Accessibility links

АҚШ-та қара нәсілді ер адам өлімінен кейін наразылық тұтанды, коменданттық сағат енгізілді


Филадельфиядағы наразылық.
Филадельфиядағы наразылық.

АҚШ-тың Филадельфия қаласында полицей пышағы бар қара нәсілді ер адамға оқ атқаннан кейін наразылық тұтанып, билік қалада коменданттық сағат енгізуге мәжбүр болды.

Марқұмның анасының айтуынша, 27 жастағы Уолтер Уоллестің психикасында ауытқулар болған.

Бизнес нысандары екі күнге созылған тәртіпсіздіктен кейін шығынға батқанын мәлімдеп, 28 қазанда билік коменданттық сағат енгізді.

Жаппай наразылық кезінде 170-тен астам адам ұсталған, 50 полиция қызметкері жараланған.

Полиция мәліметінше, Уолтер Уоллес 26 қазанда "пышақты жерге таста" деген бұйрыққа қарамастан полицейлерге қарай жылжи берген. Полицейлер осыдан соң оқ атқан.

Уоллес өлімінен кейін қалада наразылық тұтанып, өзге қалаларға да жайылған.

Филадельфиядағы тәртіпсіздік президент сайлауы қарсаңында саяси күштер арасында бәсеке қызған шақта болып отыр. Наразылар афроамерикалық азаматтарға күш қолдану оқиғалары жиілегенін айтып, полицияны айыптады.

Осыған дейін де бірнеше қара нәсілдінің полицей қолынан қаза табуы жаппай наразылық туғызған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Филадельфиядағы оқиғаны "адам шошырлық жайт" деп атап, ол жаққа федералдық көмек жіберуді ұсынды.

"Америка тағы бір қара нәсілді азаматынан айырылды" деп мәлімдеген Джо Байден “біз елде психикалық саулық дағдарысының адам өлімімен аяқталуына жол бере алмаймыз” деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG