Франция радикалды идеялар таратқан 14 шетел азаматын елден шығарды. Елдің ішкі істер министрі Жеральд Дарманен 30 қазанда осылай деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта тағы 18 адам елден депортацияланады.
Осыған дейін ішкі істер министрлігі радикалды идея таратты деген күдікке ілінген 4 мыңнан астам шетел азаматы полиция бақылауында екенін айтқан. Билік 200-ден астамын елден шығаруды жоспарлап отыр.
Дарманеннің айтуынша, 29 қазанда Ницца қаласында үш адамды өлтірген Тунистен келген ер адам осыған дейін француз құқық қорғау органдарының назарына ілінбеген және биліктен босқын мәртебесін де сұрамаған. AFP агенттігінің жазуынша, ол қыркүйек айының соңында Италияға теңіз арқылы жеткен. Қазан айында Италия билігі оны елден шығаруға тырысқаннан кейін Францияға барған.
29 қазанда Авиньонда да шабуыл болды. Пышағы бар ер адам өтіп бара жатқан жолаушылар мен полицейлерге қоқан-лоқы көрсеткен. Ол ұстау кезінде атып өлтірілген.
16 қазанда Париж іргесінде 47 жастағы мектеп мұғалімі Самюэль Пати кісі қолынан қаза тапты. Ол қазасынан біраз уақыт бұрын сөз бостандығы туралы талқылау кезінде оқушыларына Charlie Hebdo сатиралық басылымының Мұхаммед пайғамбар туралы карикатурасын көрсеткен. Осыдан кейін қоқан-лоқы көре бастаған мұғалім ақыры Мәскеуде туған, 18 жастағы этникалық шешен Абдулах Анзоровтың құрбанына айналды. Анзоров мұғалімді пайғамдардың ар-намысына тигені үшін "дарға асқанын" айтқан.
Осыдан соң Франция президенті Эммануэль Макрон шабуылды "исламистер терактісі" деп атап, зайырлы қоғам құндылықтарын қорғауға шақырған. Макрон мәлімдемесі бірқатар мұсылман елдерінде наразылық туғызды.
ПІКІРЛЕР