Accessibility links

Шымкентте лифт қызметкері 11 қабаттан құлап, мерт болды


Көпқабатты ғимарат. Көрнекі сурет.
Көпқабатты ғимарат. Көрнекі сурет.

Шымкент қаласы Нұрсәт шағын ауданында жаңадан салынып жатқан «Алтын шаңырақ» тұрғын үйінде лифт құруға барған 26 жастағы жұмысшы 11 қабаттан құлап, мерт болды. Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына барғанда оның жүрегі тоқтап қалғанын көрген.

Қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановтың айтуынша, оқиға 25 қазан түсте болған. «ФЕБ строй» компаниясы салып жатқан «Алтын шаңырақ» тұрғын үйінде «Шымкентлифтмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі лифт орнатпақ болған.

- «Шымкентлифтмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жұмысшысы 1994 жылы туған Ердәулет Әлімов 11 қабаттан лифт шахтасына құлап, мерт болды. Оқиғаға байланысты арнайы тексеру комиссиясы құрылды. Марқұмның қандай жағдайда құлағанын анықтап, полицияға жолдаймыз, - дейді Қалжанов.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы жедел жәрдем оқиға орнына барғанда дәрігерлер Әлімовтің жүрегі тоқтап қалғанын көргенін айтады. Дәрігерлер Әлімовтің денесін полицияға тапсырған.

Ердәулет Әлімов жұмыс істеген «Шымкентлифтмонтаж» компаниясының аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкері Азаттыққа «оқиғаға байланысты ешқандай пікір бере алмаймыз» деді.

Қалалық полиция департаменті оқиғаға байланысты іс тіркелгенін, тергеу басталғанын хабарлады.

Қазақстанда бұған дейін лифтілердің дұрыс жұмыс істемей, шахтаға құлап кеткен, адамдарды қысып қалған оқиғалары бірнеше рет болған. Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбеде көпқабатты үйде журналист Айзат Әбдісамат тозған лифтіге қысылып қалып, қайтыс болған. Бұл оқиғадан соң Ақтөбе билігі бірқатар тексерулер бастаған. Осы оқиғадан соң пәтер иелері кооперативі серіктестігнің төрағасы мен лифтіні жөндеген жалдамалы меxаник сотталған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Қазақстандағы көпқабатты ғимараттарда 23 мыңнан астам лифт бар. Олардың басым бөлігін жөндеуден өткізу керек немесе алмастыру қажет. Мамандар жағдай жақын арада өзгермесе, лифтімен байланысты қайғылы оқиғалар көбеюі мүмкін дейді.

2019 жылғы мәлімет бойынша, «Шымкентлифтмонтаж» компаниясы Шымкентте 90 лифтіні жөндеу бойынша қызмет көрсеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG