Accessibility links

АҚШ-тағы жағдай неге ушықты? Нәсілшілдікке қарсы бүлік жиі бола ма?


Миннеаполистегі наразылық. 31 мамыр 2020 жыл.
Миннеаполистегі наразылық. 31 мамыр 2020 жыл.

АҚШ-та нәсілдік дискриминацияға қарсы кейінгі бірнеше жылдағы ең көлемді наразылық жалғасып жатыр. Қарусыз афроамерикалық жігіттің ақ нәсілді полиция офицері ұстаған соң көп ұзамай қаза болуы мұқым елді дүр сілкіндірді. АҚШ-тағы наразылыққа не себеп?

Миннеаполистегі полиция офицері көшеде Джордж Флойдты жерге жатқызып, желке тұсынан тізесімен 9 минутқа жуық басып тұрып, тұншықтырып өлтірді. Қолдан жасалған 20 доллар банкнотты сатты деп айыпталған Флойд дем жетпей жатқанын жанұшыра қайталаған.

Жақын маңда жүрген бірнеше адам Флойдты азаптау сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жіберді. Алдымен Миннеаполисте басталған бүлік артынша бүкіл ел аумағына таралды.

Видео: Афроамерикалықтың өлімі мыңдаған адамды көшеге шығарды

Афроамерикалықтың өлімі мыңдаған адамды көшеге шығарды. АҚШ-та не болып жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00

АҚШ-тың 140 қаласында наразылық шеруі болды. Кейбір шерулер зорлық-зомбылыққа ұласып, дүние-мүлік қиратылды, сондықтан кейбір штаттар ұлттық гвардияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.

ЖАҒДАЙДЫҢ УШЫҒУЫНА НЕ СЕБЕП?

Афроамерикалықтар құқық қорғау органдарының әділетсіздігін бұрыннан айтып келеді. Олардың сөзінше, полицейлер адамдарды нәсілдік тұрғыда алалайды, яғни көшеде адамды тоқтатқанда оның түсіне, этносына, дініне не жынысына көп мән береді.

Америка халқының 13 пайызы қара нәсілді. Ал түрмеде отырғандардың 60 пайызы – солар. Бұған қоса олар ақ нәсілділерге қарағанда полицейлердің қолынан анағұрлым көп өледі.

Washington Post басылымының зерттеуінше, АҚШ полицейлерінің қолынан қаза табатындардың 26 пайызы – қара нәсілді. Полиция қолынан оққа ұшатын қарусыз адамдардың үштен бірі – афроамерикалық.

Әділет департаментінің қоғамдық қызмет бөлімінің экс-қызметкері, бұрынғы полиция офицері Рональд Дэвис АҚШ конгресіндегі жиында «мұншама қара нәсілдінің полиция қолынан мерт болуы кездейсоқ емес» деді.

Наразылардың бірі Джордж Флойдтың суретін ұстап тұр. 28 мамыр 2020 жыл.
Наразылардың бірі Джордж Флойдтың суретін ұстап тұр. 28 мамыр 2020 жыл.

«Заңды ма, жоқ па, ол бөлек әңгіме, осы өлімнің бәрі біржақтылықтан, біздің қоғамның қаралардан қорқатынынан, нәсілшілдіктен не осылардың қосындысынан болып жатқан жоқ па?» деді ол қыркүйекте тыңдаудың алдында жасаған мәлімдемесінде.

КІСІ ӨЛТІРГЕН ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ НЕ БОЛДЫ?

Видеоайғақтар айыбын дәлелдеп тұрса да, қара нәсілді күдіктілерді өлтірген ақ нәсілді полицейлер кісі өлтірді, шектен тыс күш қолданды деп айыпталмастан, жазадан құтылып жатады. Бұл қоғамда АҚШ-тың әділет жүйесі сыңаржақ деген пікір қалыптастырған.

Қыркүйекте конгресте өткен полицияға қатысты тыңдауда Нью-Йорктен сайланған демократ конгрессмен Джерри Надлер «Мұндай кісі өлтірудің жиі болуы, кінәлі адамдардың толық жауапқа тартылмауы афроамерикалықтарға «қаралардың өмірі көк тиын» деген месседж жолдайды» деді.

Надлер айтқан бұл тіркесті 2013 жылы Флоридада болған қанды оқиғадан соң құрылған қозғалыс мүшелері қолданған еді. Сол жолы 17 жастағы қара нәсілді жігітті өлтірген полицей кінәсіз деп танылған. 28 жастағы полицей Джордж Зиммерман атып өлтірген Трейвон Мартиннің қолында қару болмаған. Зиммерманның айтуынша, ол оқ ату арқылы қорғанған. Зиммерманды кінәсіз деп тапқан сот шешімі Black Lives Matter (Қаралардың өмірі құнды) деген қозғалыстың құрылуына түрткі болды, бұл қозғалыс полицияның кісі өлтіруіне, жалпы полицияның саясатына қарсы наразылыққа елеулі үлес қосты.

НАРАЗЫЛЫҚ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖИІ БОЛАДЫ?

2014-16 жылдар аралығында АҚШ полицейінің қолынан бірнеше қарусыз қара нәсілдінің оққа ұшуы полицияға қарсы наразылықты күшейтіп, мұның соңы қарсылық шараларына ұласты, кейбіреулері қақтығысқа айналып жатты. Флойдтың оқиғасы сияқты кейбір кісі өлтіру оқиғалары видеотаспаға түсіп, елге тарап кетті.

2014 жылы шілдеде Нью-Йорктың ақ нәсілді полицейі қара нәсілді Эрик Гарнерді заңсыз темекі сатты деген күдікпен тоқтатқан. Тәртіп сақшылары қарусыз жігіттің қолын артына қайырып байлап, жерге жатқызған. Көшедегі жұрт көріністі видеоға түсірген.

Полицейлердің бірі 43 жастағы афроамерикалықты қылғындыра құшақтап алады. Тұншыққанын қайта-қайта айтқан Гарнер артынша тілге келместен көз жұмады. Алайда қылғындырған офицер кінәсіз деп танылады.

Гарнердің қазасынан бір ай өткенде Миссури штатындағы Фергюсон қаласының полицейі Майкл Браун есімді қара нәсілді бозбаланы атып өлтірді. Тәртіп сақшысы атқанда Браунның қолында ешқандай қару болмаған, ал полицей қорғаныс мақсатында оқ аттым деген. Кейін ол да кінәсіз деп танылып, жазадан құтылды.

«Өкінішке қарай, ақтан өзге нәсіл өкілдері құқық қорғау органдары күнделікті өміріне қауіп төндіреді деп санайтыны рас. Бұл көзқарастың орныққанына өте көп болды. Бұл тіпті 1992 жылғы Лон-Анджелес бүлігінен де, 1965 жылғы Уоттс қақтығысынан да бұрын қалыптасқан» дейді Надлер.

МҰНДАЙ БҮЛІКТЕР ҚАШАННАН БЕРІ БОЛЫП КЕЛЕДІ?

1960 жылдары афроамерикалықтарды тұтқындаудан соң нәсілшілдікке қарсы бүлік жиі болды. Сол кезде бұл наразылықтың себеп-салдарын зерттеп, мәселенің шешімін ұсынатын бірнеше комиссия да құрылған.

1965 жылы тамызда 21 жастағы қара нәсілді жігіт Лос-Анджелес маңындағы Уоттс қаласында көлікті дұрыс жүргізбегені үшін ұсталған. Оның полицеймен төбелесі сол маңайдағы афроамерикалықтардың ашу-ызасын туғызды. Әділетсіздікке, полицияның қатыгездігі мен өмір сапасының нашарлығына налыған мыңдаған адам көшеге шығып, соңы алты күндік бүлікке ұласқан. Осы оқиғадан 34 адам қаза тауып, жүздеген ғимарат бүлінген.

Полиция наразылар алдында тізе бүгіп тұр. Атланта, 1 маусым 2020 жыл.
Полиция наразылар алдында тізе бүгіп тұр. Атланта, 1 маусым 2020 жыл.

Арада екі жыл өткенде Нью-Джерсидегі Ньюарк қаласында және Мичиган штатындағы Детройт қаласында афроамерикалықтар тұратын аудандарда тағы ірі қақтығыстар бұрқ етті. Онда да көбіне ақтардан тұратын полицейлердің қара нәсілді адамдары тұтқындауы наразылыққа түрткі болған. Ньюаркта қара жүргізушіні тұтқындап, ұрып-соғу оқиғасы бықсып жатқан нәсілдік отты тұтатып жіберді.

Осы үш оқиғада да бүлікті басу үшін билік ұлттық гвардияны шақыруға мәжбүр болды.

Детройттағы бүліктің себептерін анықтау мақсатында құрылған Кернер комиссиясы АҚШ «бірі қара, бірі ақ нәсілден құралған, бірақ бір-бірінен бөлек әрі өзара теңсіз екі қоғамға қарай беттеп бара жатыр» деген қорытынды жасаған.

Комиссияның мәлімдеуінше, афроамерикалықтарды дискриминациялау, оларды кедей қауымдастықтарға бөліп тастау Америка өміріне дендеп енгені сондай, бұл болашақта «әрбір америкалықтың өміріне қауіп төндіреді».

Ақ нәсілді төрт полицейдің афроамерикалық Родни Кингті жерге жатқызып, резеңке таяқпен кезек-кезек төмпештегенін куәгер видеоға түсіріп алмағанда АҚШ-тың қазіргі тарихындағы ең ауыр бүлік – Лос-Анджелестегі 1992 жылғы наразылық болмас па еді.

Офицерлер Кингті көлікпен қуып келіп ұстаған. Жақын маңда тұратын бір адам полицейлерге және Кингтің өзіне байқатпай, көріністі видеоға түсіріп алады. Полицейдің ұсталған адамды ұрып-соғуы, одан кейінгі болған оқиғалар ұлттық деңгейдегі үлкен оқиғаға айналып, полицияның қара нәсілділерге қатаң қарауы туралы пікірталасты қайта өрбітті.

Полицейлер қатыгездікке барған жоқ деген шешім Лос-Анджелестің қара нәсілді тұрғындарын қатты ашуландырып, көшеге алып шықты. Наразы халық бірнеше күн бойы бүлік шығарып, ондаған адам қаза тапты.

ҚАЗІРГІ НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ БҰРЫНҒЫ ОҚИҒАЛАРДАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Бруклин колледжіндегі әлеуметтану профессоры әрі «Полиция және әлеуметтік әділдік» жобасының үйлестірушісі Алекс Виталенің айтуынша, 2010 жылдармен салыстырғанда қазір тәртіп сақшыларымен қақтығыс жиі болып жатыр.

«Сондықтан халық «билік полицияны жақсарту уәдесін орындамай отыр» дейді. АҚШ құқық қорғау органдары афроамерикалықтарға бұрынғыдай тым қатал қарайды әрі оларды кішігірім тәртіп бұзғаны үшін тұтқындайды, көбіне оларды бұлай тұтқындаудың қажеті де жоқ» деді Витале Азаттыққа берген сұхбатында.

«Меніңше, бес жылдан бері айтылып келе жатқан «уайымдамаңдар, біз тренинг бағдарламалары және полицейлердің басқосулары арқылы бұл проблеманы шешеміз» деген әңгіме жұрттың ашулануына түрткі болды, ештеңе жақсарған жоқ. Полицейлердің адам өлтіруі азаймады, мардымсыз қылмысы үшін тұтқындау көрсеткіші төмендемеді» дейді сарапшы.

БҮЛІККЕ КОРОНАВИРУС ӘСЕР ЕТТІ МЕ?

COVID-19 індетінің афроамерикалық қауымға әсер еткені анық. Ресми деректерге қарағанда, қара нәсілділер ақтарға қарағанда көп ауырды және дерттен көп көз жұмды.

Брукингс институтының ғылыми қызметкері Рашон Рейдің айтуынша, адам тығыз қоныстанған жерде тұру және медицина қызметінің нашарлығы проблеманың басты себебі болған.

Оның үстіне, қара нәсілділер көбіне арақашықтық сақталмайтын жұмыстарда істейді. Сондықтан оларға вирус жұқтыру қаупі жоғары.

Дегенмен, Виталенің айтуынша, COVID-19 халықты көшеге алып шықты деп тұжырым жасау әлі ерте.

Оның сөзінше, әлеуметтік теңсіздік – мәселенің түпкі себебі, саяси топтардың ешқайсысы бұл мәселені шеше алмай отыр.

«Біз кедейлік қамытын киген миллиондаған адамды түрмеге тоғытып, сотқа сүйрейміз, ал олар өздерін қылмыскер атандырғанына налиды. Содан соң қарсыласады. Эрик Гарнер қарсыласты, Флойд қарсыласты. Бұл – заңдылық. Содан соң полиция қарсылықпен күрескенде жағдай ушыға түседі» дейді Витале.

ЖҰРТТЫҢ АШУЫНА ТИГЕН БАСҚАДА НӘСІЛШІЛДІК ОҚИҒАЛАРЫ БОЛДЫ МА?

Нәсілдік шиеленістің көзге көрінбес қазаны мамырдың басында-ақ бұрқылдап жатқан. Айдың басында елдегі нәсілдік жағдайды ушықтырған екі бірдей оқиға болды. Мамырдың 5-інде Джорджияның ақтар тұратын ауданында жүгіріп жүрген қара нәсілді жігітті ақ нәсілді қарулы екі жігіттің қуалаған видеосы жарияланды.

Зейнеттегі полицей Грегори Макмайкл мен оның ұлы, жергілікті прокуратураның тергеушісі Трэвис Макмайкл ақпанның 23-інде сол маңда болған екі ұрлыққа қатысы бар болуы мүмкін деп, күндіз көшеде жүгіріп бара жатқан 25 жастағы Ахмад Арбериді ұстайды. Трэвис Макмайкл Арберимен төбелесіп, оған оқ атады, жас жігіт сол оқтан жантәсілім етеді.

Арберидің отбасын қорғаған адвокат Ли Мериттің айтуынша, ақ нәсілділер марқұм болған жігітті «тек қара нәсілді болғаны үшін ғана» қуған. Видео жергілікті халықтың наразылығын туғызып, ақырында ұлттық деңгейге дейін көтерілді.

Атақты баскетболшы Леброн Джеймс мамырдың 6-сы күні Twitter парақшасында «Шын мәнінде біз үйіміздің табалдырығын аттап шыққан сәттен бастап, күн сайын, сәт сайын осындай шабуылға ұшыраймыз! Мен тіпті көшеде жүгіре де алмаймын!» деп жазды.

Оқиғаның жай-жапсары белгілі болғанымен, әкелі-балалы Макмайклдар тек видеожазба жарияланғаннан соң ғана қылмысты ауырлататын мән-жайлармен кісі өлтірді деп айыпталып, қамалды.

Әділет департаменті қазір жергілікті органдардың оқиғаны қалай тергегенін зерттеп жатыр.

Қара нәсілді америкалықтарды қатты ашуландырған тағы бір оқиғада афроамерикалық Кристиан Купер есімді жігіт орталық саябақта итімен серуендеп жүрген ақ нәсілді әйелден заңға сәйкес итіне қарғыбау байлауды өтінген. Әңгіме ұрыс-керіске айналып, әлгі әйел өзін «афроамерикалықтың қорқытып жатқанын» айтып, полицияға хабарласқан.

Саябақта құстарды қарап жүрген Купер екеуара әңгімені видеоға жазып алады, ал қарындасы оны әлеуметтік желіге шығарады. Бұл таспадан афроамерикалықтардың тек терісінің түсіне бола оп-оңай қылмыскерге айналып шыға келетінін аңғаруға болады. Видео интернетте жылдам тарап, аз уақытта 40 миллион рет көрілді.

МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ҮШІН ҮКІМЕТ НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?

Конгресс полицияның құқық қорғау мақсатында шешім қабылдағанда адамның нәсіліне, этносына, ұлттық тегіне, дініне не жынысына сүйенуін шектеу қоятын «Нәсілдік алалауды тоқтату» актісін қарап жатыр. Сондай-ақ олар нәсілдік алалау мәселелері бойынша дәріс ұйымдастыруды ұсынады.

Былтыр қыркүйекте Конгресс құқық қорғау органдары мен афроамерикалықтардың арасында сенімді күшейтіп, полицейлердің қарусыз қара нәсілді адамдарды өлтіруіне тосқауыл қоюдың жолдарын анықтау үшін түрлі сарапшыларды шақырып, тыңдау өткізді.

Тыңдаудың алдында баяндамасын жазбаша түрде ұсынған әділет департаментінің қоғаммен қызмет бөлімінің бұрынғы қызметкері, бұрынғы полиция офицері Рональд Дэвис сыңаржақтыққа қатысты тренинг өткізіп қана мәселені шешу мүмкін емес деді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының жұмысын түбірімен өзгерту керек.

30 жылдай полиция офицері болып жұмыс істеген қара нәсілді Дэвистің айтуынша, АҚШ полициясы 1950-60 жылдары нәсілдік тұрғыда әзірленген жүйе мен тәртіп негізінде жұмыс істейді. АҚШ әлі де ақтан басқа нәсіл өкілдерін қатаң жазалайды, есірткіге тәуелді болғаны үшін ұзақ жылға бас бостандығынан айыру әрекеті қара нәсілділер қоғамын талқандап жатыр.

«Құқық қорғау саласында шынайы да тұрақты реформа жүргізгіміз келсе, полициядан гөрі тәртіп сақтау жүйесіне назар салуымыз керек. Басқаша айтсақ, мәселе сасыған бір-екі алмада емес, жәшіктің өзі шіріген» деді ол.

Америка неге бүлінді? Мичигандағы қазақ журналисімен сұхбат

Америка неге бүлінді? Мичигандағы қазақ журналисімен сұхбат
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:40 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG