Accessibility links

Жаңадан құрылған "Ел бірлігі" қозғалысы сайлау заңнамасын өзгертуді ұсынады


"Ел бірлігі" қозғалысының алғашқы жиыны. Алматы, 27 қазан 2020 жыл.
"Ел бірлігі" қозғалысының алғашқы жиыны. Алматы, 27 қазан 2020 жыл.

27 қазанда Алматыда бір топ белсенді "Ел бірлігі" қозғалысы қүрылғанын жариялап, оның алғашқы жиынын өтаізді. Жиынға Алматыдан оншақты адам қатысты. Қазақстанның басқа өңірлерінен Zoom онлайн конференция жүйесі арқылы қатысқандар да болды.

Қозғалыстың тұжырымдамасын оқып, жарғысымен таныстырған қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы қозғалыс "35 адамнан тұратын ақылдастар алқасы арқылы басқарылатынын" айтты.

"Саяси қозғалыстың мақсаты - 25 жылдан бері елді, халықты алдап келген сайлау заңын өзгерту" дейді қозғалысты ұйымдастырушылар.

Қозғалыстың ақылдастар алқасының құрамына кірген саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың пікірінше, егер билік қаласа, сайлау заңнамасын бір күнде-ақ өзгерте алады. Ол қозғалыс мүшелерінің алдағы бір-екі күн ішінде ұсыныстарын әзірлеп, билікке жеткізетінін айтты.

– Бірнеше секундта Конституцияға 97 өзгеріс енгізіп үлгергенде бұған да үлгереді. Біз қазір жобаны жасаймыз да, ұсыныс енгіземіз. Біз мажоритарлық жүйе бойынша сайлау өткізуді ұсынамыз. Депутаттардың 50 пайызы – округтерден, 50 пайызы партия тізімінен шығуы керек. Бұл өзгерісті қабылдау үшін бір-ақ күн керек. Бұған қоса, бақылаушылар туралы арнайы заң қабылдау керек. Олардың құжаттарының заңдық күші болуы керек. Сол кезде барып бақылаушылар тиімді жұмыс істей бастайды, – деді Балташ Тұрсымбаев.

Жиынға облыстан онлайн қатысқандардың бірі "Ұйымға қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың ұйымын да қосайық" деген ұсыныс айтты. Ал Рысбек Сәрсенбайұлы "шетелде жүрген Әкежан Қажыгелдин, Айдос Садықовтармен хабарластық. Олар бізді қолдады. Егер бізбен бірігеміз десе, Әблязовқа қарсылығымыз жоқ" деді.

"Ел бірлігі" ақылдастар алқасының құрамына бұрын үкімет құрамында болған, кейін оппозициялық ұйымдардың қатарына кірген Балташ Тұрсымбаев пен журналист, саяси белсенді Рысбек Сәрсенбайұлынан бөлек, Есенғазы Қуандық, Ермұрат Бапи, Данай Қалиева, Хасен Қожахмет сияқты кісілер мүше болып сайланған.

Қозғалыс мүшелері ұйымды ресми тіркеуден өткізуді жоспарлап отырғанын да айтты.

Қазақстанда парламент сайлауы пропорционалды жүйемен өткізіледі (яғни, дауыс санына қарай партияларға парламенттен орын беріледі). Мажоритарлы жүйені (сайлау округінде көбірек дауыс жинаған кандидат жеңеді, бір округтен бір ғана депутат парламентке өтеді)қолдайтындар бұған дейін де 50/50 үлеспен аралас сайлау жүйесіне өтуді көтерген.

Қазан айының басында тәуелсіз бақылаушылар мен азаматтық белсенділер парламент сайлауы өткенге дейін елде аралас сайлау жүйесін енгізуді сұраған. Алматыда өткен баспасөз жиынында белсенді Ақмарал Қамбарқызы Қазақстанда ресми түрде тіркелген алты саяси партияға мүше емес азаматтар көп, олар тәуелсіз кандидат ретінде парламент сайлауына түскісі келеді деп айтқан.

Қазақстанда парламент және мәслихат сайлауы келесі жылы 10 қаңтарда өтеді. Қазіргі мәжіліс депутаттарының өкілеті 2021 жылы наурыз айында аяқталады. Қазіргі мәжілісте бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың партиясына мүше 84 депутат бар. Парламентте сонымен бірге екі билікшіл - "Ақ жол" және Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы мүшелері бар. 107 депутаттың 98-і – партиялық тізім бойынша, тоғызы Қазақстан халқы ассемблеясы атынан сайланады.

Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сайлаулардың әділ өтпейтінін айтып, жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG