Accessibility links

Ашаршылық туралы фильм неге аз?


1930 жылдарғы аштық кезіндегі қазақтар. (Дмитрий Багаев түсірген сурет.)

Кинорежиссерлер ашаршылық жайлы фильм түсіргенде қырғын мәселесі шығатынын, ал Қазақстан билігі Ресейге ұнамайтын тақырыптан тартынатынын айтады.

Қазақстандық продюсер Ернар Маликов 1931-33 жылдар аралығындағы жаппай ашаршылыққа байланысты зерттеулермен танысқан соң көркем фильм түсірмек болған.

"ӨЗ ҚАРЖЫСЫНА ФИЛЬМ ТҮСІРУ"

Ернар Маликов 1986 жылы "Желтоқсан" оқиғасынан зардап шеккенін, 1990 жылдары "Шаңырақ", "Баспана" деп аталатын қоғамдық ұйымдарға жетекші болғанын айтады. Режиссер ашаршылық туралы фильм түсіруге азаматтық ұстанымы себеп болды деп санайды. Көркем фильміне мемлекеттен қаржы бөлінбеген. Мәдениет және спорт министрлігіне де, "Қазақфильм" кинокомпаниясына да, бизнесмендерге де бірнеше рет барып, сценарийді көрсетіп, қаржы сұраған.

- Мәдениет министрлігі уәдемен шығарып салды, ал "Қазақфильм" сценарийімізді ұнатпаған сияқтанды. Шындап келгенде, ашаршылықты шынайы бейнелейтін фильмге қаржы бөлуге Ресейден жасқанатынын ұқтым. Өйткені ашаршылықты көрсеткенде Ресей большевиктерінің озбырлығын айтпау мүмкін емес. Ал біз большевиктер ұйымдастырған қырғынды фильмде боямасыз көрсетуге тырыстық, - дейді ол.

Қазақстанда болған ашаршылық туралы фильм түсіріп жатқан продюсер Ернар Маликов.
Қазақстанда болған ашаршылық туралы фильм түсіріп жатқан продюсер Ернар Маликов.

Биыл екі ай ішінде 100-ге жуық адаммен қысқы көріністерін түсірген Ернар Маликов қазір көркем фильмнің 80 пайызы дайын деп есептейді. Ол краудфандинг тәсілі арқылы халықтан 500 мың теңгедей ақша жинаған, әлеуметтік желіден видеоүндеу де жасаған. Бұл әрекетінен түскен ақша "теңізге тамған тамшыдай" болған соң, өзі қаржы іздеуге көшкен.

- Мәдениет министрлігінен қаржы алмағаныма қатты қынжылмаймын да. Өйткені шығармашылық еркіндігім өзімде қалды, - дейді Ернар Маликов.

"РЕСЕЙГЕ ЖАЛТАҚТАУ"

Азаттық тілшісімен сөйлескен кино мамандарының пікірінше, екі миллионға жуық (кейбір деректерде үш миллион шамасында – ред.) адам қырылған 1931-33 жылдардағы ашаршылық – қазақ киносы мен деректі фильмдерінде мейлінше аз қозғалатын тақырыптардың бірі.

1930 жылдары аштықтан босып бара жатқан қазақтар. (Суретті Дмитрий Багаев түсірген.)
1930 жылдары аштықтан босып бара жатқан қазақтар. (Суретті Дмитрий Багаев түсірген.)

Бұл пікірді ашаршылық туралы Жетісу телеарнасы түсірген "Бір уыс бидай" деректі фильмі авторларының бірі Серік Әбікен, "Ашаршылық" фильмінің режиссері Еркін Рақышев пен бірнеше деректі фильм авторы Қалила Омаров та растайды. Олардың сөзінше, халық жаппай қырылған ашаршылық саяси қылмыс болса, саяси қылмыскер де аталуы керек. Мамандардың сөзінше, Астана бұл мәселеге қатысты Мәскеуге жалтақтай береді. Өйткені Ресей "совет өкіметі Қазақстанда жаппай ашаршылық қолдан ұйымдастырды" деген ұстаныммен келіспейді.

Оқи отырыңыз: Тарихшылар ашаршылық құжаттары әлі құпия деп налиды

Сценаристер мен режиссерлар архив материалдарынан ашаршылық кезінде Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Филипп Голощекинмен қатар жергілікті коммунистер жөнінде де деректер тапқандарын айтады. Олардың сөзінше, билік олар туралы ашып көрсетуге де ынталы емес.

- 1916 мен 1938 жылдар аралығындағы қазақтың қасіретін көрсеткен фильм аз. 1986 жылы Амангелді Тәжібаев түсірген "Кейкі" деген көркем фильм, "Аманай мен Заманай" фильмі және бірер деректі фильмнен өзге ашаршылыққа байланысты деректерді тізіп, қасіретін ашқан толымды дүние жоқ. Бұл ретте Еркін Рақышевтің "Ашаршылығын" ғана атауға болар, - дейді Серік Әбікен.

Режиссер Еркін Рақышевтің "Ашаршылық" фильмінен үзінді:

ЖАНАМА ТҮРДЕ КӨРСЕТУ

Ал кинорежиссер Еркін Рақышев үш бөлімнен тұратын "Ашаршылық" атты деректі фильмді "Қазақфильмнің" тапсырысымен түсіргенін, бірақ оны орталық телеарналар көрсетуге сескеніп, эфирге шығармағанын айтады.

- Телеарналар бұл фильмде баяндалған жайттар Ресейге тиіп кетеді деп сескенетінін, жоғары билік рұқсат бермейтінін айтты. Бұл тақырыпқа көптеген режиссер бет бұрған еді. Бірақ "Қазақфильм" ақша бермейтінін байқаған соң ынтасы төмендеді, - дейді ол.

Мәдениет министрлігіне қарайтын "Қазақфильм" ұлттық кинокомпаниясында сегіз жыл жұмыс істеген кинорежиссер Қалила Омаров ашаршылық мүлдем жабық тақырып деп санамайды.

- [Билік] ашаршылық жайлы жұртшылық шуламасын деп түсіруге де рұқсат етеді. Бірақ телеарналардан көрсете алмайды. Мысалы, Алаштың 100 жылдығына арнап түсірген фильм де шықпай қалды, - дейді ол.

Ашаршылық кезінде көше кезіп жүрген әйел мен бала. Қазақстан, 1930 жылдар. (Дмитрий Багаевтың суреті.)
Ашаршылық кезінде көше кезіп жүрген әйел мен бала. Қазақстан, 1930 жылдар. (Дмитрий Багаевтың суреті.)

Қалила Омаровтың пікірінше, деректі фильмдерге тапсырыстар негізінен бір науқан уақытында беріледі де, фильмде сапа болмайды. Оның үстіне қазіргі уақытта деректі фильмдерді телеарналардың өздері түсіруге кіріскен.


Азаттық тілшісі "Қазақфильм" киностудиясымен хабарласып, ашаршылық тақырыбына қатысты мән-жайды сұрастырмақ болған. Киностудия баспасөз қызметінің өкілі Айнұр Исаева "Қазақфильм" киностудиясы түсірген картиналарда ашаршылық тақырыбы айтарлықтай қамтылған" деп жауап берді.

- Режиссер Дамир Манабаевтың "Сұрапыл Сұржекей", Сламбек Тәуекелдің "Жерұйық" деп аталатын көркем фильмдерінде, Жандос Еспенбетовтің қысқаметражды "Жұт" фильмінде, Болат Қалымбетовтың "Талан" атты көркем фильмінде, Бақыт Қайырбековтің Жұмат Шанин туралы деректі фильмінде ашаршылық жанама түрде көрсетіледі. Ермек Тұрсыновтың "Жат" фильмі де "Қазақфильмнің" қатысуымен түсірілген. Онда да ашаршылық жайы жанама болса да айтылған. Ал ашаршылыққа тікелей арналған фильм Еркін Рақышевтің "Ашаршылығы" ғана екені рас, - дейді ол.

Айнұр Исаеваның айтуынша, "Қазақфильмде" сарапшылар кеңесінің шешімімен сатып алынған, бірақ өндіріске жіберілмеген ашаршылық жайлы сценарийлер көп.

Долинка мұражайындағы "Қазақстандағы ашаршылық" фотокөрмесі:

Сатып алынса да, мұндай сценарийлердің не себепті өндіріске жіберілмейтіні туралы Азаттық сауалына Айнұр Исаева басшылық қана жауап бере алатынын айтты. Азаттық Мәдениет және спорт министрлігіне: "1931-33 жылдарғы ашаршылық жайлы фильм түсіруге Ресейдің Қазақстандағы ашаршылықты қылмыс деп санамайтыны әсер ете ме?" деген сауал қойған еді. Министрлік өкілі сұраққа бірден жауап қайырмай, жазбаша жолдауды сұрады.

Түрлі деректерде 1931-1933 жылдары Қазақстанда болған жаппай ашаршылық кезінде 2 миллионнан 4 миллионға дейін адам қырылғаны айтылады. Тарихшылардың пікірінше, 1930 жылдардың басында Орталық Азиядағы ең көп санды этнос саналған қазақтардың қатарын қатты сиреткен бұл ашаршылыққа саяси тұрғыдан да, академиялық зерттеу тұрғысынан да әділ баға берілмеген.

Фотогалерея. Австриялық тұтқын Украинада көрген ашаршылық:

1930 жылдардағы ашаршылықты 2006 жылы Украина парламенті "украин халқына жасалған геноцид" деп бағалады. 2008 жылы Еуропарламент "Голодоморды" "адамзатқа қарсы жасалған қылмыс" деп таныды. Дәл осы жылдары Қазақстанның да басынан кешкен зұлматына қатысты ел билігі әлі қорытынды шығармаған. Бұл қырғын мамырдың 31-інде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде ғана қоғамда кеңірек сөз болады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG