Accessibility links

АЕ/АР журналистерге қысымды сынап, билікті Азаттық тілшілеріне аккредитация беруге шақырды


Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке наразылық шеруі өтіп жатқан жерде хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы (ортада) полицияның ұстаған сәті. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке наразылық шеруі өтіп жатқан жерде хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы (ортада) полицияның ұстаған сәті. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясы Азаттық тілшілеріне аккредитация бермей отырған Қазақстан үкіметін сынап, биліктің бұл ісін соңғы кезде журналистердің жұмысына жасалып жатқан кедергілердің жалғасы деп атады.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясы президенті Джейми Флай ақпанның 19-ы күні Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге жолдаған хатында Азаттық тілшілеріне "еш негізсіз" құжат берілмей отырғанын сынады. Флай мұны халық арасында Азаттық радиосы деген атпен танымал АЕ/АР-дың Қазақ қызметінің "журналистеріне қарсы биліктің кезекті заңсыз әрекеті" деп атады. Аккредитация ала алмаған тілшілердің бірі Санат Орын-Әли – халықаралық деңгейде танылған журналист, Азаттықпен 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді деп жазған Флай.

Қазақстанның кейбір ұлттық заң талаптары мен халықаралық міндеттемелерді орындамай отырғанын атап көрсеткен Флай 2019 жылы маусым айында кезектен тыс өткен президент сайлауы қарсаңында сыртқы істер министрлігінің "Настоящее время" телеарнасы мен Азаттықтың Қырғыз және Тәжік қызметтерінің жеті тілшісіне сайлау кезінде жұмыс істеуіне рұқсат бермей қойғанын еске салды. Ресми Нұр-Сұлтанға хатында АЕ/АР медиакорпорациясы тілшілерінің ел ішінде жұмыс істеуіне рұқсат бермеу – Азаттықтың Қазақстан халқын "қоғамдық аса маңызды оқиғалардан" хабардар ету миссиясына тікелей кедергі қою деп жазылған.

Флай 2019 жылы Қазақ қызметінің тілшілеріне жасалған бірнеше шабуыл АЕ-АР-дың Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңсесіне, бас прокурор мен өзге де министрлерге шағымдануына жетерліктей негіз болғанын айтқан. Үкіметке жолданған хатқа арандатушылардың Азаттық тілшілеріне шабуылдағаны, полицияның журналистерді күштеп ұстағаны және биліктің тілшілер жұмысына кедергі келтіргені жайлы құжаттар тіркелген.

Видео: Азаттық журналистеріне кедергі көбейген жыл

Азаттық журналистеріне кедергі көбейген жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:43 0:00

Хат авторы сонымен бірге тілшілерге шабуылды тергеуге полицияның әрекет жасамай отырғанын сынайды. Хатта полиция қызметкерлерінің бетіне маска киіп, қолшатыр ұстаған арандатушыларды көрсе де, ол туралы журналистердің шағымын елемей қойғаны айтылған. Азаттықтың шағымы жауапсыз қалды.

Қазақ үкіметінің АЕ/АР тілшілеріне аккредитация бермеуі Тәжікстан билігінің медиакомпанияның қызметіне бюрократиялық рәсімдерді пайдаланып кедергі келтіруімен тұспа-тұс келіп отыр. Тәжік қызметінің жеті тілшісі мен қызметкері аккредитация алуға өтініш бергенімен, ұзақ уақыттан бері ресми Тәжістан аумағында жұмыс істеуге биліктен рұқсат ала алмай отыр. 11 тілші "жартылай" аккредитациядан өтті: заңға қайшы екеніне қарамастан билік оларға үш және алты ай мерзімге аккредитация берді. Жергілікті заң бойынша, рұқсат бір жылға берілуі тиіс.

Флай Қазақстан сыртқы істер министрлігін АЕ/АР-дың Қазақ қызметінің тілшілеріне дереу аккредитация беруге шақырып, Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді орындау туралы уәдесін еске салған. "Біздің тілшілеріміз Қазақстан қоғамына қауіпсіз, кедергісіз және қорықпай ақпарат таратуға мүмкіндік алуы тиіс" делінген хатта.

Азаттық радиосы деген атпен белгілі АЕ/АР-дың Қазақ қызметі Қазақстан халқына ел ішінде және әлемде болып жатқан аса маңызды мәселелер жайлы еркін ақпарат жеткізіп, идеялардың алмасуын қамтамасыз етеді. 2019 жылы azattyq.org сайтына кірген оқырман саны 27,8 миллионға жетті, сайттағы көрілім саны 42.6 миллионнан асты. Азаттықтың Youtube-тағы парағына - 764 мыңнан астам, Instagram-парағына 413 мың қолданушы жазылған.

ТІЛШІЛЕРГЕ ШАБУЫЛ МЕН НӘТИЖЕСІЗ "ТЕРГЕУ"

Биыл қаңтар айының соңында құқық қорғаушы Евгений Жовтис, адвокат Айман Омарова, адвокат Инара Масанова және құқық қорғаушы Гүлмира Қуатбекова Қазақстан билігінің өткен жылы журналистерге жасалған шабуылды (олардың арасында Азаттық тілшілері де бар) тергеу ісін сиырқұйымшаққа салып отырғанын сынаған еді.

Олар журналистерге шабуылдан кейін жарты жылдан астам уақыт өтсе де, тергеу ісі мүлде жылжымай қойғанын айтқан. Билік тілшілерге шабуылға байланысты қозғалған істегі "Өзінше билік ету" бабын "Журналистердің жұмысына топ болып кедергі жасау" бабына өзгертуді сұрап берген адвокаттардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

2019 жылы шілденің 22-сі күні Қазақстандық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның Алматыдағы кеңсесінде өтуі тиіс болған баспасөз мәслихатынан хабар дайындауға барған Азаттық тілшілері мен өзге де басылым журналистеріне және бюро қызметкерлеріне жиырмаға жуық әйел шабуылдаған еді. Олар журналистерге қол жұмсап, тілшілердің кәсіби техникасын сындырды.

Видео: Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:42 0:00

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар тілшілерге шабуылды айыптап, Қазақстан билігін бұл оқиғаны мұқият тергеуге шақырды. Кей сарапшылар "оқиға алдын ала жоспарланған" деп тұжырым жасаған. Бірақ билік мұны жоққа шығарып, Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тілшілерге шабуылды "екі тараптың жанжалы" деп атаған.

Журналистерге жасалған шабуылдан соң, 2019 жылдың шілде айында үкіметте өткен жиыннан кейін Азаттық сұрағына жауап берген Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистерді "арыз жазуға" шақырып, істі "соңына дейін жеткізуге" уәде берген. Бірақ журналистер арыз жазғанымен, ешқандай нәтиже болмады.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы биыл қаңтардың 15-і күні жариялаған есебінде Қазақстанда биліктің адам құқықтары жағдайын жақсарту туралы уәдесіне қарамастан, елеулі өзгеріс байқалмайтынын мәлімдеген.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы жыл сайын жариялайтын "Баспасөз еркіндігінің бүкіләлемдік индексінде" Қазақстан өткен жылы 158-орынға тұрақтаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG