Accessibility links

Ашаршылық туралы фильмді көруге келгендер залға сыймады


Ашаршылық туралы фильмдегі аншлаг
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

Ашаршылық туралы фильмдегі аншлаг

Алматыда өткен ғасырда қазақ жерінде болған ашаршылық туралы деректі фильмді көруге жұрт көп жиналғандықтан оны қайталап көрсетуге тура келді. Фильм авторы "Қазақстандағы ашаршылық геноцид ретінде мойындалуы тиіс" дейді.

КӨРЕРМЕН ЗАЛҒА СЫЙМАДЫ

Қаңтардың 30-ы күні кешке Алматыдағы "Арман" кинотеатрында журналист Жанболат Мамайдың 20 ғасырдың бас кезінде Қазақстанда болған ашаршылық туралы деректі фильмі көрсетілді. Бір сағат 25 минутқа созылатын деректі фильмді көруге көп адам жиналды.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, көрерменнің көптігіне байланысты фильм бір мезгілде театрдың үш залында қатар қойылған. Алайда соған қарамастан, залға сыймаған кей адамдар фойеде тұрып қалды.

"Арман" кинотеатрына қазақ жеріндегі ашаршылық туралы "Зұлмат" деректі фильмін көруге келгендер. Алматы, 30 қаңтар 2019 жыл.
"Арман" кинотеатрына қазақ жеріндегі ашаршылық туралы "Зұлмат" деректі фильмін көруге келгендер. Алматы, 30 қаңтар 2019 жыл.

Театр әкімшілігі мен фильм авторы Жанболат Мамайдың өзі фойеде иін тіресіп тұрған жұртқа микрофонмен сөйлеп, деректі фильмді бір сағаттан соң қайталап көрсететінін айтып, қауіпсіздік сақтауға шақыруға мәжбүр болды.

Деректі фильмді көруге келгендер арасында жастардың көптігі байқалды. Азаттық тілшісімен сөйлескен олардың кейбірі жоғары оқу орындарында оқитын студенттер екенін, "оқытушылары деректі фильмді көруге кеңес бергендіктен" келгендерін айтты.

Сонымен бірге фильмді көруге бірқатар тарихшылар мен мәдениеттанушылар және қоғам белсенділері де келді. Алғашқы және одан кейінгі сеанстарда орын жетпегендіктен деректі фильмді залдың шетіндегі бос жерде түрегеп тұрып көргендер де көп болды.

Жанболат Мамайдың "Зұлмат" деректі фильмі

"ҚАСАҚАНА ЖАСАЛҒАН ӘРЕКЕТ"

Бес бөлімнен тұратын "Зұлмат" деректі фильмінде қазақстандық тарихшылардың 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы екі ашаршылық және оның себептері жайлы нақты деректері рет-ретімен көрсетілген.

Ғалым Мекемтас Мырзахметов. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл.
Ғалым Мекемтас Мырзахметов. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Фильм әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметовтің естелігінен басталады. Ол аштық белең алған кезде ит-құс көбейіп, адамға шабуыл жасағанын, сондай кездердің бірінде сәби қарындасын тастап, өзін алып кетуге мәжбүр болған анасы жайлы естелігін айтады.

1917 жылғы революциядан соң совет билігі орнап, қазақ жерінде саяси қуғын-сүргін күшейген шақта басталған ашаршылық салдарынан, фильмде сөйлеген тарихшылардың айтуынша, бір жарым миллионнан астам қазақ қырылған. Совет большевиктерінің бұған назар аудармағаны және қазақ халқы өз бетімен енді ес жия бастағанда қайтадан барлық малын тартып алуға кіріскені айтылады.

Фильмде сөйлеген тарихшылардың пікірінше, совет өкіметіне "қарсы" ірі байлардың дүние-мүлкін тәркілеп, 1927-1928 жылдары жүргізілген жаппай колхоздастыру саясаты 1931-33 жылдардағы ашаршылықтың басты себептерінің бірі болған.

Қазақ жеріндегі ашаршылық туралы "Зұлмат" деректі фильмінен көрініс.
Қазақ жеріндегі ашаршылық туралы "Зұлмат" деректі фильмінен көрініс.

Тарихшылар "совет билігі қазақ халқын аштан қыру саясатын әдейі жүргізді ме" деген сауалға жауап іздегендерін айтады. Олардың сөзінше, "қазақ халқын ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өмір салтынан күштеп ажыратып, мәжбүрлеп отырықшыландыру, барлық малын тартып алу" туралы советтік биліктің құпия құжаттары мен директиваларының барлығы өкіметтің қасақана әрекет жасағанын көрсетеді.

Соның бір мысалы ретінде тарихшы Қайдар Алдажұманов 1930 жылға қарай Қарағанды қаласы тұрғындарының саны небәрі екі жылда ондаған есе өскенін, бірақ ол қазақ халқының есебінен емес, Қазақстанға сырттан келгендер есебінен көбейгенін айтады.

- Аштықтан Қарағандыға қарай босқан қазақтарды кіргізбеу үшін қаладан отыз шақырым жерге айналдыра әскери пост қойылды, сөйтіп, қаладан үміттенген қазақтар далада қырылып жатты, - дейді ол.

"Зұлмат" деректі фильмін көріп отырған адамдар. Алматы, 30 қаңтар 2019 жыл.
"Зұлмат" деректі фильмін көріп отырған адамдар. Алматы, 30 қаңтар 2019 жыл.

"КӨТЕРІЛІСШІЛЕРДІ БОМБАЛАҒАН БАТЫР"

Фильмнің бір бөлімі қазақ халқының совет өкіметіне қарсы қарулы күресіне арналған. Автор Жанболат Мамай 1928 жылғы тәркілеуден кейін қазақ жерінің әр өңірінде болған көтерілістердің барлығын атап өтіп, көтеріліс өткен жерлерді көрсетуге тырысқан.

"Зұлмат" деректі фильмінің авторы Жанболат Мамай.
"Зұлмат" деректі фильмінің авторы Жанболат Мамай.

​Ол 1929 жылы басталып, 1931 жылы советтік тұрақты әскердің күшімен басылған және ашаршылыққа байланысты өздігінен бәсеңдеген бұл көтерілістерді советтік үгіт-насихат "байлар мен молдалардың күресі" деп бағалағанын, шын мәнінде көтеріліс басшыларының арасында қарапайым азаматтар жеткілікті болғанын айтады.

Көтерілісшілерді жазалау саясаты мен ашаршылықтан қашқан бір жарым миллионға жуық қазақ шетелге босып кетуге мәжбүр болған.

Қазақстандағы ашаршылық туралы фотогалерея:

Жанболат Мамай келтірген тарихи деректер бойынша, Қазақстандағы көтерілістерді басуға совет билігі әскери ұшақтарды да пайдаланған. Фильмде Жетісу бойындағы көтерілісті бомбалаған ұшқыштың кейін "Совет Одағының батыры" атағын алып, совет халқының құрметіне ие болғанын айтады.

Фильм авторы келтірген бұл фактілердің соңғы кездердегі тарихи зерттеулер тенденциясына сәйкес келетіні аңғарылады. Тарихшылардың зерттеулеріне қарағанда, 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде советтік танымал қолбасшылардың кейбірі бұрын советтік Орталық Азия республикаларында қызмет атқарғаны және қазақ халқының қарулы көтерілістерін күшпен басуға араласқаны жайлы деректер жиі кездеседі.

1920-1938 жылдардағы советтік биліктің Қазақстандағы қылмысына жауаптыларды атап көрсету мәселесі Жанболат Мамайдың фильмінен тыс қалмаған. Құпия құжаттарда Сталиннен бастап, советтік басшылықта отырғандардың аты-жөні тегіс аталады.

Фильмде 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде Қазақстанды басқарған Филип Голощекиннің орнына тағайындалған Левон Мирзоянның Мәскеуге жазған құпия хаты да келтірілген. Осы құжаттағы "Мирзоянның Қазақстандағы жағдайдың ауыр екенін біліп келгені, бірақ ахуалдың дәл осындай қиын екенін білмегені, жергілікті жерлердегі лауазымды қызметкерлер азық-түлікті халыққа бермей, талан-таражға салуға" тырысқаны жайлы дерек те назар аудартады.

"УКРАИНАДА - ГЕНОЦИД, ҚАЗАҚСТАНДА ШЕ?"

Фильм авторы Жанболат Мамай 20 ғасырдың бас кезінде Қазақстанда болған ашаршылық жайлы және оған кейін берілген ресми баға туралы айтқанда Украина тарихшыларын да тартуға тырысқан.

1931-1933 жылдардағы ашаршылықта 4 миллионға дейін украин аштан қырылған деп санайтын Украина тарихшылары "советтік режим украин халқын әдейі қырып-жою саясатын ұстанды. Бұл ашаршылықты украин халқына қарсы геноцид" деп мемлекет ресми түрде мойындау үшін қалай еңбектенгендері жайлы айтады.

Қазақстанмен бір уақытта Совет одағының құрамында болып, ашаршылыққа бірдей ұшыраса да оны ресми түрде бағалауда айырмашылық барына Украина тарихшылары назар аударады. Олар Қазақстандағы ашаршылықты та геноцид ретінде тануға болады деген пікір білдіреді.

Қазақстандық тарихшылар ашаршылық туралы зерттеулер оған ресми түрде саяси баға беруге қазірдің өзінде жеткілікті екенін, бірақ Қазақстан билігі Ресейден именетінін осыған дейін бірнеше рет айтқан.

Тарихшы Қайдар Алдажұмановтың Азаттыққа айтуынша, 1991 жылы қарашада Жоғарғы Кеңесте арнайы комиссия құрылып, құқық қорғау органдарының құпия құжаттарын зерттеу басталған. Комиссия 1931-1933 жылдардағы ашаршылықты "қазақ этносына жасалған қастандық", "этноцид" ретінде сипаттаған. Бірақ қазақстандық тарихшылардың деректерін ресейлік зерттеушілер мойындағысы келмеген.

Тарихшы Қайдар Алдажұманов.
Тарихшы Қайдар Алдажұманов.

- Украина Голодоморды БҰҰ деңгейіне дейін көтерген кезде ғана Ресей "Украинада ғана емес, Солтүстік Кавказда, Ресейдің Еділ бойында, Мордовияда, Қазақстанда, тіпті Қырғызстанның оңтүстік аудандарында да ашаршылық болған" дегенді айта бастады. Сөйтіп Қазақстан мен Украинадағы трагедияның маңызын төмендеткісі келеді, - дейді ол.

Азаттық тілшісімен сөйлескен фильм авторы Жанболат Мамай советтік режим жасаған ашаршылықтың дүниежүзінде геноцид ретінде танылғанын қалайды, бұл іске қоғам мен билік жұмыла кірісуі керек деп есептейді.

- Украина билігі бұл мәселені көтеруден именген жоқ. Сипаты жағынан Қазақстандағы ашаршылықпен бірдей Голодоморды геноцид ретінде мойындату жұмыстарына одан әрі жалғастырып жатыр. Әлемнің көптеген елі Голодоморды геноцид ретінде мойындап жатыр. Сол сияқты 1931-1933 жылдары 2 миллионға жуық қазақты қырған зұлматты да әлемдік қауымдастыққа танытумыз керек. Ұлттың рухани жаңғыртудың бір көрініс сол, - дейді Мамай.

2017 жылы ақпанның 10-ы күні "БТА банктен қаржы жымқырған Мұхтар Әблязовтың ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деген күдікпен қамауға алынып, сот үкімімен бостандығы төрт жылға шектелген және журналистік қызметпен шұғылдануына тыйым салынған Жанболат Мамай соңғы кездері тарихи деректі фильмдер түсіре бастаған. Ол 2018 жылдың көктемінде "Алашорда" автономиялық үкіметінің қайраткерлері туралы жаңа деректі фильмін таныстырған еді.

Украинадағы ашаршылықты әлемнің 20-ға жуық елі геноцид деп таныған. Украина президенті Петр Порошенко Ресейді миллиондаған адам құрбан болған елдегі үлкен ашаршылық - Голодомор қырғынын мойындауға, "немесе кем дегенде осы үшін өкініш білдіруге" шақырған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG