Accessibility links

Полиция қара нәсілдіге тағы да оқ атты. АҚШ-та не болып жатыр?


Кеноша қаласындағы наразылық. 24 тамыз 2020 жыл.
Кеноша қаласындағы наразылық. 24 тамыз 2020 жыл.

АҚШ-тың Висконсин штатындағы Кеноша қаласында бесінші күн қатарынан полиция қатыгездігіне және нәсілшілдікке қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр.

ОҚИҒА НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

23 тамыз күні Кеноша полиция қызметкері белгісіз бір әйелден түскен шағым бойынша, оқиға орнына барып, 29 жастағы афроамерикалық Джейкоб Блейкті ұстамақ болған. Полиция оған алдымен электрошокер қолданған. Бірақ онысы сәтсіз болып, Блейк полиция қолынан сытылып шығып, үш баласы отырған көлігіне ұмтылған. Блейк көліктің есігін ашып міне берген кезде полицей артынан жеті рет оқ атқан. Оның төртеуі тиген, салдарынан Блейк ауыр халде ауруханаға түскен, белінен төмен сезбей қалған. Оқ атқан – полиция офицері Растин Шески. Ол полиция қызметінде жеті жыл жұмыс істеген.

Оқиға куәгерлері болған жағдайды видеоға түсіріп, ол әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Қаланың оқиға орнына жиналған наразы тұрғындары полиция бөліміне жол тартып, ол жерде қоршауға тап болған. Жағдай ушыға бастағанда қала басшылығы комендант сағатын жариялады, бірақ ол наразыларды тоқтатпады. Жаппай тәртіпсіздік басталып, наразылар мен полиция қақтығысты. Полицейлер көз жасаурататын газ қолданған. Тәртіпсіздік салдарынан ондаған көлік өрткен оранған, бірқатар мекеменің терезесі шағылған. Келесі күндері наразылық қайта жалғасты. Оқиға бүкіл АҚШ-тың назарын аудартып, өзге қалаларда да қарсылық акциялары өтті.

Наразылық кезінде өртенген көліктер. 25 тамыз 2020 жыл.
Наразылық кезінде өртенген көліктер. 25 тамыз 2020 жыл.

Висконсин штатының губернаторы Тони Эверс төтенше жағдай жариялап, шамамен 100 мың тұрғыны бар қалаға ұлттық гвардия жасақтарын жіберді.

Блейкті ұстауға барған полицей қызметтен шеттетілген, Әділет департаменті қылмыстық іс қозғады.

Висконсин штатының бас прокуроры Джош Каул Блейк көлігінің ішінде пышақ болғанын айтты. Бірақ Блейктің адвокаты Бенджамин Крамп оның полицейлерге ешқандай қауіп төндірмегенін жеткізді.

Associated Press агенттігінің жазуынша, оқиға куәгері 22 жастағы Рейсиан Уайт Блейктің үш полицеймен тартысқанын, полицейлердің "Пышақты таста! Пышақты таста!" деп айқайлағанын естіген. Бірақ ол Блейктің қолынан ешқандай пышақ көрмегенін айтты.

Висконсинде полиция қара нәсілді адамды атқан соң наразылық күшейді

Висконсинде полиция қара нәсілді адамды атқан соң наразылық күшейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:59 0:00

НАРАЗЫЛЫҚ КЕЗІНДЕ ЕКІ АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде екі түрлі науқан жүрді. Бірі афроамерикалықтарға қарсы нәсілшілдікті, полиция қатыгездігін тоқтатуға шақырса, бірі полиция мен қала тәртібін қорғауды қолға алуға шақырды. 26 тамыз күні Кеношадағы наразылық кезінде шерушілер қаланы тонаушылардан қорғаймыз деген бір топ еркекпен қақтығысып қалған. Қақтығыс кезінде оқ атылып, 26 және 36 жастағы екі еркек қаза тапты, бір адам жарақаттанды. Кісі өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалып, 17 жастағы Кайл Риттенхаус күдікті ретінде қамауға алынды. Риттенхаус – Кеношадан 24 километр қашықтықтағы Антиохия (Иллинойс) штатының тұрғыны. Күдіктіге алты қылмыстық айып тағылып отыр.

Кеношадағы наразылық. 25 тамыз 2020 жыл.
Кеношадағы наразылық. 25 тамыз 2020 жыл.

Vox.com сайтының жазуынша, полиция жасақтары винтовкамен қаруланған Кайл Риттенхаусты көрген. Висконсин штатының заңы бойынша, Риттенхаус қару ұстауға рұқсат берілетін жасқа толмаған. Полиция одан қаруды тартып алудың орнына, оған қолдау көрсеткен.

САЯСАТКЕРЛЕР ПОЛИЦИЯ ӘРЕКЕТІН СЫНАДЫ

Висконсин штатының губернаторы Тони Эверс оқиғаның мән-жайы толықтай ашылмаған айта отырып, полицияның оқ атуын сынға алды. "Анық білетініміз, бұл – штатымызда не елімізде қара нәсілді адамның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолынан алғаш қаза табуы не жарақат алуы емес" деді Эверс.

Демократиялық партия атынан АҚШ президенті сайлауына түсіп отырған Джо Байден полиция қызметкерлері әрекеті үшін жауап беруі тиіс деді.

"Бүгін таңертең еліміз қайғымен және ашумен оянды, өйткені тағы бір қара америкалық артық күш қолданудың құрбаны болды" деді ол.

24-27 тамыз күндері Республикалық партияның президент сайлауы алдындағы съезі өтіп, Кеношадағы қатыгездік ондағы негізгі тақырыптардың біріне айналды.

АҚШ вице-президенті Майк Пенс 26 тамызда күні съезге жиналғандар алдында сөз алып, АҚШ президент Дональд Трамп екеуі қайта сайланса, "ел көшелерінде кез келген нәсілдегі, сенімдегі және түстегі америкалық үшін тәртіп болатынын" айтты.

СПОРТШЫЛАР ДА НАРАЗЫ

Milwaukee Bucks командасының баскетболшылары Кеношадағы оқиғаға наразылық ретінде Orlando Magic командасына қарсы ойынға шықпай қойды.

"Кейінгі күндері штатымыз Висконсинде полицияның Джейкоб Блейктің арқасына жеті рет оқ атқанын, наразыларға оқ атқанның жантүршігерлік видеоларын көрдік. Өзгеріске қанша шақырсақ та, ешқандай әрекет жасалмады, мұндайда біз баскетболға ден қоя алмаймыз" деді Milwaukee Bucks ойыншысы Стерлинг Браун.

Клуб иелері ойыншыларының шешімін қолдап, артынан өзге клубтардың ойыншылары да бойкотқа қосылды. Ұлттық футбол лигасы (NFL) мен Бас футбол лигасының (MLS) командалары да Блейктің оққа ұшуына наразылық білдіріп, бірқатар ойынды кейінге қалдырды.

Осы наразылықтан соң Нью-Йоркте өтіп жатқан теннис турнирінің 27 тамызға жоспарланған матчтары болмады. Жартылай финалға шыққан жапониялық теннисші Наоми Осака (әкесі гаитилік, шешесі жапон) кортқа шығудан бас тартты. Кейін ұйымдастырушылармен келіссөзден кейін ол жарысқа қайта оралды. Бұл жарыс 28 тамызда жалғасуы тиіс.

БЛЕЙК – ПОЛИЦИЯДАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЛҒАШҚЫ АФРОАМЕРИКАЛЫҚ ЕМЕС

Осыдан үш ай бұрын, 25 мамырда Флорида штатының Миннеаполис қаласында ақ нәсілді полиция қызметкері Дерек Шовин 46 жастағы афроамерикалық Джордж Флойдтың мойнына тізерлеп отырып, қылқындырып өлтірген. Флойд өлер алдында ауа жетпей жатқанын айтып, бірнеше рет ескерткен. Бірақ Шовин бұл ескертудің бәрін елеусіз қалдырған. Оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тез тарап, арты бүкіл елдегі наразылық қозғалысына әкелді. АҚШ-тың жүздеген қаласында жаппай шеру өтіп, оған жиналғандар "қаралардың өмірі құнды" (Black Lives Matter) деп ұрандатты.

Олар елде полиция қызметкерлерге афроамерикалықтарға қарсы жиі орынсыз күш қолданып, оқ ататын айтып, өзгеріс жасауға шақырды. Саясаткерлер полиция қызметін реформалауға шақырып, бюджетті қысқартуды талап етті. Наразылық ушығып, қарсылық акциялары қатты тарай бастағанда АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон қаласына Ұлттық гвардияның мыңдаған сарбазын кіргізді.

Президент сайлауы өткелі отырған АҚШ-та полиция реформасы негізгі тақырыптардың бірі болып отыр.

Кейінгі жылдары қара нәсілді америкалықтардың полиция қолынан қаза табуы не ауыр жаралануы жиі кездеседі. Белсенділер мұны нәсілшілдікпен байланыстырып, полицияның қара нәсілділерге келгенде әсіре қатыгездік танытанын айтады. Осындай оқиғалар жиі қайталанған соң АҚШ-та "Қара нәсілділердің өмірі құнды" дейтін қозғалыс пайда болып, қара нәсілділер негізсіз зардап шекті деген оқиғалардың бәрінде осы қозғалыстың атымен ұран айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG