Accessibility links

Франция індетке байланысты локдаун енгізді


Франция президенті Эммануэль Макрон.
Франция президенті Эммануэль Макрон.

Франция мен Германия коронавирусқа байланысты карантин шараларын күшейтіп жатыр. Франция президенті мен Германия үкіметі шектеу шараларын қатайту туралы шешім қабылдады.

30 қазаннан бастап Франция локдаун режиміне көшеді. Қоғамдық шаралар кейінге шегеріліп, адам көп жиналатын жерлер – мейрамхана, барлар жабылады. Франция президенті Эммануэль Макрон халыққа үндеуінде осылай деп мәлімдеді.

Өзге елдерден келгендер коронавирус тестінен өтуге міндетті. Тұрғындардың басқа жаққа кетуіне тыйым салынған. Тек жұмысқа, дәрігерге бару, азық-түлік сатып алу немесе аздап серуендеу үшін ғана үйден шығуға рұқсат етіледі.

Шектеу шаралары 2 желтоқсанға дейін созылады деп айтылады, бірақ екі апта сайын үкімет эпидемиялық ахуалды бағалап, шараларды жұмсарту немесе қатайту туралы шешім қабылдайды.

Германияда шектеу шаралары 2 қарашадан бастап енгізіледі. "Неміс толқыны" сайтының хабарлауынша, қызмет көрсету саласындағы компаниялардың басым бөлігі және ойын-сауық орындары бір айға жабылады. Мейрамхана, дәмханалар клиент қабылдамайды, тек тамақ сата алады.

Спорт шараларына көрерменсіз өтеді, қонақ үйлер туристерді қабылдамайды.

Осы апта басында Испанияда індетке байланысты төтенше жағдай жарияланған. Канар аралынан бөлек, барлық аймақта түнде комендант сағаты енгізілді. Үкімет бұл режимді келесі жылдың мамыр айына дейін күшінде қалдырамыз деп отыр.

Италияда 2 қарашадан бастап кинотеатрлар, бассейндер мен спортзалдар жабылады. Мейрамхана, бар, кішігірім дүкен-дүңгіршектер кешкі сағат 6-да жұмысын тоқтатады. Жоғары сынып оқушылары қашықтан оқи бастайды.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 44,4 млн адамға жетті. Күн сайын орта есеппен 450 мың адамнан Covid табылады. Індет басталғалы бері одан 1 млн 174 мың адам көз жұмған. 30 миллионнан астам адам жазылған.

Бұл - ел үкіметтерінің ресми деректері негізінде жиналған мәлімет. Сондықтан ол нақты әрі толымды болмауы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG