Accessibility links

Қазақ жеріндегі Ашаршылық туралы фильм Нью-Йоркте "гуманитарлық сыйлыққа" ие болды


"Зұлмат" фильміндегі көрініс. Алматы, 30 қаңтар 2020 жыл.

20 ғасырдың бас кезінде Қазақстанда болған Ашаршылық туралы "Зұлмат" деректі фильмі Нью-Йоркте өткен RusDocFilmFest фестивалінде "гуманитарлық сыйлыққа" ие болды. Фильм авторы Жанболат Мамай Facebook-тағы парақшасында осылай деп хабарлады.

– 21 және 25 қазанда әр елде жасалған 14 фильм көрсетілді. Кеше (26 қазан) кешкісін маған "Зұлмат" фильмінің гуманитарлық сыйлыққа ие болғанын хабарлады. Бұл сыйлық гуманитарлық құндылықтарды дамытып, оны қорғауға үлес қосқаны үшін беріледі, – деді Мамай Азаттық тілшісіне.

Фильм авторы қазақ жеріндегі Ашаршылық жайлы фильмді АҚШ-та ағылшын тілінде көрсетудің маңыздын да атап өтті.

– Осыған дейін Қазақстандағы Ашаршылық жайлы қазақ тілінде сөйлейтін аудитория біліп келген еді. Бірақ бұл тақырып ешқашан халықаралық деңгейде көрсетілмеді де көрсетілмеді. Фильмді АҚШ-тағы ірі фестивальда көрсеткені өте маңызды. АҚШ-тың өткен ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанда не болғанын білгені маңызды. Менің ойымша, мемлекетіміз Ашаршылықты қазақ халқына жасалған геноцид деп танытуға күш салуы керек, – дейді Мамай.

Жанболат Мамай сонымен бірге "Зұлмат" фильмінің халықаралық фестивальға мемлекет көмегінсіз ілінгенін де айтты.

– Фестивальді ұйымдастырушы орыстілді журналистер мен режиссерлар маған хабарласып, "Зұлмат" фильмін жіберуді өтінді. Тамыз айында оны ағылшын тіліне аударып, фестивальге жібердік. Мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысы көмектескен жоқ. Оның үстіне "Зұлмат" фильмін кинотеатрда көрсеткеннен кейін Ресей сыртқы істер министрлігі реакция білдірген еді. Осыдан кейін мемлекеттік архивке кіруіме тыйым салды, – деді фильм авторы.

RusDocFilmFest ​орыс тіліндегі деректі фильмдер фестивалі АҚШ-та 2008 жылдан бері өтіп келеді. Әдетте фестивальге қатысқан фильмдер Нью-Йорк кинотеатрларында көрсетілетін, бірақ биыл пандемияға байланысты фильмдер онлайн көрсетіліп жатыр.

"Зұлмат" фильмі алғаш рет 2019 жылы қаңтар айында Алматыда көрсетілген. Бес бөлімнен тұратын деректі фильмде қазақстандық тарихшылардың 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы екі ашаршылық және оның себептері жайлы нақты деректері рет-ретімен көрсетілген.

Кейбір қазақстандық тарихшылар арасында "совет билігінің қылмысы толық ашылған жоқ, Қазақстан билігі Кремльден именетіндіктен оларды зерттеп, көрсетуге құлқы жоқ" деген пікір бар.

1917 жылғы революциядан кейін қазақ жерінде совет билігі орнап, саяси қуғын-сүргін күшейген. Тарихшылардың айтуынша, сол кезде басталған Ашаршылықтан 1,5 млн қазақ қырылған. Большевиктер ашаршылыққа қарамастан халықтың малын тартып алып, кәмпескелеген.

Фильмде көрсетілген зерттеушілердің айтуынша, 1931-33 жылдардағы Ашаршылыққа совет билігіне қарсы шыққан "ауқаттылардың" мүлкін тәркілеу және 1927-28 жылдары совет билігі жүргізген жаппай ұжымдастыру науқаны басты себеп болған.

Қазақстан және Украина тарихшылары 1931-33 жылдардағы Ашаршылық геноцид ретінде танылуы тиіс деп санайды.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG