Accessibility links

Бүгін Октябрь революциясына ғасыр толды. Азаттық тілшісі тарихшы Қайдар Алдажұмановпен Октябрь революциясының Қазақстанға не бергені және қандай нәубет әкелгені туралы әңгімелесті.

Азаттық: – 1917 жылы қарашаның 7-сі күнгі (ескі календарьмен қазан айында болған ) Ресей империясында болған Октябрь төңкерісінің дүмпуі қазақ даласына қанша уақыттан кейін жетті? Қазақстанда төңкеріс болғанын дәл сол күні білді ме?

Қайдар Алдажұманов: – Совет заманының өзінде «Совет үкіметі қалай орнады?» деген сауал төңірегінде тарихшылар арасында айтыс болған. Тіпті сол кездегі, яғни 1920 жылдардағы қазақ басшыларының өздері «Октябрь революциясы Қазақстанға тек телеграфпен келіп орнаған» деген принципте болған. Оған кейбіреулері қарсы шығып, тіпті кешегі 1960 жылдарға дейін ғалымдардың өзі «жоқ, қазақтар бірден қолдаған, қазақтардың көзі ашық болған» деп келді. Шындығында олай емес. Лениннің кім екенін Сәкен Сейфуллиндердің өзі 1918-1919 жылдары естігенін айтады (Сейфуллин 1920 жылдары Қазақстан халық комиссарлары кеңесі төрағасы болған - ред.). Сондықтан қазақ даласына Қазан төңкерісі (Октябрь революциясын айтады – ред.) келген кезде қазақтар оның не екенін білмеді, түсінбеді және қабылдаған жоқ. Кейін, онда да азамат соғысы жеңіп, Кеңес үкіметі (Совет үкіметін айтады – ред.) барлық жерде бірдей орнағаннан кейін барып жаңа мемлекет екенін мойындады.

Оқи отырыңыз: Өзі құрған өкімет Сейфуллиннің өзін де аямады

Сәкен Сейфуллин.
Сәкен Сейфуллин.

Азаттық: – Қазақ даласында Совет үкіметі қай жылы толық орнап бітті?

Қайдар Алдажұманов: – Совет мемлекетінің толық орнап біткен кезі – 1921 жылдың көктемі. Себебі, азамат соғысының қимылдары сол кезге дейін созылды. Ал Қызылорда секілді темір жол бойындағы жерлерде 1918 жылдың көктеміне дейін орнап бітті де, қайтып құламады.

Азаттық: – Октябрь революциясы Қазақстанға қандай нәубет әкелді, жақсылығы не болды?

Қайдар Алдажұманов: – Қазан төңкерісінің ұтыстары мен ұтылыстарын таразыға салып қарайтын болсақ, бергені мен алғаны бірдей болуы мүмкін. Себебі, революцияға дейін Қазақстан халқының саны бес жарым миллион болған. Соның 2 миллимон 200 мыңы аштық жылдары қырылды. Оның 1 миллион 750 мыңы - қазақтар. Аштық 1936 жылға дейін жалғасты. Осыдан үш жыл бұрын Мәскеудегі орталық мемлекеттік архивтен халық санағының жабық материалдарын, сосын 1931 жылдан бері қарайғы аштық мәселесіне қатысты Украина құжаттарын қарадым. Өйткені Украинада 3 миллион адамның аштан қырылғаны белгілі.

Ашаршылық кезіндегі босқын қазақтар.
Ашаршылық кезіндегі босқын қазақтар.

Сонда олар халықтың өсімі мен өліміне қатысты әр ұлтты жеке жазған. Солардың арасында қазақтарға да жеке бағана арнаған. Яғни, мынанша қазақ өмірге келді, мынанша қазақ өлді деген ақпараттар жүр. Ондай ақпараттар тек Запорожье облысында емес, Архангелск, Мурманск, тіпті қиыр Шығысқа қатысты халық санында арнайы бағаналармен көрсетілген. Әбден ашыққан, орталық Қазақстаннан ешқайда шыға алмай қырылған ауылдардан басқа, шамасы жетіп, теміржол жағалағандар сталиндік бес жылдықтарда салынып жатқан зауыттарға қара жұмысқа жалданған. Оларға тек карточка жүйесімен тамақ берілді. Онан кейін 1933 жылдан бастап ашаршылық зардаптарын жоямыз деген қаулы шығарды. Онда жаңағыдай жалданып, анау Камчаткаға дейін барған қазақтарды еліне қайтару керек екені айтылған. Осы қаулы негізінде жалданып жұмыс істеп жүрген қазақтардың барлығы жұмыстан шығарылған. Бірақ олардың ешқайсысына қайтар жолына қаражат берілмеген. Солардың барлығы дерлік Мәскеудің теміржол вокзалында қырылып қалған. Осындай фактілер бар. Яғни, қазақтың аштығы 1936 жылға дейін жалғасқан. Бұл – Кеңес үкіметінің (Совет үкіметін айтады – ред.) қазаққа әкелген ең үлкен трагедиясы. Мұнан басқа, қазақ териториясын жер аударылғандардың отаны етті. Қазақ өз жерінде азшылыққа айналды. Қазақ тілінің аясы тарылды.

АШАРШЫЛЫҚ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ГЕНОЦИДІ БОЛҒАН БА?

Азаттық: – 1930 жылдардағы ашаршылық негізінен Украина мен Қазақстанда ерекше болды. Тіпті ашаршылықтан бас сауғалаған қазақтар көрші Қырғызстанға, Сібірге, Қытайға босты. Қазақ даласында ашаршылықтың қатты жүруі билікке ұмтылған «алашордашылар» әрекетімен байланысты ма, әлде жергілікті басшылар әсіреқызыл белсенділігі кесірі ме?

"Алаш" һәм "Алашорда"

20-ғасыр басында бір топ қазақ интеллигенті құрған "Алаш" партиясы қазақ ортасында либерализм идеяларын насихаттаған.

"Алаш" партиясы 1917-1918 жылдары қызмет етті. Тарихшылар "Алаш" автономиясы мен "Алашорда" үкіметінің құрылуын осы ұйым қызметімен байланыстырады. "Алаш" партиясы жетекшілері Ресей империясының қазақтар қоныстанған территорияларын Алаш автономиясына біріктіруді мақсат тұтқан. 1937-1938 жылдары "Алаш" партиясының жетекшілері түгелге жуық сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналды. Тарихшы Оливьер Руа "Алашты" Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби партия деп сипаттайды.

Қайдар Алдажұманов: – Аштық пен «Алашорда» арасында байланыс жоқ. Ашаршылықтың басты екі себебі бар. Біріншісі, біз айтып жүрген Сталин мен Голощёкин. Бірақ бұл тек ішкі фактор ғана. Екінші - патшалық Ресей аграрлық ел болды. 135 миллион адамның бес миллионнан басқасы шаруалар еді. Сонда артта қалған аграрлық Ресейді алға шығарамыз деп Кеңес үкіметі (Совет үкіметін айтады – ред.) жоспар жасағанымен, оған қаражаты болмады. Бұл Қазан төңкерісінің негізінде орнаған мемлекет ерекшелігі еді. Яғни, [Совет Одағы] мемлекеттік меншікке негізделген ел болды. Бұдан қорыққан Батыс елдері Кеңес үкіметін жаппай блокадада ұстады. Тек қана астық сатып алып отырған. Осы кезеңде Қазақстан Кеңес үкіметінің көзіне таусылмас қазына болып көрінген. Мәселен, 1929 жылы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 47 миллион мал басы болған екен. Сол малдан 1934 жылы қаңтардың 1-інде төрт-ақ миллион қалған. Өйткені, азық-түлік үшін керекті етті Қазақстаннан жаппай тартып ала берген. Сонымен қатар, жергілікті басшылықтың да кінәсі бар. Өйткені Қырғызстан да мал шаруашылығымен айналысатын ел. Олардан да мал алды. Бірақ басшылары біздегі секілді ұрда-жық, солақай саясат ұстанған жоқ. Халқын қорғауға тырысты.

Қараңыз: Қазақстандағы ашаршылық туралы неміс тарихшысының пікірі

Азаттық: – Ал қазақ басшыларының бірлігі болмауына не себеп болды?

Қайдар Алдажұманов: – Ақпан төңкерісіне (1917 жылы ақпанның 27-сі күні Ресейде патша құлап, уақытша үкімет орнаған) дейін қазақ зиялылары бір бағытта болатын. Кейін Кеңес үкіметін қолдаған Сәкен Сейфуллиннен бастап барлығы қазақ комитетінде болды. Ал бұлардың айырылатын жері – 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен алғашқы жалпы қазақ сьезі. Сол сьездің төрінде кімдер отырды?

Қазақстандағы репрессия

Ежовтың 1937 жылы шығарған №447 бұйрығында репрессияны 1937 жылы тамызда бастап, төрт айда аяқтау, Қазақстанда 2500 адамды ату, 5000 адамды қамау туралы пәрмен берілді. Қуғын-сүргін төрт ай емес 1938 жылға қарашаға дейін - 15 ай жалғасты. Кей деректер бойынша, Қазақстанда 120 мыңға жуық адам сотталып, 25 мың адам атылған.

1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезінде патша әскерін ертіп жүріп, өздерінің қазақ ауылын қырғызған болыстар мен билер отырды. Мәселен, Сәкен Сейфуллин «Кеше халықты қанаған паң Нұрмағамбеттер баратын болса, онда бұл сьездің құны бізге көк тиын. Онда біз анау ұрандатып, кедейге көмектесеміз деген болшевиктер жағына шығамыз» деп жазды. Міне, қазақ оқығандарының екіге жарылуы осы кезде басталды. Сол кездегі бірінің үстінен бірі жазған арыздардың біразын көрдім. Алаш қозғалысына қатынасқандардың көбі білімі бар адамдар. Ал Совет үкіметіне білімі бар адамдар керек еді. Сол себепті оларды қызметке алды да, кейін сенімсіздік көрсетіп басшылық қызметтерден ептеп ысыра бастады. Оған басты себеп – «мынау кеше Алашордашыл болған» деп үстінен арыз жазған белгілі қайраткерлер де болды. Сөйтіп бірінің үстінен бірі арыз жазған. Мысалы, Нәзір Төреқұлов деген жас қайраткер тек Сәкен Сейфуллиннің үстінен төпелетіп жаза берген. Совет үкіметін қолдаған романтик ақын Сәкен Сейфуллин сол тұста Ленинмен қатар дүрілдеп тұрған Октябрь революциясы жетекшілерінің бірі Троцкий туралы бір өлеңін «Домбыра» деген жинағына енгізген. Осы бір өлеңі өмірінің соңына дейін үстінен жазылған арыздарға арқау болды.

ВИДЕО: Ашаршылық кезінде адамдар бірін-бірі жеген бе?

Азаттық: – Сіз Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінде ұзақ отырдыңыз. Олардың арыздарын көрдіңіз. Неге жарияламасқа? Қазақстан азаматтары сол кезеңді әділ түрде таразылауға мүмкіндік алуы керек емес пе?

Қайдар Алдажұманов: – Мен осы мәселені айтып жүрмін. 1990 жылдары үлкен эмоциямен «Алашорда» қайраткерлерін бірыңғай мақтадық. Совет кезінде әспеттелген адамдарды керісінше, таптай бастадық. Тіпті кейде болмаған нәрселерді теліп жібердік. Мәселен, «Алашорда» қазақтың тұңғыш тәуелсіз мемлекетін жариялады» дейді. Шындығында олай емес. «Алашорда» «автономия сұраймыз» деген. Керек десеңіз, одақтас таңдаған кезде қазақты қырған Анненковпен де, Дутовпен де ауыз жаласты. Қазақтың «Үш жүз» партиясын құрған Көлбай Төгісовті ақтарға ұстап берді.

ВИДЕО: "Үлкен террор" және Қазақстан

Азаттық: – Ондай қиын шешімдерді, ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді сол аласапыран кезең әкелген нәубет делік. Ал бұл төңкерістің жақсылығы қандай болды?

Желтоқсан оқиғасы

1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақ ССР орталық комитеті басшылығынан Дінмұхаммед Қонаев алынып, орнына Геннадий Колбин тағайындалды. Бұған наразы студент және жұмысшы қазақ жастары желтоқсанның 17-сі күні Алматыдағы Брежнев алаңына (Республика алаңы) шықты. Түрлі деректерде алаңға ондаған мың жастардың шыққанын жазады. Наразылық шеруін совет билігі күшпен басып-жаныштады. 99 адам түрлі мерзімге сотталды, екі адам ату жазасына кесілді.

Қайдар Алдажұманов: – Қазақ хандығы құлап, Ресей қоластына кіруге мәжбүр болған кезден бастап тұңғыш рет, 1920 жылы қазақ мемлекеттілігін қайта құрып берді. Яғни, Қазақ Автономиялық Советтік Республикасы құрылды. 1936 жылы желтоқсанның 5-і күні Қазақстан одақтық республикаға айналды. Сол Совет мемлекетінің кезінде айқындалған этникалық территориясы, әкімшілік шекарасы сақталып, 1991 жылы тәуелсіз мемлекет болып шықтық. Онан басқа, қазаққа жаппай білім берді. Ғылым академиясын құрып берді. Совет үкіметі тарағанда Қазақстанда 43 ғылыми зерттеу институты болыпты. Біз эмоциялық кезеңнен өттік. Сондықтан 1917 жылғы Қазан төңкерісінен (Октябрь революциясын айтады – ред.) кейінгі қайраткерлерге жоғарыдан қарайық. Соларға обьективті түрде, мақтамай, даттамай дұрыс бағасын берейік.

Азаттық: – Бұрынырақ советшіл пікірлеріңізді байқайтын едік. Қазір Совет үкіметі әкелген қасіреттерді де айтасыз. Совет Одағына көзқарасыңыз қай кезден өзгере бастады?

Қайдар Алдажұманов: – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын көзбен көрдік. Бұл біздің әуелгі ой-пікіріміздің өзгеруіне себеп болған еді. Кейін алты жарым ай архивте отырып, барлық құпия жазбаларды көргеннен кейін, көзқарастарым толық өзгерді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG