Accessibility links

Қырғызстанда бұрынғы премьер-министр мен Бішкектің экс-мэріне іздеу жарияланды


Сапар Исаков (сол жақта) және Албек Ибраимов.
Сапар Исаков (сол жақта) және Албек Ибраимов.

Қырғызстанда қазан айының басында демонстранттар талабымен қамаудан босатылған бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков пен Бішкектің бұрынғы мэрі Албек Ибраимовқа іздеу жарияланды. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада осылай деп жазылған.

Осыған дейін құқық қорғау органдары олар 12 қазанға дейін түрмеге оралмаса, арнайы шаралар қолданатынын хабарлаған еді.

17 қазанда әлеуметтік желіде Сапар Исаковтың Франциядан саяси баспана сұрағаны жайлы ақпарат тараған. Ал Қырғызстан социал-демократиялық партиясындағы бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты қолдайтын топ өкілі Кундуз Жолдубаеваның айтуынша, Исаковтың қайда екенін бұрынғы шенеуніктің отбасы да, әріптестері де білмейді. Әріптестері Исаковтың қолында жеке басын анықтайтын құжаттары да жоқ екенін айтады.

6 қазанға қараған түні демонстранттар талабымен бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев және онымен бірге Бішкек жылу электр цехы жобасындағы жемқорлыққа қатысты сотталған бірқатар саясаткерлер Салайдин Авазов, Дамир Мусакеев, Райкан Тологонов және Айбек Калиев босатылған. Кейінірек олардың бәрі қамауға қайта алынған. Бірақ жоғарыда аталған бұрынғы екі шенеунікті құқық қорғау органдары таба алмаған.

2019 жылы маусым айында Бішкек соты Сапар Исаковты "Жемқорлық" бабы бойынша кінәлі деп тауып, 18 жылға бас бостандығынан айырған. Бұған қоса, 247 млн 650 мың 281 сом көлемінде айыппұл салған. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, өзін саяси қудалап отырғанын айтқан.

Ал Бішкектің бұрынғы мэрі Албек Ибраимовке 2019 жылдың соңында үкім шыққан. Оған да "Жемқорлық" бабы бойынша айып тағылды. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG