Accessibility links

Петропавл соты "ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталған белсенді Нұрбол Өнерханның бас бостандығын шектеді


Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан өзі жұмыс істеген Старобелка негізгі мектебінде. Петропавл қаласы Ғабит Мүсірепов ауданы Старобелка ауылы. 14 ақпан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан өзі жұмыс істеген Старобелка негізгі мектебінде. Петропавл қаласы Ғабит Мүсірепов ауданы Старобелка ауылы. 14 ақпан 2020 жыл.

2 қараша Петропавл қалалық соты "экстремистік деп танылған ұйым жұмысына араласты" деп айыпталған белсенді Нұрбол Өнерханға үкім шығарып, бір жылға бас бостандығын шектеді. Үкімге сай, екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналыса алмайды, БАҚ, интернетте жазба жариялауға, митингіге қатысуына тыйым салынды.

Судья Асем Жаналина "Өнерхан бір жыл пробациялық бақылауда болуы тиіс" деді.

Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде сабақ берген Өнерхан елде қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "идеологиялық және заңға қарсы әрекеттерін әлеуметтік желіде қолдады" және "Көше партиясы" қызметіне араласты" деп айыпталған.

Коронавирус індетіне байланысты сот онлайн өтті. Отырысқа Өнерхан, адвокаты, прокурор қатысты. Сот үкімі күшіне енген жоқ, тараптардың аппеляцияға беруге мүмкіндігі бар.

Петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерхан 2019 жылдың қазанынан бері Youtube желісінде канал ашып, билікті сынайтын видеолар жариялай бастаған. Ол Қазақстанда "диктаторлық жүйе орнағанын, биліктің саяси реформалар жүргізбей жатқанын" сынаған. Белсенді Конституциядағы адам құқығы туралы баптардың жұмыс істемейтінін айтып, Нұр-Сұлтанды түрмеде отырған белсенділерді босатуға шақырған. Бұған дейін белсенді"митингіге шақырғаны" үшін қамалып ұстаздық жұмысынан шығарылған, кейінірек әскерге де шақыртылған еді.

Петропавлдан 240 шақырым жердегі Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Бірлік ауылында тұратын 26 жастағы Нұрбол Өнерхан Азаттыққа берген сұхбаттың бірінде "ол ұйымның экстремистік деп жарияланғанын білемін. Бағдарламасын қолдаймын. Бірақ ол ұйымға мүше емеспін" деген болатын.

Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (ҚДТ) 2018 жылы наурызда Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы революциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

2020 жылы Нұр-Сұлтандағы сот "Көше партиясы" қозғалысын ҚДТ-мен қатысы бар деп бұл ұйымды да экстремистік деп танып, қызметін шектеген.

Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдайтындарды жиі қудалап, сотқа тартады. Әблязов пен қазақстандық құқық қорғаушылар билік әрекетінің саяси астары бар деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG