accessibility links

Алматы полиция департаментіндегі оқиғадан кейін адвокат Жанар Балғабаева ауруханаға түсті


"Тергеушіден қысым көрген" адвокат ауруханада жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

"Тергеушіден қысым көрген" адвокат ауруханада жатыр

21 қазанда адвокат Жанар Балғабаева Алматы қаласының полиция департаментінде болған оқиғадан кейін "инсульт алдындағы жағдайда" ауруханаға түскен. Дәрігерлер оны ауруханаға жеткізген кезде қан қысымы өте жоғары болғанын айтады. Қазір адвокат ауруханада емделіп жатыр.

Адвокаттың айтуынша, сәрсенбі күні ол азаматтық белсенді Ноян Рақымжановтың ісіне байланысты тергеу амалдарымен танысу үшін Алматы қалалық полиция департаментіне барған. "Әу бастан-ақ агрессия танытқан" тергеушімен сөзге келіп қалған адвокат тергеушінің "психологиялық және физикалық қысым жасағанын" айтады. Тергеуші оның қолындағы құжатты алу үшін жұлқылап, күш көрсетуге тырысқан.

"Соның кесірінен көзілдірігім басқа жаққа, сырғам басқа жаққа ұшып кетті. Құжаттарым жан-жаққа шашылды. Осы кезде "көмектесіңдер" деп айқайладым" дейді адвокат.

Оның сөзіне қарағанда, Қылмыстық-процессуалдық кодекс нормаларына қайшы әрекет еткен тергеуші қылығынан кейін жағдайы күрт нашарлап, полицияға жедел жәрдем шақыртылған.

​Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігері Оксана Анатольевнаның айтуынша, 21 қазан кешкі сағат 6 шамасында ауруханаға түскен Балғабаеваның жағдайы ауыр болған. "Қан қысымы 180 болды. Басы ауырған. Мұндай кезде кез келген жағдай, инсульт болуы мүмкін еді" дейді ол.

- Қазір оның жағдайы орташа. Қан қысымы - 140, ол үшін жоғары. Себебі, әдетте 120 болған екен, - дейді ол 22 қазан түс кезінде Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі бейсенбі күні таңертең Алматы қалалық полиция департаментіне бірнеше рет хабарласты. Тек түстен кейін полиция департаментінің баспасөз қызметінен жауап ала алды.

- Алматы қаласының полиция департаменті адвокат Жанар Балғабаеваға психологиялық қысым көрсетілді, оны жарақаттады деген ақпаратты ресми түрде растамайды. Жақында тергеу амалдары кезінде ол жағдайының нашарлағанына шағымданған. Осыған орай тергеуші Алматы қалалық полиция департаментінің әкімшілік ғимаратына жедел жәрдем көлігін шақыртқан, - деді полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі.

Ал адвокат Жанар Балғабаева тергеушінің үстінен полицияға арыз жазғанын айтты.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда тәуелсіз адвокаттардың жиі қысымға ұшырайтынын айтады. Осыған дейін адвокат Айман Омарова көлігінің өртенгенін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG