Accessibility links

Қазақстанда өткен тәулікте 442 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды


Коронавирус жұққан науқасқа дәрі егіп жатқан медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұққан науқасқа дәрі егіп жатқан медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

1 қараша күні Қазақстанда 442 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Олардың бәрінде ПТР тестінің нәтижесі оң шыққан. Инфекция жұқтырғандардың жартысына жуығы Шығыс Қазақстан облысының үлесінде. Мұнда жексенбі күні 245 адамнан коронавирус анықталған.

Солтүстік Қазақстан облысында - 35, Павлодар облысында - 30, Нұр-Сұлтан қаласында 28 науқас тіркелді. Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында бірде-бір науқас анықталмаған.

Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында науқастар санының күрт көбеюінің себебін түсіндірген жергілікті денсаулық сақтау басқармасы оған жұрттың санитарлық талаптарды сақтамауы, облыс аумағында ары-бері жүрген жолаушылардың көптігі себеп болып отыр деп мәлімдеген.

Елде вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқастар саны 112 860 болды: 106 мыңнан астамы жазылған, 1852-і қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

Коронавирус жөніндегі ұлттық статистика 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 1 тамыздан бері 38 мыңға жуық адамнан анықталған, 402 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегенің аймақ бойынша бөлінісін жүйелі түрде жарияламайды.

Джонс Хопкинс университеті секілді көптеген әлемдік ұйымдар мен дереккөздер Қазақстанның дерегін ПТР тестімен расталған науқастарға ғана сүйеніп беріп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан билігі біріктірмеген екі деректі қосып жариялап жүр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққанда 112 860 емес 150 822 болушы еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясына да Covid кодын тағайындады. ПТР тестімен расталған науқасқа U07.01 коды тағайындалса, ПТР тестімен расталмаған коронавирус науқасына U07.02 коды тағайындалады. ДДСҰ кодтары әртүрлі болғанымен екеуінің бір ауру екенін мәлімдейді. Қазақстан коронавирус пневмониясы дерегін жүргізу жоспарын жариялағанда, оның дерегін Covid жөніндегі ұлттық статистикаға біріктіретінін айтқан. Бірақ 2 тамызда статистиканың біріктірілмейтіні белгілі болды.

Қазақстанның көршісі Қырғызстан 17 шілдеден бастап ПТР тестімен расталған науқастар мен ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы науқастарының дерегін біріктіріп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG