Азат Еуропа/Азаттық радиосы президентінің міндетін атқарушы Дэйзи Синделар Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хат жолдап, Азаттық радиосы Қазақ қызметінің екі журналисі Санат Орынәлиев пен Мария Мельниковаға екінші рет аккредитация берілмегеніне алаңдаушылық білдірді. Синделар министрліктен Азаттық радиосының екі тілшісіне тез арада аккредитация беруді сұрады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі былтырдан бері Азаттықтың тілшілері Орынәлиев пен Мельниковаға ел ішінде ақпарат таратуға рұқсат ететін аккредитация бермей отыр. Министрліктің аккредитация бермегені туралы екінші шешімі 16 наурызда шыққанымен, Азаттық радиосы ресми хатты биыл 29 қыркүйекте алды. Бұдан бұрын министрлік Орынәлиев пен Мельниковаға аккредитация бермеу туралы бірінші шешімін 2019 жылы 1 қарашада шығарған, бірақ Азаттық радиосы хатты 2020 жылы 5 ақпанда алған еді.
"Бұл шешімді ақтап алуға ешқандай негіз жоқ. Конкурстарда жеңімпаз атанған журналист Санат Орынәлиев бізде 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді және бұған дейін аккредитацияны еш кедергісіз алып жүрген. Ал Қазақстанның батыс аймағындағы маңызды оқиғалардан хабар таратып көзге түскен Мария Мельникова Азаттық радиосына 2019 жылы қазанда жұмысқа алынған" деп жазды Синделар министрлікке хатында.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың екі тілшісіне аккредитация бермеуді "Санат Орынәлиев пен Мария Мельникова аккредитация алмай тұрып-ақ Азаттық радиосында жұмыс істеген" деп түсіндіреді.
"Бірақ бұл шешім бұған дейінгі ережеден бас тартқандай көрінеді. Әдетте Азаттық тілшілері аккредитацияға өтініштері қаралып жатқанда жұмыс істеп жүретін. Біздің бірнеше тілшіміз жұмыс істеп жүріп, аккредитация алды. Қазақстанның БАҚ туралы заңы мен актілерінде журналист аккредитацияға өтініші қаралып жатқанда жұмыс істей алмайды деген ереже жоқ. Сондықтан біз екі журналиске аккредитация берілмегенін қолдан ұйымдастырылған және негізсіз деп санаймыз. Бұл – Қазақстан үкіметінің Азаттық радиосы тілшілеріне қатысты заңға қайшы бірінші әрекеті емес" деді Синделар хатында.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы компаниясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен Санат Орынәлиев пен Мария Мельниковаға тез арада аккредитация беруді сұрап, кәсіби журналистерге қолдауды дәлелдейтін нақты қадамдар қабылдауға шақырды.
Қазақстан заңына сай, шетелдік медиа компанияларда жұмыс істейтін журналистер сыртқы істер министрлігінен рұқсат ретінде аккредитация алуы тиіс.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі 2019 жылы маусымда кезектен тыс президент сайлау қарсаңында Азаттық радиосының Қырғыз және Тәжік қызметінің, Настоящее время телеарнасының жеті тілшісіне сайлаудан хабар таратуға аккредитация бермей қойған. Азат Еуропа/Азаттық радиосы бұл әрекетті "журналистер жұмысына тікелей кедергі келтіру" деп атаған.
- Азаттық – Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі. Мемлекеттік БАҚ-тың жазуына тыйым салынған я билік басылымдары жазғысы келмейтін хабарларды қазақ және орыс тілдерінде тарататын ақпарат құралы.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы – негізгі кеңесі Чехияның Прага қаласында орналасқан медиа компания. Сөз бостандығы шектелген 23 елде 27 тілде хабар таратады. Медиакорпорация АҚШ Конргесінің грантымен қаржыландырылады. Бюджеті USAGM арқылы бөлінеді.
ПІКІРЛЕР