Accessibility links

Оралда әйелін кепілге алған Исламғалиев 13 жылға бас бостандығынан айырылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

2 қарашада Батыс Қазақстан облысының ауданаралық соты "әйелін кепілге алды" деп айыпталған 42 жастағы Ерлан Исламғалиевті 13 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Исламғалиевке жалпы төрт бап бойынша айып тағылған: "Адамды кепілге алу", "Зорлау", "Жәбірлеу" және "Бопсалау". Негізінен "бопсалау" қылмысы үшін жаза берген.

- Аталған баптар бойынша, айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Сот жағдайды жеңілдететін немесе ауырлататын жайттарды ескере отырып, Исламғалиевке 13 жылға бас бостандықтан айыру жазасын тағайындады, жазаны қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді, - деді үкімді оқыған судья Шара Зайнуллина.

Осыған дейін прокурор айыпталушыға 13 жыл жаза беруді сұраған еді.

Судья моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық шағымды жартылай қанағаттандырған. Үкімге сәйкес, Ерлан Исламғалиев жәбірленуші тарапқа 10,5 млн теңге төлеуі тиіс.

- Осындай шешім шығарған судьяға ризамын. Әрине, бұдан да қатаңырақ үкім болса деп тілегенмін, - деді жәбірленуші Ираида Исламгалиева.

Жәбірленуші тарап үкімге апелляциялық шағым түсіре ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.

Бір жылдан бері тергеу изоляторында қамауда болған Ерлан Исламғалиев сотқа онлайн түрде қатысты. Үкім шыққаннан кейін ол "сотты сатып алған" деп айқайлады. Айыпталушының адвокаты Руслан Шағатаев Азаттық тілшісіне сот үкімімен келіспейтінін жеткізді. Ол үкімді апелляцияға беретінін айтты.

- Біздің ойымызша, сотқа қысым болған сияқты. Жәбірленуші әлеуметтік желіні пайдаланып, сот шешіміне ықпал еткен, себебі бірқатар мақалалар жарияланғаннан кейін соттағы жағдай күрт өзгерді, - деді Руслан Шағатаев.

"Ерлан Исламғалиев ісі" бойынша сот процесі 2,5 айға созылды. Оның алдында 10 ай бойы тергеу амалдары жүрді.

Былтыр қараша айында Ерлан Исламғалиев әйелі (қазір ажырасқан) жұмыс істейтін нотариалдық кеңсеге пышақ және жарылғыш зат алып кіріп, әйелін сонда шамамен 6 сағаттай ұстаған. Ер адаммен полицейлер, прокуратура қызметкерлері, психологтар келіссөз жүргізген. Келіссөз барысында Исламғалиев ұшақ, ірі көлемде қаржы мен көлік, пистолет әкелуді талап еткен.

Бірнеше сағат өткеннен кейін Ерлан Исламғалиев әйелін босатқан. Тергеу органдарының мәліметінше, кепілге алу кезінде сотталушы әйелді жарақаттап, зорлаған. Тергеу амалдары кезінде және сотта Исламғалиевтің Ираида Исламғалиева мен оның кішкентай ұлын жәбірлегені де дәлелденген. Іс материалдарына сәйкес, жәбірленуші зорлық-зомбылықтан кейін пәтерін сотталушының атына аударған.

Тергеу амалдары мен сот процесі жүріп жатқан кезде Ерлан Исламғалиев бұрынғы әйелі Ираида Исламғалиевтің үстінен полицияға ондаған арыз түсірген. Полиция жәбірленушінің үстінен бірнеше іс қозғаған. Кейінірек кейбірі жабылған. Алайда қазір Ираида Исламғалиеваға қатысты бірнеше іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті нақты қандай баптар бойынша іс қозғалғанын айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG