Accessibility links

Ресей прокуратурасы Собяниннің үйден жұмыс істейтіндерге қатысты жарлығын тексереді


Мәскеу мэрі Сергей Собянин.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин.

Мәскеу прокуратурасы қала мэрі Сергей Собяниннің қашықтан істейтін қызметкерлер дерегін жинау туралы жарлығының заңдылығын тексере бастады. Мәскеу қалалық думасына "Әділетті Ресей" партиясынан сайланған депутат Михаил Тимонов Facebook парақшасында осылай деп хабарлады.

Ол осыған дейін өзге депутаттармен бірге құқық қорғау органдарынан қала әкімшілігі жарлығының заңдылығын тексеруді өтінген еді. Ресей заңнамасы жұмыс берушілерге жұмысшылардың жеке мәліметін олардың жазбаша рұқсатынсыз беруге тыйым салады.

Осыған дейін ресейлік бірнеше IT компаниясы да осыған ұқсас өтініш жасаған. Алайда цифрлық даму министрлігі Мәскеу әкімшілігінің әрекетінен заңсыз нәрсе таппаған.

Жұмысшылардың жеке мәліметін беру туралы талапты заңгерлер мен құқық қорғаушылар сынаған. Заңгерлердің айтуынша, "Собянин жарлық шығарып, Еңбек кодексі немесе Жеке мәлімет туралы заңды өзгерте алмайды". Олардың сөзіне қарағанда, жеке мәлімет ұғымына адамды анықтауға көмектесетін кез келген мәлімет, мысалы телефон нөмірі де кіреді.

12 қазаннан бастап компаниялар қызметкерлерінің кемінде 30 пайызын қашықтан істеуге көшіруі тиіс және есеп беру мақсатында әкімшілікке қызметкерлерінің жеке мәліметін беруі қажет.

Егер компания талапты орындамаса, оларға айыппұл салынуы мүмкін және жұмысы тоқтатылуы мүмкін деп айтылған.

Осыған дейін Мәскеу билігі компаниялардан жұмысшылардың "аты-жөнін атамай немесе адамды анықтауға көмектесетін өзге де мәліметсіз" дерек сұрау заңға қайшы емес деп мәлімдеген. Олар қызметкерлердің жүрген жерін анықтауға тырыспайтынын, тек шектеу шараларының тиімділігін бағалағысы келгенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG