Accessibility links

Нұр-Сұлтанда екі белсенді әкімшілік қамауға алынды


Қазақстандағы "Қытай экспансиясына" қарсы наразылыққа шыққан Асқар Қайырбек. Нұрсұлтан, 18 тамыз, 2019.
Қазақстандағы "Қытай экспансиясына" қарсы наразылыққа шыққан Асқар Қайырбек. Нұрсұлтан, 18 тамыз, 2019.

28 қазанда нұрсұлтандық азаматтық белсенді Асқар Қайырбектің – 15 тәулікке, көп балалы аналар белсендісі Феруза Ордабекованың 10 тәулікке қамалғаны белгілі болды. Оларға "заңсыз митингіге шақырды" деген айып тағылған.

Полиция сейсенбі, 27 қазан күні кешке қарай Асқар Қайырбектің үйін тінтіп, артынша өзін алып кеткен.

Нұр-Сұлтан қалалық соты баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Асқар Қайырбекті "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарған (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабының 7-тармағы).

43 жастағы Асқар Қайырбек Қазақстан үкіметінің саяси шешімдеріне қарсылық білдіріп, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп жиі наразылық білдіріп жүр. Осы белсенділігі үшін ол бірнеше мәрте әкімшілік қамауға алынған. Ол биыл қаңтарда "Полиция талаптарына бағынбау" бабымен бес тәулікке қамалған. Тамызда полиция оны көшеден күштеп алып кеткені хабарланған.

27 қазан күні кешке қарай қамауға алынған көп балалы аналар белсендісі Феруза Ордабекова да дәл осы баппен айыпталған. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оны Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында, және WhatsApp мессенджеріндегі чатта рұқсат етілмеген митингіге шақырды деп айыптап, 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

Көп балалы аналар мәселесін көтеріп жүрген Феруза Ордабекова 23 қыркүйекте бес тәулікке қамалған. Ол жолы Ордабекова ұсақ бұзақылық жасады (Әкімшілік кодекстің 434-бабы) деп айыпталған.

Бақытжан Төреғожина, Ғалым Ағелеуов бастаған құқық қорғаушылар 31 қазанда Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда саяси қуғындауды тоқтатуға үндейтін митинг өткізуді жоспарлап отыр. Олар қалалық әкімдікке митинг өткізу бойынша ескерту тапсырып, рұқсат алған. Дегенмен, Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин эпидемиялық жағдайдың “өзгеруіне” байланысты “көп кісі қатысатын митингілерге тыйым салу мәселесін” қарастырып жатқандарын мәлімдеген.

Басқа өңірдегі азаматтар да Алматыдағы белсенділерді қолдап жиын өткізуге талпынған. Бірақ Ақтөбе, Шымкент, Орал сияқты қалаларында билік "эпидемия жағдайына байланысты кісі көп жиналатын шаралар ұйымдастыруға болмайды" деп, митингіге келісім бермеді. Көп қалада белсенділер митинг өткізу жөнінде бірнеше мәрте ескерту берген.

Билікке қарсы көзқарастағы азаматтар митингісі өтетін күн жақындаған сайын белсенділерді полицияға шақыру, үйлерін тінту, қамау жиіледі.

Бейбіт жиындар туралы заңға сәйкес, азаматтар бейбіт митинг өткізу ниеті жайында билікке күні бұрын ескертуі тиіс. Әкімдік шараны қолдамаса, онда ол “заңсыз” болып саналып, ұйымдастырушылар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Биылғы 25 мамырда қабылданған заң бейбіт жиындар ұйымдастыру мен оларға қатысуды оңайлатуы тиіс болған. Заң қабылданған кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның “басты ерекшелігі” – “рұқсат алу қажеттігі” болмай қалды деген. Заңды көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары сынға алған. Олардың айтуынша, жаңа құжат керісінше бейбіт митинг өткізуді қиындатып, биліктің мұндай шараларды бақылауына көбірек мүмкіндік береді. Қазақстан азаматтарының бейбіт жиын өткізу құқығы елдің Конституциясында жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG