Молдовада сайлау учаскелері хаттамаларының 90 пайыздан астамы саналғаннан кейін ресейшіл кандидат Игорь Додон мен еуропашыл бәсекелесі Майя Санду арасында сайлаудың екінші туры өтетіні белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Додон сайлаушылардың 32,7 пайыз дауысын алған, ал Сандуға 36 пайызы дауыс берген.
2016 жылғы президент сайлауында Додон Сандудан бірнеше пайыз артық дауыс жинап, жеңіске жеткен еді.
Сайлаудың екінші туры 15 қарашада өтуі тиіс.
ОСК мәліметінше, сайлауға сайлаушылардың 43 пайызға жуығы дауыс берген. Сайлаушылардың үштен бірі дауыс бергендіктен сайлау өтті деп есептелді.
Жексенбі күні Молдовада - 2 мыңнан астам, шетелде 140 сайлау учаскесі жұмыс істеген.
Былтыр Додон маусым айынан қарашаға дейін үкіметке жетекшілік еткен Сандуды парламенттегі жақтастарының көмегімен премьер-министр қызметінен ығыстырған. Ол кезде үкімет жетекшісі бас прокурорды өз бақылауына алғысы келген президентке кедергі жасауға тырысқан болатын.
3,5 млн халқы бар Молдова - Еуропадағы кедей елдердің бірі. Азаматтардың бір бөлігі Ресеймен жақын қарым-қатынасты қолдаса, қалған бөлігі Еуроодаққа жақын болуды қалайды.
Халықаралық республикалық институттың жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, молдовандардың 70 пайыздан астамы мемлекет "дұрыс бағытта жылжып бара жатқан жоқ" деп санайды. Тұрғындар бірінші кезекте жұмысыздық, жалақының төмендігі, басқару деңгейінің сапасы, коронавирус індеті сияқты мәселелерге алаңдап отыр.
ПІКІРЛЕР